Қоғам

8 Наурызда бірінші кімді құттықтайсыз?

Тосын сұрақ

Халықаралық әйелдер мерекесін қыз-келіншектер айрықша күтетіні рас. Жыл айналып келетін мерекеде нәзікжандылар ерекше көңіл күйді, тосынсыйды қалайтыны бар. Олай болса, өз оқырмандарымыздың арасынан біз ер азаматтарға тосын сұрағымызды жолдадық. Сонымен, 8-наурызда ең алдымен кімді құттықтайсыз? Не сыйлайсыз?

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, Шымкент қаласындағы №41 мектептің тарих пәнінің мұғалімі:

«Алдымен екінші анам – енемді құттықтаймын»

– Анам тірі болғанда алдымен сыйлығымды алып сол кісіге барушы едім. Қазір 8 Наурызда алдымен енеме барып жүрмін. Қайыненеме көйлек әперемін. Сосын, әйеліме сыйлық ұсынамын. Өзге қыз-келіншектерді, құрдас қыздарды кездесе қалса ауызша немесе телефонмен құттықтаймын. Немере қызыма әр айлық жалақымда сыйлық беретіндіктен 8 наурызда боса да сыйлықсыз қалмайды. Келіндерімді ауызша құттықтаймын. Оларға ұлдарым сыйлық әперетініне сенімді болғандықтан, көп шығынданбаймын.

Әсет ӘССАНДИ, журналист:

«Су жаңа жәдігер мен гүл сыйлаймын»

– Халықаралық әйелдер мерекесінде ең алдымен Құдай қосқан қосағым мен оның маған сыйлаған қос қызым — Гүлдана мен Кәусарды құттықтаймын!

Отбасымыздағы дәстүр бойынша су жаңа жәдігер (смартфон немесе жиһаз болар – көре жатармыз) мен ең әдемі гүл шоқтарын сыйлаймын және өз қолыммен дайындаған дәм ұсынамын.

Екінші кезекте құдағиларым Гүлнарды, Хадишаны, Салтанатты және Фатиманы, келіндерім Малика мен Талшынды құттықтаймын! Үшінші кезекте көптеген апаларым, әпке-қарындастарым, ағайын жеңге-келіндерім, қайынбикелерім мен балдыздарым, құдашаларым мен жиен қыздарым менен құттықтау қабылдайды. Төртінші кезекте қоғамдағы әпке-қарындастарымды, қалың көпшілікті құттықтауға, ешкімді назарымнан тыс қалдырмауға тырысамын. Бесінші кезекте әлеуметтік желілердегі танитын-танымайтын әжелерді, аналарды, қыз балаларын құттықтаймын. Алтыншы кезекте өзім түлеп ұшқан мектебімнің ұстаздар қауымын, шәкірттерді ұмытпай, жылы лебізімді жолдаймын. Жетінші кезекте сыныптас, группалас қыздарға құттықтау жіберемін.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді ғой бабаларымыз. Ізгі ниетпен жылы лебізімді, жақсы тілегімді сыйға тартамын!

Әбдіманап ТӨЛЕБАЕВ, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

«Әуелі 90 жастағы Анамды құттықтаймын»

– 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні. Бұл мағынасы биік, ғажайып мейрам. Өйткені бұл күн — аяулы Аналарымыздың, өмірлік жарымыздың, қыздарымыздың мерекесі.

Мереке күні әдетте, алдымен 90 жастағы Анамды құттықтаймын. «Жұмақтың кілті — Ананың табанының астында» дейді, бұл сөз бекер айтылмаса керек. Аналарымыздың бізге берген ақ батасы, разылығы — біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар, жұбайымды, қыздарымды, келіндерімді, жалпы құрбы-құрдас, әріптес келіншектердің барлығын құттықтауға тырысамын.

Сыйлыққа келсек, оның үлкен-кішісі болмайды, мерекенің құрметіне гүл шоқтарымен қоса арнайы алған сыйлықтарымды беремін. Көктем мезгілімен ілесе келетін 8 Наурыз мерекесімен барша әйелдер, арулар қауымын құттықтаймын! Сіздерге ұзақ өмір, зор денсаулық, әйел бақытын, отбасыларыңызға береке, жұмыстарыңызға табыс және де Ана бақытын тілеймін!

Сүндет САНАЕВ, жеке кәсіпкер:

«Анама – сыйлық, келіншегіме – тосынсый…»

– Бұл күні мен алдымен анамды құттықтаймын. Бала күннен бергі үрдісім осы. Сосын келіншегімді, үш қызымды құттықтаймын. Оларға арнап міндетті түрде гүл аламын. Қосымша өздеріне ұнайтын затты ұсынуым да мүмкін. Ал тосынсыйды келіншегіме жасаймын. Оған айтпай шетелге қыдыруға билет алып қойдым. Жалпы, бұл мерекеде жақындарыма сыйлықсыз келсем де, гүл сыйлауды әдетке айналдырғанмын.

Тосын сұраққа жауап алған Ж. Жайлаубекқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *