Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Қысқы дөңгелегіңіз дайын ба?

Кешегі 8 қарашада ауа райының күрт бұзылуына байланысты республикалық маңыздағы автожолдардың Ақмола және Павлодар облыстарының бірқатар аумақтары арқылы өтетін бөліктерінде жазғы дөңгелектермен жүруге тыйым салынды. Жол қозғалысына уақытша шектеу қойылды.

Негізі елімізде қысқы дөңгелектерге көшу уақыты 1 желтоқсан деп бекітілгені белгілі. Дегенмен қысы ерте түсетін солтүстік және шығыс аймақтарда оған қазан айының соңынан көше бастайды. Ол жақтарға сапарға шығатын адам да осыны есте ұстауы керек. Дегенмен кей азаматтар әлі де күн жылы ғой деп арқаны кеңге салып жүрген сияқты.

Бізде де қазір күн жылы болып тұр. «Синоптиктердің» болжамынша бұл айда Оңтүстікте біраз жауын-шашын жаууы мүмкін. Дегенмен күн жылы, желтоқсанға дейін уақыт бар деп алаңсыз қалмай, қысқы дөңгелекті әзірден дайындап қойған жөн болмақ.

Қара күзде ауа температурасы тұрақты түрде +7 градусқа дейін және одан төмен түскеннен бастап қысқы дөңгелекке көшкен дұрыс болады. Дөңгелектер тозып қалған жоқ па, жаңасын алу керек пе деген сияқты сұрақтар төңірегінде ойланып қойған артықтық етпейді. Қысқы дөңгелектің протекторы ұзақ үйкеліс себебінен тозып қалған болса, жаңасын ерте бастан  сатып алып қойған абзал. Дөңгелек протекторының тереңдігі 4 миллиметрден кем болмауы тиіс. Сонда ол көктайғақта, боран қар үріп тастаған жерлерден, қар үйілген тұстардан аса қиналмай өтуге мүмкіндік береді.

Кей азаматтардың қысқа деп тек жетекші дөңгелектерді ғана ауыстыратыны бар,  дегенмен сенімділік үшін төртеуін бірдей ауыстырған дұрыс. Бұл көліктің қыс күнінде аса тайғанақтамай, тепе-теңдікті дұрыс сақтауына кепіл болады. Жалпы, көлік жүргізушілерінің әсіресе алыс жолға шығарда алдағы ауа райы болжамдарына мән беріп жүргені жөн болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *