Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Шопан ата, Сексек ата тұқымы

Газетіміздің өткен нөмірлерінде қасиетті кітабымыз Құранда аталған үй жануарлары – түйе, жылқы және сиыр туралы айтқан едік. Бүгін қой мен ешкі жайында танымдық деректер ұсынып отырмыз.

«Жәннаттың жоғарғы жануары»

Құран-Кәрімде «қой» сөзі Пайғамбарлардың берген үкімдеріне байланысты «Әнғам», «Таһа», «Әнбия» сүрелерінде бірнеше мәрте аталады екен. Сондай-ақ «ешкі» сөзі де «Әнғам» («Түліктер») сүресіндегі пұтқа табынушылардың кейбір түліктерді өздеріне харам санағаны баяндалған аятта айтылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) да өз хадистерінің бірінде: «Қой – жәннаттың жоғарғы жануары», – деген екен.

Қасиетті мерекелеріміздің бірі – Құрбан айттың шығу тарихы туралы мұсылман баласының бәрі де біледі. Ибраһим пайғамбарға сынақ үшін өз ұлы Исмайылды құрбандыққа шалу туралы аян берілгенде ол Алланың бұйрығына мойынсұнған, баласын құрбандыққа шалмақ сәтте Алла көктен қошқар түсірген екен. Бұл оқиға жөнінде Құранда: «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз» деп келтірілген. Хадисте айтылатын «Қой – жәннаттың жоғарғы жануары» деген сөз де осыны меңзейді.

Қойдың – 600-дей,  ешкінің 200-дей түрі бар

«Қой өте саққұлақ болады, көзі көргіш, басын бұрмай-ақ айналасын бір мезгілде 320 градусқа дейін көре алады. Жеке тіршілікке жарамсыз, ұзақ уақыт жеке тұрса, стрестен өліп кетуі де мүмкін. Өзін топта жайлы сезінеді. Ашық кеңістіктен гөрі қандай да бір ғимараттары бар аумақта өзін қауіпсіз сезінеді», – дейді ғалымдар.

Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, қой өз туыстарын таниды, есте ұстайды. Олардың көзіне тақау және тұяғында арнайы иіс бөлетін безі болады екен, содан иіс бөліп, өз аумағын белгілейді. Қойлар соны иіскеу арқылы отардағы басқа туыстастарынан қажетті ақпарат алады. Сондай-ақ ол бірнеше адамға дейін бет-әлпетін есте сақтай алады. Адамның көңіл-күйін қас-қабағынан аңдайтындары да болады. Егер ауырар болса, қажет шөп тауып жеп, өзін емдей де алады. Олар өзара берік достаса да алады. Ешкілердің де осыған ұқсас ерекшеліктері бар. Олар да бір мезетте жан-жағын 340 градусқа дейін көре алады. Олар шөпті таңдап жейді, тастан-тасқа секіруге құмар. Жапырақ жеу үшін биік ағашқа өрмелеп шығып кететіндері де болады. Қиыннан жол тапқыш, зеректігі де бар.

Әлемде қойдың  600-дей, ешкінің 200-дей түрі тіршілік етеді екен. Олардың көбін селекциялық жолмен, қолдан шығарған. Кей елде қой мен ешкіні шағылыстырып та ұрпақ алатындар болады. Ал ғалымдардың бір қойды клондап, оған Долли деген есім бергені белгілі. Яғни донор қой жасушасының ядросын аналық қойдың жұмыртқа жасушысының цитоплазмасына ендірген. Содан қойдың генетикалық көшірмесі өмірге келген. Сол Долли 7 жылға жуық өмір сүрген, 6 мәрте төл берген.

Жалпы алғанда, ғалымдар бүгінгі күндерге дейін 60 шақты жан-жануар түрлерін клондап, нәтиже шығарыпты. Ауқымды, күрделі, қаржыны көп талап ететін жұмыс болғандықтан жылына ары кетсе 100 жануар клондалады екен. Биылғы мамыр айында Қытайда жылына 2800 литр сүт беретін асылтұқымды ешкілердің жасушасынан клондалып, 6 төл алыныпты.

Ал қой мен ешкі арасынан салмағы жөнінен рекорд жасағандарын айтар болсақ, мынадай деректер бар: Сарыағаштық Қуаныш Мықтыбаев деген азамат өсірген Гиссар тұқымды қошқардың салмағы 230 кило тартқан. «Миллионер» деп ат қойылған қошқар Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілген. Ал Ұлыбританияда Мостин Муркок деп ат қойылған бір ешкінің салмағы 182 килоға жеткен. Оның денесінің ұзындығы 168, бойы 112 сантиметр болыпты. Сондай-ақ, битал тұқымды ешкілердің ішінде сирек те болса салмағы 230 килоға дейін жететіндері кезігеді деседі.

Қой-ешкіміз 22 миллионнан асады

Қазақстан тәуелсіздігін 1991-ші, Қой жылында алғаны мәлім. Халқымыз Қой жылын әрдайым жайлы, берекелі болады, молшылық жылы деп құрметтеп күтеді. Бейбіт, жайлы өткен жылдарды «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жыл» деп әспеттейді. Алдағы келе жатқан 2027 жыл да – Қой жылы.

«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір», «Есің кетсе, ешкі жи» дейтін қазақ уақ малға көбірек көңіл бөлген. Уақ малдың еті, сүті, терісі, жүні, тіпті қиы да әжетке жаратылады. Қазақ ешкінің сүтін, етін денсаулыққа шипалы деп те тұтынады.

Елімізде биыл (қазан айына дейінгі статистика) қой мен ешкі саны 22 миллион 600 мыңнан асып отыр екен. Осының 13 миллионнан астамы елдің оңтүстік өңірлерінде – Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында өсірілуде. 5 миллионнан астамы – Түркістан облысының еншісінде. Кейінгі екі жылда уақ мал етінің экспорты өсе түскені жөнінде дерек бар. Ұлттық статистика бюросы биылғы қаңтар-шілде аралығында шет елдерге 18,7 мың тонна қой және ешкі еті сатылғанын жариялады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 28,7 пайызға артық. Уақ малдың еті Өзбекстан, Тәжікстан, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері және тағы басқа – барлығы 10 елге шығарылады. Осының ішінде Өзбекстанның үлесі 97,9 пайызды құрап отыр. Бұл елден сұраныстың арту себебі жер жақындығына және валюта бағамының тиімділігіне байланысты. Біздегі баға долларға шаққанда 1 килоға 10,2 доллар болса, Өзбекстанда 11,4 доллар екен.

Кей статистикалық деректерге сенсек, бүгінде әлем елдерінде қой басы 1 миллиард 200 миллионнан, ешкілер саны 800 миллионнан асады. Халқы 1 миллиард адамнан әлдеқашан асып кеткен Қытай мен Үндістанның әрқайсысындағы қой саны тиісінше 193 және 77 миллионнан, ал тұрғын халқы 29 миллиондай болатын Австралияда 72 миллионнан асады екен. Бұл үшеуі әлем елдерінің ең алдында тұр. Ал ешкінің 90 пайызы Азия мен Африка елдерінде өсіріледі екен. Ең алда тұрған Үндістанда – 154 миллион, Қытайда 129 миллион, Нигерияда 90 миллион ешкі бар.

Қысқасы, қой мен ешкіні әлем елдерінің бәрі де өсіреді. Уақ мал сүт пен еттің көзі ғана емес, оның жүні мен терісінен киімдер тігіледі, ал қиын жұрт отынға тұтынады. Қалдықсыз өндіріс көзі.

Қойдың төлі «қозы» деп аталады. Көбеген, көбдік – ерте туған қозы. Арамза – қыста туған қозы. Көпей, көрпеш – кешірек туған қозы. Сырбаз – дилы, семіз қозы. Марқа – ерте туған, қатарластарынан ірі қозы. Бағлан – сүтіне жарыған, шөп жеуге жараған қозы. Бір жастағы қой – тоқты, екі жастағы қоздамаған қой – тұсақ, екі жастағы еркегі – ісек, қоздаған қой – саулық, қоздамаған қой – ту қой, аталық мал – қошқар. Ал, ешкі төлінің алты айға дейінгілері «лақ» деп аталады. Шыбыш – бір жасқа толған ұрғашы ешкі, туша – екі жастағы, төлдеген ешкі. Сақа ешкі – ірі ұрғашы ешкі, ту ешкі – қысыр ешкі. Серке – піштірілген еркегі. Теке – жыныстық жағынан пісіп-жетілген аталығы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *