Қазір Шымкент қаласында көпбалалы 67 741 ана тұрады. Олардың 13 805-і «Алтын алқа», «Күміс алқа» алғандар. Еліміздегі әрбір үшінші сәби Шымкентте туылатынын ескерсек, Қазақстанның демографиясына шымкенттік аналардың қосып жатқан үлесі мол. Ұрпақ өргізіп, оны тәрбиелеу жолындағы аналардың еңбегі орасан зор. Сондықтан да мемлекет тарапынан көпбалалы аналарды қолдауға бағытталған әлеуметтік көмектер аз емес.
Десе де, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары аналарды қуанту артық болмайтынын тағы бір дәлелдегісі келетіндей. Себебі, жуырда осы мәслихаттың шешіміне сәйкес, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері, «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға 5 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік төлем жасауға шешім шығарды. Оны алу үшін көпбалалы аналардан ешқандай да құжат талап етілмейді. Себебі, бір реттік сыйақы алатындардың тізімі «Азамттарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорциясы КЕАҚ базасынан алынады екен.