Қоғам

Қуыршақ театры көп болса


Әркімнің пікірі өзіне қымбат. Сондықтан басқаны қайдам, мен өзім театр — дамығандықтың белгісі деп есептеймін. Мынау Еуропа мен Америкада көпшілік бос уақытын театрда өткізуге тырысады екен. Ертелі-кеш бұл үрдіс бізге де келетініне сенімдімін.

Мен бүгінде Қарағанды облысының Теміртау қаласында тұрамын. Бала күнімде ауылға келген қойылымдарды жібермей тамашалаушы едім. Ол кезде ауыл шалғайда болғанына қарамастан Талдықорған, Жамбыл театрлары гастрольдік сапармен ауылдарды жиі аралап, қойылымдарын қоюшы еді.

Теміртауға кешіп келгеніме 20 жылға жуықтады. Осы аралықта бір рет те театрға бармаппын. Күйбең тірлік деп өзімізді алдаймыз. Дегенмен, мұның бір себебі — театр ұжымы тарапынан жарнаманың жоқтығы да болуы мүмкін. Қай қойылымның қашан болатынын білмей қаламыз. Оның үстіне қойылым көбіне орыс тілінде болатындықтан, бұл да қызығушылықты төмендетеді.

Айтайын дегенім, қыркүйек айында Сарыағашқа барып ем алдым, демалдым. Арасында Ташкентке қыдырып барып келдік. Байқағаным, онда қуыршақ театрлары көп екен. Көрермендері де аз емес. Біреулер балаларын апарады, екіншілері сыныптың оқушыларын ертіп жүр. Сұрастырып көрдім, зал бос болмайды екен. Қойылымдары шетелдік емес, өзбек халқының ертегілері. Насреддиннің (бізде Қожанасыр) бастан кешкен хикаяларын балалар риза болып тамашалайды. Мұның идеологияға, тәрбиеге тигізер пайдасы орасан.

Тағы бір байқағаным, ала тақиялы көрші ағайындар балаларға қалта телефонын ұстатпайды екен. Яғни, балалар бос уақытында телефонға шұқшимай, уақыттарын тиімді пайдаланады. Мен балалар үшін телефондағы «қоқысқа» үңілгеннен көрі қуыршақ театрына барғандары әлдеқайда тиімді деген болар едім.

Кейбір мәліметтерге қарағанда Қазақстанда қуыршақ театрларының саны онға жетпейді екен. Еліміздегі үлкен қалаларда ғана бар. Басқа өңірлердің балалары қайда барады? Біз елдің ертеңі бүгінгі балалардың қолында екенін ескерсек, олардан қаржы аямауымыз керек. Ол үшін балалар театрын көбейткен дұрыс. Тіпті, әр облыс орталығында, ірі аудан орталықтарында ашылуы тиіс.

Бисен Жолдасұлы,

Теміртау қаласы, Қарағанды облысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *