Басты жаңалықтар Мәселе

Сайрамдықтар жолды неге жапты?

       

Ауыр жүк көліктері көтерген шаңнан мезі болған бір топ қарамұрттық тұрғындардың жолды жапқаны жайында редакцияға хабар түсті. Және бұл алғашқы наразылық емес екен. Жол жабу – ашынғандықтың белгісі, заңсыз өткізілсе халыққа зардабы тиюі де мүмкін.

Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылында 20 мың тұрғын бар. Олардың жанайқайын жаңғырық күйінде қалдыруға болмайды. «Ауыл тұрғындарының талабын түсінуге де болады, — дейді Қарамұрт ауылдық округінің әкімі Мамыржан Нәжиев. — Қарамұртта қиыршық тас алатын үлкен карьерлер бар. Онда жиырмаға жуық мердігер күндіз-түні тынбай жұмыс істейді. Облыс аумағында, Шымкентте жүріп жатқан көптеген құрылыс нысандарына қиыршық тас тиеген жүк көліктері ауыл ішіндегі көшелер арқылы өтеді. Көліктің көптігінен ауыл іші шаңнан көрінбей қалатын кездер жиі болады. Жазда тұрғындар уақытының көбін далада өткізеді, түнде де далада тынығады. Шаңнан тыныс алу қиындайды. Жуылып, сыртқа ілінген киімдерге де қалың шаң қонады. Осыдан әбден зәрезап болған тұрғындар жолды жабуға мәжбүр болған. Мердігерлер тарапынан да бірқатар жұмыстар атқарылған. Олар бірігіп, ауыл ішіндегі көше жолдарына асфальт төсеп, аяқ жол да салған. Алайда, жолдың бір тұсында 500 метрдей, енді бір тұсында 1,5 шақырымдай жолға асфальт төселмей қалған. Шаң сол көшелерден көтеріліп отыр. Тұрғындардың талабын ескеріп, мердігерлерге аталған жолды асфальттауға ұсыныс айттық. Олар да көмектесуге дайын, дегенмен кішігірім келіспеушіліктер бар секілді».

Тұрғындар наразылығы облыс басшылығына да жетсе керек, сол күні Қарамұртқа облыстық мәслихаттың төрағасы Нұрәлі Әбішев бастаған облыстық және Сайрам аудандық мәслихатының бірнеше депутаты мен әкімдіктің бөлім басшылары келді. Тұрғындардың шағымын тыңдаған облыстық мәслихат төрағасы: «Түнімен ұйқы бермей, жұмыс істеуді тоқтатыңдар. Өзім куә болғандай, адам құқы басты назарға алынған Швейцарияда сенбі, жексенбіде көшелерден ешқандай жүк көлігі жүрмейді. Түнгі сағат 12-де көлік жеткен жеріне тоқтап, әрі қарай жылжымайды екен. Бізге де осындай тәртіп керек.

Жалпы, 20 кәсіпкерге 2 шақырымға асфальт төсеу аса қиындық тудыра қоймайды. Мысалы, мен де кәсіпкермін, зауыт салар болсам алдымен жол мәселесін реттеймін. Асфальт төсеп, ешкімге зиян тигізбеу жағын қамдаймын. Сол үшін наразылыққа негіз болдып отырған жолға бәріңіз жұмылып, асфальт төсеңіздер. Бұл ұсынысқа келіскісі келмеген, жергілікті тұрғындардың жағдайын құлаққа ілмейтіндер болса жұмысын тоқтатсын», — деп кесіп айтты.

Жолды жапқан жергілікті тұрғындар «ауылды шаңнан арылту үшін айналма жол салсын» деген талаптарын алға тартады. «Бұлай болмайды, сіздер өздеріңізді ғана ойлап отырсыздар. Онда ертең бәрі айналма жол салуды сұрайды. Оны бюджет көтермейді. Ал өздеріңіз жол салып аламыз десеңіздер қарсылық жоқ. Әкімдік тарапынан жерді заңдастыруға көмектесе аламыз», – деді Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мұздыбеков.

Халық талабын, депутаттар мен атқарушы орган өкілдері жауабын айтып тарқасты. Алайда, аспанға көтерілген шаңның мәселесі шешімін тапты ма, таппады ма, ол жағы бізге беймәлім күйі қалды. Өйткені, нақты шешім айтылмады. Айтылған сөз сол айтылған жерде қалып, жағдай бәз-баяғыша жалғаса берсе, бұл тағы да халықтың ашу-наразылығын туғызары анық. Оның алдын алып, жолға жауапты лауазымды тұлғалар тұрғындар талабының уақтылы орындалуына күш салулары қажет. Жанайқайдың жаңғырық күйі қалудың соңы жақсылыққа апармасы анық.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *