Қыркүйектің 5-і қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Қазақстанда тілдер мерекесін тойлау кейінгі жылдары дәл осы күнге орайластырылғаны да сондықтан.
Десе де бұл мереке әу баста қыркүйектің 22-сі күні тойланатын. Себебі 1989 жылы дәл осы күні Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданды. Сол заңда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілді». Ал Тілдер мерекесін атап өту 1998 жылдан басталды.
Тек 2017 жылы Тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлына деген құрметтің белгісі ретінде Тілдер мерекесін атап өту 5 қыркүйекке ауыстырылды.
Айтайын дегеніміз бұл емес әрине. Ұлт зиялысының есімі берілген Шымкенттегі көше атауының ауыз-екі әңгімеде үнемі «БайтұрсыноВА» боп келгеніне соңғы уақытта нүкте қойылды. Қазір Шымкенттің көшесінде автобустар мен аялдамаларда көше атауы дұрыс аталып жүр.
Бұл туралы Шымкентте Тілдер күніне арналған «Қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек атап айтты. Форумды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізді. Форум барысында Шымкентте тіл саясатын жүзеге асыруға атсалысып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.
Көпұлтты мемлекеттің ортақ тілі – қазақ тілінің басқа өңірлермен салыстырғанда Шымкенттегі жәй-күйі көш ілгері. Соны дәлелдегендей форум барысында қазақша көсіле сөйлеген өзге ұлт өкілдерінің тіл үйренудегі тәжірибесі өзгеге үлгі болды. Атап айтқанда Тұран ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының мамандандырылған жасақ бастығының көмекшісі, азаматтық қорғау майоры Роман Письменский мен инженер-техник Дмитрий Шпенглер қазақша үйренгелі қызметте табысты бола бастағандарын, үлгілі қызметі үшін тіпті Мемлекет басшысының қолынан марапат алғандарын да атап өтті. Тіл білу, соның ішінде мемлекеттік тілді меңгеру көп мақсаттың орындалуына негіз боларын осындай мысалдар дәлелдесе керек-ті.
Форумда сөз алған «Өрлеу» БАҰО Шымкент қалалық филиалының директоры Меруерт Медетбекованың, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұловтың да айтары осы мазмұнға саяды.
Форумдағы ең мазмұнды құнды баяндама белгілі тіл жанашыры «Калькасыз қазақ тілі» телеграм-арнасының авторы Назгүл Қожабектікі болды.
Тілімізге дендеп еніп кеткені соншалықты орысшадан тікелей аударыла салған «калька» сөздер құлаққа сіңісті болуда. Сондықтан да Назгүл Қожабек ««Бұл қазақша – қай қазақша?» деп мәселе көтеруде. Мұндай келеңсіздіктер әсіресе, мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқыққорғау органдары тарататын мәлімет, ақпараттарда жиі кездеседі. Осыдан барып мемлекеттік мекеменің мәліметінде жазылған сөйлемді басшылыққа алғандар дұрысы осы екен деп қабылдайды.
Баяндамашы күнделікті тұрмыстағы қарапайым хабарландыру, жаднамаларды мысалға келтіре отырып бірқатар кемшіліктерді көрсетті. Өкініштісі сол, форумда сауатты жазу, қазақша ойлап, қазақша жазу үлгісін баяндауға уақыт тар болды. Назгүл Қожабек сияқты тіл жанашырларының бір өзіне, калька тілден арылудың мән-мағынасын түсіну үшін кемі екі сағаттық семинар қажет-ау. Бұл да алдағы күні жүзеге асар бір шараның жоспары болары анық.
Айтпаса да түсінікті бір жәйт бар. Ол қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тіліне айналуы үшін тілді үйренуге деген қажеттілік орта қалыптастыра білу. Дүкенде, автобуста, қызмет көрсету орталықтарында тек мемлекеттік тілде сөйлеу, сұраққа қазақша жауап беру мәселесіне көңіл бөлген жөн.
Өкінішке қарай, күнделікті тұрмыста көріп біліп жүргеніміздей ұл-қызымен орысша шүлдірлесіп, тіпті «қазақ тілі, мемлекеттік тіл жасасын!» деп ұрандататын кей зиялының немересін орыс сыныбына жетектеп апарып жүргенін қалай түсінерсіз?!
Бәлкім форумда өткен жылмен салыстырғанда биыл орыс сыныбына қанша қазақ баласының барғаны, кітап дүкендерінде қай тілдегі кітаптардың көбірек сатылатыны туралы мәліметтер айтылуы керек па еді… «Бізде бәрі жақсы» дегеннен күнделікті көріп жүрген кемшіліктер өздігінен жойылып кетпесі анық қой. Бүгін «көше атауын БайтұрсыноВА демейтін болдық» деп қуанғанмен «Донер на АргынбекоВА», «На Советской» деп аталатын дәмханалар көбейіп жатқанынан хабарымыз бар ма? Одан да сорақысы мектеп, аурухана атауларындағы қатені көрмейтін болдық. Себебі «құжатта солай» деген жауапты малданамыз. «Калька» аударма сіңісті боп алған. Әйтпесе, «№25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп» бола ма? Жалпы Тұрар Рысқұлов №1, №2-ші болып нөмірлене ме? Дәл сол сияқты Шымкентте емхана, ауруханалардың да атауы «калька» аударма. «№1 Шымкент қалалық емхана» делінеді. Екінші нөмірлі Шымкент қаласы бардай. Дұрысы «Шымкент қалалық №1 емхана» емес пе? Әрине, бұл жөпелдемеде жазуға іліккен мысалдар. Шымкентте мұндай мысал аз емес.
Тіл дегенде ұсақ-түйек болмайтынын ескерсек, мәселеге мән бере жүрейік.
Ж.Жайлаубек
