Шымкенттің басты қонақжайлық нысаны – А.Асқаров атындағы мемлекеттік дендрологиялық саябағы екені даусыз. Қала тұрғындары мен қонақтары осы саябақты аралағанды жақсы көреді. Жанға сая, саф ауа сыйлап қана қоймай, бұл жерден ағаштың көптеген түрімен танысуға болады. Жанына жайлылық пен салауаттылық өмір салтын серік еткендер таң атпай дендросаябақта серуен құрғанды әдетке айналдырғалы қашан. Енді міне, сондай демалушылардың өзі саябақтың көркіне көрік қосуға ниетті болып отыр.
Саябақ аумағында бұған дейін де демеушілердің қолдауымен көптеген жаңа жобалар іске асырылып, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл жолы Шымкент әуежайы демеуші болып, саябақтың кіреберісіндегі А.Байтұрсынов көшесі қақпасының жанында жаңа спорт алаңшасын салып берді. Заманауи үлгідегі қажет құрал-жабдықтармен жабдықталған спорт алаңы белсенді өмір салтын қолдайтындар үшін қолайлы орынға айналып отыр.
Соңғы үш ай ішінде саябақта ескі күзет үйлерінің орнына төрт жаңа заманауи күзет үйі орнатылып, бос жатқан аумақтар көгалдандырылды. Жалпы 400 түп кәдімгі қарағай ағашы отырғызылып, аумақ автоматты суғару жүйесімен жабдықталды. Ал саябақтың «Қошқар ата» учаскесінде Оңтүстік Жарық Транзит ЖШС-нің демеушілігімен жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Мұнда 60 жарықшам мен 300 метр кабель жаңартылды. Бұл келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған.