Біле жүріңіз

«КӨГІЛДІР АЙДЫҢ» ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

Биылғы мамыр айы өзгеше астрономиялық құбылыс – Айдың бір айда екі мәрте толуымен ерекшеленейін деп тұр. Себебі бұл аспан денесінің толық фазалар циклі 29,6 тәулікке тең, яғни қолданыстағы күнтізбелік ай күндерінен аз.

Ең қашық нүктесіне алыстайды

Айдың төрт фазасы болатыны белгілі. Біріншісінде ай «туады», яғни көк жүзінде көрінеді, сосын толады да, біртіндеп «желініп» барып көрінбей қалады. Яғни айдың толуы – оның екінші фазасы. Көп жағдайда ол айына бір мәртеден аспайды. Ал айдың бір айда екі мәрте толуы сағат белдеуіне байланысты әлемнің әр аумағында әрқалай байқалады. Кей өңірлерде мұндай құбылыс жыл сайын болуы да мүмкін. Бірақ ол аса сирек кездеседі. Негізінен көп аумақтарда 2,5-3 жылда бір қайталанып тұрады. Біз өмір сүріп отырған Солтүстік жарты шарда солай.

Бұл айдағы Айдың алғашқы толуы 1 мамырда болған. Ол «Гүлді ай толуы» деп аталды. Себебі ол кез Солтүстік жарты шарда ағаштардың, өсімдіктердің бүршік атып, гүлдеуімен түспа-тұс келді. Ал 31 мамырдағысын «Көгілдір ай» деп атайды. Дегенмен бұл айдың түсі көгілдір тартады деген сөз емес, оның түсі ақшыл-сарғыш болып тұрады. Бұл – ежелден келе жатқан атау, шығу төркіні ағылшынның сирек кездесетін құбылысқа қатысты ауызекі айтылған сөзінен қалыптасып кеткен. Бұл кезде Ай Жерден өзінің ең шалғай нүктесінде, яғни 406 мың шақырымнан аса қашықта болады. Сондықтан оның шеңбері бізге қалыптағыдан біршама шағын болып көрінеді. Бұл кезде Ай бетін Күн сәулесі толық шағылып қамтиды, бірақ Ай тым алыстап кеткендіктен бізге аса жарқырап көрінбейді. Дегенмен бұл құбылысты, яғни айдың толуын жай көзбен де аңғаруға болады.

«Тым тапырақтай бермеңіз…»

Осы «Көгілдір айға» қатысты бүгінде жұлдызшы-жорамалшылар қызық болжамдарымен бөлісіп жатыр. Жалпы, астрология ғылымға жатпайды, астрологтардың айтқандарында ғылыми негіз жоқ. Анығын Алла біледі, дегенмен адамның алдағыдан өзгеріс күтетін қызығушылығы бар. Сол себепті де кей астрологтар өздерінің болжамын жариялап жатады. Олардың пайымынша, «бұл кезде адамға еркіндікке ұмтылу, саяхатқа, шытырманға құмарту, білімге құштарлық, өзіне деген сенімнің артуы тән» болады екен. Сондай-ақ, олар «ішімдіктен аулақ болыңыз, адам көп жиналатын жерлерге, алыс саяхатқа тым құмар болмаңыз, жаңа іс бастамаңыз, маңызды құжаттарға қол қоймаңыз, өзгеге жамандық ойламаңыз, ұрыс-керіс, айтыс-тартыс, дау-дамайдан аулақ жүріңіз» деп те кеңес беруде.

Ай Жерден өзінің ең қашық нүктесіне дейін алыстаған кезде адамның жұмысқа қабілеті, батылдығы артады деседі. «Бұл кезде адам дұрыс болсын, бұрыс болсын шешімді ұзақ ойланып-толғанып жатпай, жылдам қабылдайды. Бұған шектен тыс оптимизм себепкер. Бұл оптимизм, мысалы, рульдегі адамды көлікті барынша қатты жүргізуге итермелеуі мүмкін. Көңіл-күйі көтеріңкі ол жылдамдықты, қозғалыс ырғағын аңғармайды. Адам өз мүмкіндігі мен шамасының шегін түйсінбейді. Сондықтан бұл күндері адам өзінің әрбір ісіне баға беріп, шамалап, шектеп отырғаны дұрыс. Ішімдік түгілі, кофе сияқты сергітетін сусынның өзін ішпей-ақ қойған жөн», — дейді жұлдызшылар. Олар мұндай қызығушылықтың, жігер мен күш-қуаттың артуын қажетті жоспарлар жасауға, қандай да бір шаруаға кірісерде жақсылап өлшеп-пішуге, білім алуға, біліктілікті арттыруға, өмірдің мәні туралы ойлануға жұмсауға кеңес береді.

Аталарымыз айтқан екен…

Ежелден тіршілігі табиғатпен біте қайнасып, көшпенді өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыз осы айдың түрлі фазаларында қандай да бір құбылыстар, өзгерістер орын алатынын аңғара білген. Созылмалы аурулардың асқынатынын, кейбір рухи дерттің қозатынын, теріге шыққан кей жаралардың «жаңғыратынын» да біліп отырған. «Ай толғанда басымның сақинасы ұстайды» дейтіндер бар. Тіпті қолына сүйел шыққандар оны түрлі-түсті жіппен шандып, айға қарап одан құтқаруды тілейтін ырым әлі күнге дейін қолданылады.

Жалпы, қазақтың айға қарап түйген пайым-болжамдары, ырым-тыйымдары көп. Мысалы, ай туғанда шалқалап жатса, «өзіне жайлы, шаруаға жайсыз туыпты» деп болжайтыны бар. «Айға қарап дәрет сындырма», «айға көп қарама», «айға саусағыңды шошайтпа», «терезеден айға қараушы болма», «ұйықтап жатқанда бетіңе ай сәулесі түспесін» деген сияқты ырымдарды бала кезден естіп өстік.

Қазақ балам көркем болсын деп оның есіміне «ай» жұрнағын қосады деп ойлаймыз. Ал шындығында оның төркінінде «балама ай тимесін» деген сақтық болады екен. Түнде тұрып жүріп кететін айкезбе дерті сондайдан болады деп пайымдаған. Бесікте, желбесікте жатқан баланың бетіне қандай да бір себеппен ай сәулесі түсуі мүмкін деп қорыққан, содан сақтанған.

Қадым замандардағы бабаларымыздың ай туғанда айтқан «Ай көрдім, аман көрдім», «Ескі ай, есірке, жаңа ай, жарылқа» дейтін сөздері бүгінгі күндері де қолданыстан шыға қойған жоқ. Ай құлақтанса «күн суытады», қораланса, «жылынады» деп болжайтындар бар.

Бала кезімізде үлкендерден естіген ай бетіндегі «иінағашты сұлу қыз» туралы ертегі де еске түседі. Онда өгей шешесінен қорлық көрген сұлу қыздың көркіне сүйсінген айдың оны өзімен көкке әкеткені туралы айтылатын. «Әкесін сағынғанда жерге үңіліп қарайды екен» делінуші еді. Соған сеніп айға қараймыз, расында су таситын иінағашы бар қыз тұрғандай көрінетін. «Айға телміріп көп қарауға болмайтыны» еске түсіп тағы да қорқасың…

Айлы түнде жалғыз-жарым жүріп көріңізші, әсіресе тау ішінде жүрсеңіз одан қандай да бір өзгеше қуат сезінгендей боласыз. Әлдебір түсініксіз қызығумен қоса тылсым үрейдің де баурап алатыны бар.

Қысқасы, айға қатысты құпия сыр көп. Ол туралы бұл күндері жиірек айтылатын сияқты.

———————————————

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *