Uncategorized

Бәрі де «Белгісіз батырдан» басталды…

«Өзгені» – «өзіңе» айналдыра отырып, «өзгелерді» сендірудің салмаған артист қана білсе керек. Театр сахнасына өмірін арнаған актриса үшін 70 жас аз ба, көп пе – Уақыт таразысында сараланатын минуттар мен сағаттардың сыртылына байланған арпалыстар жиынтығымен өлшенсе керек. 70 жылының 51 жылын Шанин театрының сахнасында өткізген «Ерен еңбегі үшін» меделі мен «Дара» төсбелгісінің иегері актриса Раушан Салованың шығармашылық өрлеу жолы ересек көрерменнің есінде екені күмәнсіз. Атақ, даңқты қумай – бағына бұйырған рөлдерін мәпелеген актрисаның кешегісі мен бүгінгісінен ой қозғасақ, ескіре бастаған естеліктер жаңарған жаңғырықпен жанымызға жылулық силайды деп сенемін. Сарыарқаның төсінде керілген көне Целиноградта өмір есігін ашқан Салова Раушанның бала күннен арманы – ән салу болды.  

Актриса болу жүрегіңізде туған арман ба, әлде, еліктеу ме?

Кішкетайымнан анамның шәлісін жамылып алып, ән салады екенмін. Үйге келген қонақтар «Осы қыз өскенде құдай біледі әртіс болады» деп, баталарын береді екен. 8 сыныпқа дейін ән үйірмесіне бардым. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінде белді мүше болып, «Қыз Жібектің» ариясын айтатынмын. 1970 жылдары Целиноград қаласында «театр ашылады» деген дақпырт басталды. 10 сыныпта оқып жүрген кезімде айтулы режиссер Жақып Омаров біздің қалаға келіп, «жергілікті жастардан театр ашамыз» деп арнайы ұйымдастырған байқауға қатысып, Ғазиза Жұбанованың опералық әнінен үзінді орныдадым. Жақып Омаров «Дауысың мец-сопрано екен?!» деп риза болды. Өзіммен қатар жігітпен бірге «Қыз Жібектен» Жібек пен Төлегеннен үзінді орындадық. Мектепті бітіріп жатқан кезімде, Алматыдан «Байқаудан өттіңіз» деген жолдама келді. Алматы қаласындағы М.Әуезов театрында ашылған екі жылдық театр студиясында оқыдым. Латвияның еңбек сіңірген артисі Алексей Иванович Лакшин деген ұстаздың шеберханасында оқыдым. Қазақ тарапынан Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев пен әйгілі Өкіреш рөлін сомдаған Рахметолла Телеубаев ағамыздың шеберханасында дәріс алдым.  2 курста оқып жүріп шымкенттік курстасым Сайлау Сәрсенбаевқа күйеуге шықтым. Оқуды тәмәмдап, арнайы жолдамамен Шымкент қалалық драма театрына актриса боп жұмысқа тұрдық. Сәбилі болғандықтан жұмысты бірден бастамай, 1972 жылдың 8 тамызы күні жұмысқа шықтым.

—Алғышқы режисесеріңіз?

Мен келген кезде Мұхтар Қамбаров деген кезекті режиссер болатын. Шымкент театрында алғашқы рөлімді 19 жасымда «Белгісіз батыр» драмасында Белгісіз батырдың қызы Зухраны ойнадым.

Келесі режиссерім Тастан Өтебаев ағамыз әзербайжандық С.Шамқаловтың «Қайын ене мен Келін» комедиясында Афет келіннің рөлін сеніп тапсырғаны шығармашылығыма үлкен серпіліс берді. Енені – Фатима Айнақұлова апайымыз ойнайтын. Керемет партнершам еді. Екеуміз өте әдемі үйлесімділікпен ойнайтынбыз. Көрерменнің көңілінен шыққан көңілді қойылым боп шықты.

1974 жылы театр репертуарында жүріп жатқан У.Гаджибековтің Аршын мал алан» комедиясы жаздық гастрольге елге шығатын болып, күйеуім екеуміз жалындап тұрған жастар болғандықтан, екеумізді  Велли мен Теллижің екінші құрамына кіріктіріп, тез арада дайындалуға тапсырма берді. 7 мамыр күні гастрольге кетуіміз керек болатын. 6 мамыр күні күйеуімнің алыстағы достары іздеп келді. Қонақ етпекке кафеге жүгіріп бара жатқанында алдынан басбұзақылар жолын кесіп, пышақтап өлтіріп кетті. Жылдан астам уақыт қайғы жұтып ата-енемнің қолында отырдым. Бір жылдан соң сахнаға оралдым. Өмір ғой, екінші рет 1987 жылы шаңырақ көтердім. Бұл бақытым да ұзаққа созылмай, он екі жылдан соң қара жерге бердім. Осылайша, екі рет көтерген шаңырағым шайқалып, бар жұбанышты сахнадан тауып, рөлдеріммен жанымды жұбаттым.    

1977 жылы Т.Өтебаев Гогольдің «Үйленуін» қойды. Агафья Тихоновнаны ойнадым. Қойылым өте ұтымды шығып, Мәскеуде өткен кәсібилікті шыңдайтын арнайы оқуға барған театр ұжымы үзінді қойып, Мәскеулік ұстаздардың ризашылығына кенелдік. Мен орыстың әнін айтқанымда, орыс ұстаздар әншілігім мен рөлді шебер ойнағаным үшін ерекше тоқталып, мақтағаны шеберлігімнің ұшталуына пәрмен етті.

1981 жылдары Жақып Омаров ағамыз Бас режиссер боп келгенде, «Оу, өзім таңдап алып қабылдаған шәкіртім осында екенсің ғой?!» деп қуанған болатын. 1982 жылы Ж.Омаров ағамыз Қ.Бекхожиннің «Ұлан асуы» тарихи драмасын сахналағанда Айтолқын ханшайымның рөлін сеніп берген еді. Қойылым жоғары деңгейде шығып, баспа беттерінде үздіксіз жарияланып жатты.

1983 жылы Ж.Омаров сахналаған Ә.Әбішевтің «Мәди» трагедиясында Мәдидің сүйіктісі Келбеттің рөлін ойнадым. Премьераға автор Ә.Әбішевтің өзі келіп көріп, сахна төрінде тұрып ризашылығын айтты. Аяулысынан айырылып, жынданып кеткен Келбеттің рөлін шынайы шығару үшін қалалық жындыханаға барып, науқастардың мінез-құлықын зерттеген болатынмын. Жарық дүниеде өмір сүріп жүріп, ақыл-естен айырылған адамның образын сомдау, ең қиынның-қиыны екенін бастан кештім.   

Ең қиналған рөліңіз?

2000 жылы театрға кезекті режиссерлікке Тұрғанбек Ашимов келіп, Ж.Молдағалиевтің «Ана көзжасы» повесінің желісі бойынша «Тағдырмен тайталасқан әйел» драмасын сахналағанда басты кейіпкер Анар ананың рөлін сомдау кезінде қатты қиналдым. Себебі, тапа бір өз өмірімнің шытырман жолыма ұқсас тағдыр еді. Кейіпкердің бірінші күйеуі соғысқа кетіп, қара қағаз келеді. Екі баласымен жесір қалады. Екінші күйеуі ауыр науқастан қайтыс болады. Анардың күйініштен жоқтау айтатын сахнасы бар. Сол кезде кейіпкеріме қосыла жоқтау айтатынмды көрермен байқамайтын. Өйткені ол жоқтау – өз тағдырымның да жоқтау еді. Өз тағдырым мен Кейіпкерімнің тағдырын ұштастыру оң жамбасыма түскенімен, сахнада ойнау өте ауыр тиді. Анар боп еңіреп, Анар боп сүйгенімді жоқтадым.

Жүрегіңіз қаламаған роль болды ма?

«Жүрегім қаламады» десем артық айтқаным болар, бірақ – Б.Ережеповтің «Көксеп жүріп билікті» комедиясында жеңіл жүрістегі Дәмеш деген рольді «көн боп қатып қалмай, сынуың керек» деп, Т.Өтебаев аға күштеп ойнатты. Куапльникпен ойнайтын болғандықтын қысылып, қатты ұялатынмын. Берілген рөлден бас тартуға артистің қақысы жоқ, берілді ме – ойнайсың. Жиіркене отырып ойнап шықтым.

Ең сүйіп ойнаған рөліңіз?

Е.Уразымбетов сахналаған Чеховтың «Шие бауындағы» Раневскаяның рөлі. Өз заманындағы көкейі ашық, жаны терең, білімді әйелдің рөлі жаныма майдай жақты. Әрі, суретші Қалтөре Жұмақұловтың сахналық шешімі актерлік топтың еркін ойнауына үлкен мүмкіндік жасады. Ж.Омаров ағамыз Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері- Ақтоқтысында» Хазыреттің тоқалы Мәрзияның рөлін берді. Мәрзия да сүймей қосылған. Жақып аға қазақ қыздарының сүйгеніне қосыла алмайтын зары іспеттес етіп Мәрзияның зары іспеттес «Маңмаңгерді» маған айтқызды. Театрда Хадиша Сазантаева деген «Оңтүстіктің бұлбұлы» атанған актриса болатын. Хадиша апай «Маңмаңгерді» бір ай бойы үйретті. Әнде «Ахау, туған елім, балаң едім» деген сөзін Хадиша апай «Сен Ақан серінің ауылына келе жатсың ғой, «Ахау, туған елім, Ақан серім, Өзіңе осынау әнді сала келдім» деп сал» деді. Сахна ашылғанда таудың басынан «Маңмаңгерді» шырқап келе жатқанымда, көрермен ду қол соғып, мені Ақтоқты деп қабылдап қалады екен.  

Актрисалық шеберлігіңізге ықпалын тигізген сахналық серіктесіңіз болды ма?

Ұзақ жылдар «Қарагөздегі» Мөржанды ойнасам деп армандадым. Мөржанға деген махаббатымды Раушан Досжанова апай оятты. Мен, келіні Ақбаланы ойнайтынмын. Раушан Досжанова апай рөлді жанын жеп ойнайтын. Репетиция кезінде де тапа сахнада жүргендей бір жанын алып – мың жанын салып ойнайтын. Театрдың 50 жылдығына орай Алматыға онкүндікке баратын болдық. Ақбаланы халық артисі Айша Абдулина апамыз ойнайтын. Айша апамыз жас келінді ойнауға қартайып қалды да, Ақбаланың күллі костюмін шашбау-білезігімен қоса «Қызым, мына рөлімді саған толықтай табыс етемін. Менің жолымды беріп, ататқты бол!..» деп, қолыма табыстаған болатын. Раушан апаймен алғашқы репетиция әлі есімде. Мөржанның «Кел бері!..» деп, Ақбаланы алдына шақыратын жері бар. Раушан апайдың сұсынан қорыққаннан аяқ-қолым дірілдеп, еңкейіп, құлаймын деп, дауысым естілмей қалса керек. Раушан апай «Дұрыстап сөйле?!» деп, қолындағы таяғымен арқамнан салып қалғанда, көзім жарқ еткен болатын. Раушан апайдың Мөржанды сомдаған шеберлігінен нәр алғаным соншалық, Алматыда Ақбаланы ойнағаным қазақ сахнасының мэтрлері Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова сынды актриса апаларымыздан «Міне, шынайы Ақбала!» деген жоғары баға алдым.

Өз жасыңызға сәйкес емес рөлдерден қиналған сәттеріңіз болды ма?

Режиссер Әскербек Құлданов ағамыз сахналаған Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесудегі» 70 жасатағы Зейнептің рөлін 44 жасымда ойнадым. Ал, Д.Исабековтің «Анасын аңсаған Қыз» драмасындағы оқуға түсуге келген 18 жастағы қыздың рөлін 40 жасымда ойнадым. Қанша шеберлікке салғанмен де, жас ерекшелігі әсер етпей, салмақ салмай қоймайды ғой, кереғар жастағы кейіпкерлерді сомдау жолында қиналғанымды жасмырмаймын. Екеуін де автор көріп, ризашылығын айтты.

Сахнада жанды сүйемелдеумен ән айтқан рөліңіз болды ма?

Режиссер Е.Уразымбетов 2000-жылы Исмагиловтың «Құдаша» деген музыкалы комедиясын оркестрдің сүйемелдеуімен сахналады. Алғашында маған құдашаның анасының рөлін берді. Премьераға он күн қалғанда Құдашаның рөлін ойнайтын актриса режиссердің ойынан шықпай, аяқ астынан маған берді. Оркестрдің сүйемелдеуімен айтуым керек. Дауысым сәйкес емес. «Өз рөлімде қалайыншы, мынаған дауысым сай емес» деп, режсссердің соңынан жүгірдім. Ерғали ағамыз «Айттым, бітті!..» деді. Дирижер Ережеп ағамыз да нотасы сай еместігін айтып, әбіржіп қалды. Амал жоқ. Режиссерге бағынасың. Ережеп аға «Бастауын нотаға сай бастап, ары қарай өз дауысыңызға келтіріп айта беріңіз» деді. Ойнап та, шырқап та шықтым.      

«Ойанасам» деген рөліңіз бар ма?

Актриса мамандығы ең тәуелді мамандық қой. Режиссердің таңдауы саған түседі ме, жоқ па, бір құдайдың қолында. «Қарагөз» Шанин театрында сахналанғанымен, «Мөржанды ойнасам» деген арманыма қол жеткізе алмадым.   Алдағы уақытта Абайдың әжесі Зерені ойнасам деп армандаймын.

Міне, 70-тің желкенімен өнер айдынына қалқыған актриса Раушан Салованың жүзіп өткен жолының бір тамшы естелігі осылай үн қатты. Актрисалық арманыңызға жете беріңіз деген тілектестікпен алдағы асуларына үміт шырағын қосыла жақтық.

Сая Қасымбек, драматург, Ж.Шанин атындғы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлім меңгерушісі.

Шымкент қаласы.                            

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *