Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес барлық облыс, қала әкімдері бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіз ортада өмір сүруі мен жайлы ортада тұрмыс кешуін қамтамасыз етуге тиісті. Ал бұл міндеттеме мегаполис қалаларда екі еселенетіні айтпаса да түсінікті жағдай. Содан да болар, соңғы кездері Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала көшелерінің тақтайдай тегіс болуы мен тұрмыстық өзге де коммуналдық түйіткілдердің дер кезінде шешілуіне білек түре кіріскен.
Бұл орайда қала маңындағы шағынаудандар мен шалғай ауылдағы тұрмысты көзбен көріп, танысу маңызды рөл атқарады. Апта басталысымен осы мақсатта қала әкімі «Тассай», «Таскен» және «Самал 3» шағынауданындарында болып, тұрғындардың талап тілектері бойынша жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмысытарымен танысты. Мердігер мекеме өкілдеріне жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтау міндетін жүктеген қала әкімі жауапты басқарма басшысына қатаң қадағалауды тапсырды. Бұдан бөлек, Сазтөбе көшесі тұрғындарының өтініші негізінде Абай ауданының әкіміне кішігірім демалыс алаңын салып, абаттандыру бойынша тапсырма да беріп үлгерді. Ал, Әл-Фараби көшесі бойындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмысын тексерген қала басшысы ағаш көшеттерінің жасыл желекке айналуы үшін аудан әкіміне суаруды күшейту қажет екенін айтты.
Қалаға кіре беріс Темірлан тас жолы бойына «Shymkent» жазуы бар белгінің орнатылғанын тексерді. Қала әкімі дәл осындай стелла қаланың барлық қақпасына, Ташкент, Алматы, Түркістан бағытынан Шымкентке кіреберіс аумағына, әуежай және темір жол вокзалына орнатылатынын айтты. Ал әзірге қазіргі қолданыстағы белгілерді жаңартып, түзетіп және Арыс қаласы бағытынан келе жатқандағы кіреберістегі «Бадам» көпірінің жанына да белгі орнатуды тиісті сала мамандарына тапсырды. Тоқ көзіне қатысты мәселені шешу және жарықтандырумен толық қамтамасыз ету міндетін де жүктеді.
Қала орталығындағы А.Асқаров көшесі мен Республика даңғылының қиылысындағы, «Мадлен» кондитерлік цехының жанындағы жаңа гүлзардың құрылыс жұмысын көрген қала әкімі жақын арада тағы бір жаңа қоғамдық орын пайдалануға берілетінін, бұл қала тұрғындарына ыңғайлы орынға айналатынын жеткізді. Мұндағы саябаққа субұрқақ орнатылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ашық аспан астында кинотеатр тамашалауға мүмкіндік қарастырылған. Ю.Гагарин көшесіндегі тұрғын үй ауласында салынып жатқан спорт және ойын алаңдарының да құрылыс барысын тексерді. Мердігер компания өкілдеріне пайдаланылған материалдардың сапасына жіті назар аударып, барлық жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды.
Аралау соңында қала әкімі «Жасыл белдеу» КММ-де болды. Жасыл белдеу аумағын ұлғайту мақсатында мекеме басшылығына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде жапырақты көшеттердің алқабын ұлғайту, қаладағы ағаштарды көбейту, сондай-ақ біржылдық және көпжылдық гүлдерді өсіруге арналған жылыжай кешенін салу міндеттері бар.