Басты жаңалықтар

Республикада көш бастады, өсім — 126,3

Cалыстыру – жұмыс деңгейін көрсетеді, талдау – болашаққа нақты болжау жасауға көмектеседі. Қазір әр өңір өзінің биылғы жылдың алғашқы жартысында атқарған жұмыстарының қорытындысын шығарып, талдау жүргізіп жатыр. Түркістан облысы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығын жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен аяқтады.

Экономикалық өсім 126,3 пайызды құрап, өңір республика бойынша 1-орынға шықты. Жалпы өңірлік өнім көлемі бірінші тоқсанда 1 трлн 129,9 млрд теңгеге жетіп, өсім 109,6 пайызды құрады. Бұл нәтижелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында талқыланды. Осы жиында облыс әкімі индикаторларды орындай алмаған басшыларға сын-ескертпе айтып, жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша облысымыз бірінші орынға шықты. Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Бірақ кейбір аудан, қалалар өздеріне жүктелген индикаторды толық орындай алмады. Ауызша ескерту береміз, бірақ 9 айдың қорытындысымен сол кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Әрбір аудан, қала, ауыл әкімі өзі басқаратын аумақтағы табыс көздерін, қаржылық жағдайын, экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін жақсы білулері керек. Сонда ғана негізгі экономикалық көрсеткіштер ұлғаяды. Әкімдіктер мен жауапты басқарма басшылары тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өңірде ашылып жатқан зауыттар мен кәсіпорындарға жергілікті тұрғындарды тартуға назар аударсын. Жұмысты күшейтіңіздер. Жұмыспен қамту, туризм, білім саласындағы мәселелерді шешіп, жұмысты жандандырған жөн, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәлім етуінше, 6 айда облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі 873,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайызға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 423,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 150,8 пайызға жетті. Тау-кен өндірісінің көлемі 378,9 млрд теңгені құрап, 119 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы саласында 325,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,7 пайыз болды. Сонымен бірге негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 894,6 млрд теңгеге жетіп, 144,4 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Оның 834,1 млрд теңгесі немесе 92,6 пайызы жеке инвестициялар есебінен қалыптасты.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 306,7 млрд теңгені құрап, өсім 125,5 пайызға жетті. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 474,9 мың шаршы метр болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,3 пайызды құрады. Сауда көлемі 476 млрд теңгеге жетіп, өсім 121,4 пайызды құрады. Көлік және қоймалау қызметінің көлемі 155,7 млрд теңгеге дейін ұлғайып, 114,8 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Байланыс саласында да оң динамика сақталып, қызмет көлемі 109,6 пайызға артты.

Жиын соңында облыс әкімі рейтингте төмен нәтиже көрсеткен аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының есептерін тыңдап, әрбір көрсеткіш бойынша нақты нәтиже шығаруды, жоспарлардың толық орындалуын және жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *