Біле жүріңіз

Итіңізге ие болмасаңыз…

Шымкенттің күн тәртібінен түспей келе жатқан проблемалардың бірі – қаңғыбас иттер мәселесі. Бүгінде қалада ондай иттер шұбырып жүр.

Бізге кешегі күні қалаға тойға келген Кәмшат есімді бір ауыл тұрғыны хабарласты. «Шымкент жайнап, жасарып кетіпті! Соны көріп, бір көңілім көтерілді», — деп әңгімесін жағымды сөзбен бастады ол кісі. Сосын проблемаға көшті. «Бірақ, көшелерде қаңғыбас иттер көп екен ғой. Азық іздеп жеке де, тобымен де жүрген иттер қаланың ана жер, мына жерінен көзімізге жиі шалынды. «Тату» деген тойхана жақтан жаяу өтіп бара жатқанымызда сол тұстан он-он бестейі шұбырып шыққанда бала-шаға түгілі, өзіміз сескендік. Кішкентайларымды талап тастай ма деп зәрем ұшты. Бірақ алаңсыз, шұбатыла жолды кесе келесі бетке жортып өте шықты. «Ит — иттігін жасайды» демекші, мұндай иттер аш болса немесе біреу тиіссе адамды талап тастайтын шығар. Ішінде аурулары болса тіпті қауіпті. Қалада бұларға қарсы қандай да бір шаралар атқарылатын шығар?» — деді оқырманымыз.

Қырық мың қаңғыбас ит бар

Иә, бұл бүгінде Шымкенттің тұрғындарын да көп толғандыратын сұрақ. Былтырғы жылы қала әкімдігінде өткізілген бір брифингте әкім орынбасары Сәрсен Құранбек бұған қатысты біраз мәлімет бергені мәлім. «Қалада қырық мың қаңғыбас ит бар», — деп, бұл проблемаға қатысты атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтқан болатын. Қаңғыбас иттердің аса қауіпті жұқпалы ауруы барлары ғана жойылатыны, басқалары ауланғаннан кейін екпе, стерилизация жасалып, шекті уақыттан соң қайтадан өзінің тіршілік ортасына жіберілетіні белгілі болған. Бүгінде қаланың әр-әр жерінде топталып жүрген қаңғыбас иттер сондай өңдеуден өткендері болса керек. Оларды аулау, арнайы ортада күту, вакцинация, стерилизация жасау үшін қазынадан жыл сайын бірнеше жүздеген миллион теңге қаржы шығындалып жатқаны да белгілі. Ал республика бойынша сома миллиардтап саналады.

Қалай болғанда да бұл мәселе қала тұрғындарын әлі де толғандырады. Өйткені кезекті оқу жылы таяп келеді, қысқа қарай күн қысқарады, сол кезде қала тұрғындары таң қараңғысында, кешкі ымыртта мектепке барып-қайтатын кішкентай балаларын қаңғыбас ит қауып ала ма деп уайымдайды. Өйткені осынша итті қаланың «Ақтас» шағынауданында ашылған арнайы питомникте ұстау мүмкін емес. Ол мың шақты итке ғана арналған.

 Енді эвтаназия жасауға болады

20 шілде күні «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң күшіне енді. Онда бұрынғы шыққан заңға жаңадан қосылған көптеген өзгертулер мен толықтырулар бар, соның ішінде эвтаназия жасау жөнінде де айтылған. Эвтаназия деген – қаңғыбас жануарды жою рәсімі, ол жануардың жанын қинамай, ағзасына тіршілігін жеңіл жоятын дәрі егу арқылы іске асырылады. Яғни ендігі жерде ауланған қаңғыбас иттердің кейбірі (заңда жойылуға жататын себебі нақтыланғаны) бұрынғыдай екпе, стерилизация жасап қайтадан еркіне жіберілмейді. Тіпті қандай да бір себеппен далаға шығып кеткен иесі бар иттің өзіне де қауіп жоқ емес: қабаған немесе ауруы бар болса ол да жойылуы мүмкін, бұрынғыдай иесі табылып, әкетілуі апталап күтілмейді. Әрине, бұл шаралардың бәрі де кешегі күні күшіне енген жаңа Заңда нақтылап көрсетілген ережелер аясында жасалады.

Итіңіз қапса, шығынын өтейсіз

Жаңа заң бойынша енді қарауындағы иті адам қапқандар зардап шегушіге келтірілген шығынды өтеуге міндеттеледі. Сондай-ақ, иті жеке және заңды тұлғалардың жануарына, мүлкіне залал келтіргендер де заң алдында жауапты болады. Мұны әсіресе «төрт аяқты досын» серуенге алып шығатындар мұқият есте ұстағаны абзал. Егер иті зардап шегушінің денсаулығына ауыр немесе орта дәрежелі залал келтірсе, онда егесі итіне эвтаназия жасатуға міндетті болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *