Президенттің өз Жолдауында айтқан «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда көп өзгерістердің орын алуына себеп болуда. «Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет.
Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мемлекеттік аппарат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Озық ойлы ұлт болу үшін әдептілік, өзара құрмет, ұстамдылық, сыпайылық сияқты қасиеттерді барынша дәріптеген жөн. Азаматтарымыз әдеп пен заңды мәжбүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек», – деген болатын өз Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаев.
«Заң мен тәртіп» қағидаты сот саласының жұмысына әсер етпей қоймайтыны түсінікті. Өйткені, құқы бұзылған адам оны қалпына келтіруді сот арқылы ғана жүзеге асыра алады. Құқықтық мәдениет, құқықтық сауаттылық артқан қоғамда сотқа жүгінушілер санының да өсе түсетіні түсінікті. Мәселен, Түркістан облысында осы жылдың алғашқы алты айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда азаматтық істер саны 61,5 пайызға көбейген. Оның басым көпшілігі шарттық міндеттерден және отбасылық қатынастардан туындайтын даулар екен. Қуанышқа қарай, татуласу рәсімдері 87,1 пайызға артқан. Бұл туралы Түркістан облыстық сотының 2026 жылдың I жартыжылдығында сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындылары бойынша өткізген кеңейтілген кеңесін Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы М.Арапов баяндады.
Облыстық соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Р.Хасеновтың келтірген дерегіне сүйенсек, осы жылдың 6 айында бірінші сатылы соттарға 1056 қылмыстық іс түскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 пайызға көп. Сондай-ақ, әкімшілік істердің де саны өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 18 пайызға көбейген. Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А.Байтурованың айтуынша, аудандық соттарда медиация келісімімен аяқталған істер өткен жылмен салыстырғанда 19,8 пайызға артыпты.
Тағы бір жағымды жаңалық: сотта ішкі құжаттар мен шығыс хат-хабарламалар бойынша мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіш 100 пайызға жуықтаған. Бұл жайында департамент басшысы Абзал Апбас айтып өтті.
Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов төрағалық еткен кеңейтілген кеңеске Жоғарғы Сот судьясы, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия төрағасы Нурия Сисенова да қатысып, сот жүйесін жетілдіру, сот төрелігінің сапасын арттыру және бірыңғай сот практикасын қалыптастыру бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды. «Кеңес соңында А.Сұлтанов бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындыларын шығарып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгілеп, сот төрелігінің тиімділігі мен сапасын одан әрі арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді», — деп хабарлайды Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
