Құқық Мәселе

Шымкенттегі тойханаларда оқушылар неге жүр?

          

Қайбір күні тойға барғанмын ғой. Элиталы тойхана. Той иесі де қарапайымдар қатарынан емес. Ондай жиында ығай мен сығайдың көп болатыны түсінікті. Еліміздің беткеұстар азаматтары аз жиналмады. Бірақ, менің айтпағым бұл емес еді…

         Тойханада қонақтарға қызмет етіп жүрген даяшылар он екіде бір гүлі ашылмаған, уыздай қыз-жігіттер екен. Дастархандағы азын-аулақ ас қалдықтарын тез-тез жинап, сусын құйып, қолды-аяққа тұрмай қызмет етіп жүр. Арасында тамақтан босаған көп ыдысты иығынан асыра көтеріп, қисалаңдап кетіп бара жатады.

Ақсақалдардың батасынан кейін бірін бірі құрметтеп, сыйласқан галстукты қонақтар стакан соғыстыруын жиілете бастады. Даяшыларға (олардың ішінде қыз балалар да бар) бос стаканды нұсқап «құйылмай қалыпты ғой» деп қайта-қайта зіркілдейді. Шыдамы таусылған біреуі «бөтелкені ортаға қоя салшы, өзім-ақ құйып отырайын» деді ашуланыңқырап. «Столға қоюға болмайды, өзіміз құюымыз керек» деп шырылдайды байқұс бала. Администратордың қатаң тапсырмасы осы болса керек. «Тағы кім не айтып қалар екен» деген көңілінде қорқыныш бар ма, әйтеуір жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды…

         Шыны керек, әлгі даяшы балаға жаным ашып кетті. «Балам, мектепке барасың ба?» деп сұрадым біреуінен. Шымкенттегі бір мектептің 10-сыныбында оқиды екен. Залдағы қонақтар жайғасқан стол саны 25-30 шамасы десек, әрқайсысында екі даяшыдан болғанда қанша бала қонақтарға қызмет етіп жүр. Ал енді бір қаланың өзінде қанша тойхана, кафе, тағы басқа қызмет көрсету орны барын, онда қанша оқушы қыз-жігіттер даяшы болып жүргенін елестете беріңіз… (Тойханалардың барлығының даяшылары оқушы болмауы мүмкін).

         Әрине, баланы жастайынан еңбекке баулыған дұрыс, бірақ заң шеңберінен шығып, бала құқын бұзуға бола ма? Кез-келген тойдың түн ортасына дейін тарқамайтыны, ал даяшылардың столды жинастырып, тойхананы тазалап бітпейінше үйлеріне қайтпайтыны түсінікті. Сонда оқушы-даяшылар үйлеріне қай уақытта қайтады? Еліміздің заңы жасы кәмелетке толмаған баланың ата-анасының біреуі қасында болмаса түнгі сағат 11-ден кейін үйінен тыс жерде жүруіне тыйым салған емес пе? Жуырда ғана түнгі рейдке шыққан шымкенттік тәртіп сақшыларының пәленбай жасөспірімді бейуақыт көшеде жүрген жерінен ұстап, ата-аналарына айыппұл салғаны жайында мәлімет тарады. Сол тәртіп сақшыларымыз түнгі мезгілде самаладай жарқырап, алыстан менмұндалап тұратын әсем тойханалардағы түн қатып жұмыс істеген жасөспірімдерді неге көрмей қалады? Әлде қалталылардың салтанат сарайына жақындауға жүрексіне ме?

         Заң бұзғаннан бөлек баланың болашағына балта шауып жатқанымыз жанға батады. Түннің ортасына дейін жұмыс істеген бала сабағын қалай оқиды? Ұйқысы қанбаған оның жүйкесі тынышталмай, денсаулығы сыр береді. Ақыл-парасатымен, тәрбиелілігімен әлемді таңқалдырып жүрген Жапон ғалымдары уақтылы ұйықтап, миы тыныққан баланың ойлау, қабылдау қабілеті төсекке кеш қисайған баладан әлдеқайда жоғары болатынын дәлелдеген. Ендеше, шаршап-шалдығып, кереуетіне түн ортасында сүріне-қабына құлаған баланың ертеңгі сабағына мүлдем дайындықсыз баратынына, сабақ кезінде де дымды түсінбейтініне бәс тігуге болады. Ең сорақысы, кіп-кішкентай ұл-қыздарымызға шарап құйғызып қойып, өзіміз қызара бөртіп, дарақы билеп, дөрекі сөйлеп, болашағымызға қандай тәрбие беріп, жөн көрсетіп жүрміз? Тіпті, өз перзентімен қатарлас сол даяшы қыздарға іштегі қызудың уытымен қырындап, бір сүйкеніп өткісі келетіндердің табылатыны да талассыз. Үлкендердің осындай «тәрбиесін күнде көріп, денсаулығынан айырылған, оқу үлгерімі төмендеген» баладан қандай болашақ күтуге болады? Оныншы сынып – оқушының барлық көңілін сабаққа бөлетін кезі емес пе?..

         Тойхананың ішкі-сыртқы сәулетіне қарасаңыз еріксіз таңдай қағып, әуесіңіз ауады. Құрылысына көп қаражат жұмсалғаны айтпаса да көрініп тұр. Осынша қаражаты бар, оның үстіне күн сайын қыруар пайда тауып отырған тойхана иесінің түнгі жұмысқа не үшін жасөспірімдерді тартатынына таң қаласың. Әрине, ересектеу адамдардан оқушы балаларды жұмысқа тартқан той иесі үшін арзанға түседі. Жас отбасы иелері азын-аулақ ақшаға алданғысы келмейді. Сонда қарақан қалтаның қамы ұлт болашағынан, ел келешегінен де маңызды болғаны ма?

Жоғарыда тойда ығай мен сығайлардың көп болғанын неге айттым? Төрден орын алып, алғашқылардың қатарында құрметті қонақ ретінде сөйлегендердің бірі де бұл мәселені қаперіне алмағаны өкінішті. Бәлкім іштей қынжылғандары да болған шығар, бірақ, ашып айта алмағанына қарағанда «күресерге дәрмен жоқ»…

         Қайбір жылы қаладағы үлкен-үлкен тойхана егелері салық төлеуден жалтару мақсатында іргелі салтанат сарайында жұмыс істейтіндер санын 3-4-еу ғана етіп көрсеткені белгілі болғанда бір таңқалдырып еді. Енді мына әрекеті тым сорақы емес пе?!.

         Нұр Мекен.       

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *