Жолдағы апат санын азайту үшін заң қатайып, айыппұл көлемі артуда. Көше мен үлкен жолдарда жылдамдықты бақылайтын камералар көбейген. Ол аз болғандай, 4 желтоқсаннан бастап жаңа заң күшіне енді. Енді жолдағы камераға жылдамдықты асырып түспегеніңізбен, бір қаладан екінші қалаға белгіленген уақттан ерте барсаңыз да айыппұл артыңыздан келе береді. Мұның бәрі қазынаға түсіп жатқан қаржыны көбейту үшін ғана емес, қауіпсіздікті арттыру, адам өмірін сақтау үшін жасалап жатқан қадам екені белгілі. Соған қарамастан адам шығынымен аяқталатын жол апаттарының азаятын түрі жоқ. Бұл бір аймақта немесе өңірде емес, елде болып жатқан жағдай.
Сөзіміз жалаң болмас үшін айтайық, Кентау қаласында жол-көлік оқиғалары мен жол ережесін бұзғандарға толтырылған хаттамалар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31,7 пайызға жоғарылапты. Бұл жөнінде жуырда Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен жиында сөз болды. Қалалық әкімдікте өткен кездесуде жергілікті полиция бөлімінің басшысы Бағлан Янкин жол көлік оқиғаларының профилактикасы, оның ішінде адам өліміне алып келген оқиғалардың алдын алу туралы баяндаған.
Қаланың бас полицейінің сөзіне қарағанда Кентауда профилактикалық жұмыстарды жақсарту мақсатында жыл басынан бері «Құқық тәртіп», «Қауіпсіз қала», «Түнгі қала», «Борышкер», «Автобус», «Тасымалдаушы» және «Қадағалау» республикалық және облыстық жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Соған қарамастан 2024 жылдың 9 ай көлемінде жалпы 9739 әкімшілік хаттамалар анықталып, көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 31,7 пайызға көбейген. Демек жұмысты әлі де ширата түсу керек.
Кентау қаласы бойынша жалпы 66 бейне бақылау камералар орналастырылған. Оның 2 данасы — Сергек, 5 данасы — Мерген камерасы. Аптаның әр жұма және сенбі күндері Кентау қаласына қарасты елді-мекендерде жол көлік оқиғасын және құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында полицияның кешенді күштерімен рейдтік іс-шаралар өткізіліп, іс-шара барысында құқықбұзушылық жасаған жалпы 265 электроскутерлер және мопедттер анықталған.
Кентау қаласы аумағында 2024 жылдың 9 ай көлемінде 29 жол-көлік оқиғасы орын алыпты. Әрине бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біршама аз. Бірақ бұған қарап полиция қызметкерлері арқаны кеңге салуға болмайды.
Ж. Жұмабай,
Кентау қаласы.