Роналду мен Месси – миллиардер
Футболдан кезекті Әлем біріншілігі басталар алдында әйгілі «Форбс» дүние жүзі бойынша ең жоғары жалақы төленетін 11 аяқдоп шеберінің тізімін жариялады. Олардың соңғы бір жылда алған еңбекақы мөлшері 38 миллионнан 300 миллион долларға дейін жеткен.
Тізімде бірінші орында португалдық Криштиану Роналду тұр. 41 жастағы ойыншының бір жылда алған жалақысының жалпы мөлшері 300 миллион долларға жеткен. Ал жалпы байлығы 1 миллиард 200 миллион доллар болыпты. Ол осымен 6-шы мәрте Әлем чемпионатында өнер көрсетуде. Екінші орындағы аргентиналық Лионель Мессидің табысы Роналдудікінен 160 миллионға аз. 38 жастағы Месси өткен бір жылда 140 миллион доллар табыс тапқан. Дегенмен ол да миллиардер, байлығы 1 миллиард 100 миллион долларға тең деп бағаланған. Яғни аталған тізімге екі футболшы-миллиардер еніп отыр.
Л.Месси де қазір өтіп жатқан Әлем чемпионатында өнер көрсетуде. Бүгінде ол германиялық Мирослав Клозенің рекордын жаңартып үлгерді, яғни Мессидің Әлем чемпионаттарында соққан голдарының саны 16-дан асты. Онда алда әлі де гол соғатын мүмкіндіктер баршылық.
18 жасында – 43 миллион доллар…
Тізімді жалғастырайық. Мадридтің «Реал Мадрид» командасының саңлағы, 27 жастағы Килиан Мбаппе бір жылда 95 миллион доллар жалақы алыпты. Ағылшынның «Манчестер Сити» ойыншысы, 25 жастағы норвег Эрлинг Холанд 80 миллион доллар тапқан. Оның құрдасы, бразилиялық Винисиус Жуниордың табысы – 60 миллион доллар. 33 жастағы мысырлық футболшы Мохамед Салах 55 миллион доллар иеленіпті. Сауд Арабиясының 34 жастағы футболшысы, түбі сенегалдық Садио Маненің табысы – 54 миллион доллар. «Реал Мадридтің» 22 жастағы аяқдоп шебері, ағылшын Джуд Беллингем – 44 миллион, «Барселонаның» 18 жастағы ойыншысы Ламин Ямал – 43 миллион, 32 жастағы германиялық Гарри Кейн 41 миллион доллар табыс тапқан. Ал 34 жастағы әйгілі бразилиялық Неймардың жылдық табысы 38 миллион долларды құраған екен.
Иә, доп ойнағандар озып тұр.
