Мыңжылқы Бердіқожаев – еліміздегі танымал тұлғалардың бірі. Оның танымалдылығы — өз ісінің білікті маманы болуында. Ол Қазақстан Республикасы Президент ісі басқармасына қарасты медициналық орталық ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары. Жоғары санатты нейрохирург. Әлеуметтік желіде өз оқырмандарына түрлі пайдалы кеңестер ұсынып отыратын білікті маман жақында инстаграмда жарықтың (грыжа) пайда болу себептері туралы айта келіп, оны болдырмаудың жолдары жайлы да тамаша кеңестерін ұсынды.
Мыңжылқы Сайлауұлының айтуынша, күнделікті тұрмыста адамдар қарапайым ғана қағидаттарды ескере бермейді. Мысалы, аяқ киімді кию үшін тізені бүгіп, отырып барып кию керектігін, еденді жуғанда әйелдер көбіне тізені бүгу арқылы еңкейіп жумайтыны да өз кезегінде біртіндеп бел омыртқаға залалын келтіреді екен. Мұның салдары уақыт өте келе жарықтың (грыжаның) пайда болуына әкеп соғатынын ескермейміз.
Әлемді алаңдатқан коронавирус індеті өршіп тұрған кезде де дәл осы дәрігер ТВ, радио арқылы «Мыңжылқылық кеңес» айдарымен ел азаматтарына құнды кеңестерін айтып, індетке шалдықпаудың жолдарын нұсқап отырғанын білеміз. Десе де біз жақында Мыңжылқы Бердіқожаевтың операция залында міндетті түрде Құран сүресін қосып қоятын дағдысы барын біліп, риза болдық.
«Соңғы уақытта, нақтылап айтар болсам, бір жылдан бері операция кезінде «Бақара» сүресін қосып қоямын. Оны операцияға жатқызылған науқас қана емес, дәрігерлер де, барлық бригада тыңдайды» деген ол бір жылда жарты мыңға жуық ота жасап, дертіне шипа іздегендерге дем берген екен. «Егер науқасқа ота жергілікті анестезиямен жасалса сүрені ол да тыңдап жатады. «Бақара» – мықты сүре. Рас, кейбір дәрігерлер музыка тыңдағанды жөн санайды. Өзім де музыка тыңдап көрдім, кейбір жағдайларда алаңдатады екен. Ал күнде бір сүре тыңдау алаңдата қоймайды, арасында таныс сөздер де бар. Қуат береді. Күш сыйлайды. Бастапқыда бұл күрделі операция кезіндегі амалдардың бірі ретінде пайдаланылғанымен, қазір тылсым күш беретін әсері барын жасырмаймын», — дейді ол.
Мыңжылқы Сайлауұлы тылсым күштің барына, Құдайдың құдіретті екеніне сенім артады. Содан болса керек, ол операцияға дайындалып жатқан, дерті өте ауыр науқастан міндетті түрде түнде қандай түс көргенін сұрауды ұмытпайды екен. «Егер ауыр жағдайдағы науқас түсінде өмірден өтіп кеткен ата-бабасының, туыстарының бірін көріп және ол мұны өзіне шақырғанын айтса мен ол операцияны жасаудан бас тартамын», — дейді ол. Көбіне операцияға дайындалып жатқан науқастың көңіл-күйін аулауға тырысады екен. «Ішкі түйсігім алдамайды. Науқастың көңіл-күйінде алаңдаушылық, қобалжу байқалса мен ол операцияны кейінге қалдырамын. Оның жақсылап тынығып, ештеңені уайымдамай, дәрігерге сенім артып, алаңсыз қалыпқа түсуін күтемін. Себебі, біздер өте күрделі деңгейдегі операцияларды жасаймыз. Оның сәтті шығуы медициналық құрал-сайманымыздың керемет болуына немесе заманауи қондырғының көмегіне байланысты емес. Маңыздысы — науқастың көңіл-күйінің қалыпты, айығып кетуге деген сенімінің жоғары болуы. Егер оның ішкі ойы «тұз-дәмім таусылғаны осы шығар» деп тұрса дәрігер қанша тырысса да оның денсаулығын жуық арада жақсарта алмайды. Сол себепті де мен науқастардың көңіл-күйіне көп мән беремін».
Айта кету керек, былтыр ол жасаған 500-ден аса операцияның 300-ден астамын Алматыда, 100-ден астамын Астанада жасаған. Сонымен қатар, Мыңжылқы Бердіқожаев еліміздің әр өңіріне, аймақтарға шығып, дертіне шипа іздегендерді арнайы қабылдап, кеңес беріп, операция жасап тұрады. Оны көрші мемлекет — Өзбекстанға да жиі шақырып тұрады екен. Ол жаққа да жиі баратын ол Ташкенттің төрінде 70 операция жасағанын айтады. Күніне 14-17 ота жасаған кездері де болыпты. Бір күнде 12 сағат бойына тікесінен тік тұрып жұмыс істейтін хирургке алғысын жаудырып жататын пациенттері өте көп.
Алматыдағы «совмин» аталып кеткен ауруханада жасаған ең ұзақ операциясы 15 сағатқа созылғаны бар. «Бұл операция 2008 жылы болған еді. Есімнен кетпейді. Науқасқа отаның ашық түрін жасаған едік» деп еске алады сол күндерді дәрігер. «Қазір ауруханалардағы жағдай жақсарған. Түрлі заманауи технологияларды қолданамыз. Он жыл бұрын шамамен 5 сағатқа созылатын операцияны қазір 30 минутта жасайтын кездер болады».
Мыңжылқылық кеңестің тағы бірі — адамдардың өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, дәрігерге дер кезінде көрініп тұру керектігі. Мысалы, денсаулығына мән беретін адам жылына 2 рет тіс дәрігеріне көрініп, өзі тіркелген емхананың скрин тексеруінен өтіп, қандағы қант мөлшерін тексертіп отыруға тиісті екен. Түрлі анализдерді тапсырып, жылына бір текскеру де артық емес дейді ол. Осындай құнттылықтың болмауынан отандастарымыздың арасында қан қысымының жоғарылауы белең алуда. Ол қанды қоюлатып жібереді. Қан қоюланудан болатын түрлі аурулардың кесірінен жастай қайтыс болып жатқандар да жоқ емес. «Басы жиі ауыратындар уақыт созбай дәрігерге көрінуі керек. Артериялық қан қысымынан бас жиі ауырады. Мұндай адам күндердің бір күнінде ойламаған жерден инфаркт, геморрагиялық инсульт алуы мүмкін», — дейді М.Бердіқожаев.
Мыңжылқы Сайлауұлының есімін әкесі Созақта қойған екен. Тұңғыштары ерте шетінеп кеткен Бердіқожаевтар отбасына кезінде бір ақсақал «бастарың әлі жас қой, Алла қаласа балалы боласыңдар. Бір жылдан соң қыз, үш жылдан соң ұлдарың болады. Қыз мереке күні туылады. Оның атың Мейрам деп, ұлдың атын анау тұрған таудың атымен атаңдар» деп сәуегейлік айтып, Мыңжылқы тауын нұсқаған екен. Бүгінгі білікті дәрігердің әкесі Сайлау Бердіқожаев эстрада әншісі болған. Ауыл-ауылды аралап, концерт қояды екен. Болашағына болжам жасап, көңілін көтерген сол бір ақсақалдың айтқаны айна қатесіз келіп, Бердіқожаевтар қызды да, ұлды да болыпты.
Қазақстандағы 100 жаңа есім тізімінен ойып тұрып орын алған білікті дәрігер, жоғары санаттағы нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев осындай азамат.
Ж.ШАЛАБАЕВА