«Кармен» – әйгілі фанцуз жазушысы Просперо Мерименің классикалық шығармасына айналған новелласы. Осыдан 197 жыл бұрын жазылған шығарманың өн бойындағы айтылар ой мен оқиға өзекті жанға қоғамның (қай кездегі болсын) талай мәселесін баяндайды.
Махаббат пен еркіндік таразы басына қойылып, адалдықтың азабы бар. Иә-иә, бір қарағанға қызғаныштың салдары боп көрінгенімен Хосе Карменге деген махаббатына адал. Еркіндігін ешкімге тұсаулатқысы келмеген, тәкәппар, қылықты сұлу Карменнің де өз азабы жетерлік. Жеңіл жүрісті әйелден туып, әйелінің көңілдестерінің көзін құртқан баскесер әке көрген Карменнің өз шері бар. Десе де ешкімді басындырмаған асаулығы, аярлығы, сатқындығы үшін тартар тауқыметі көп.
Театр сүйер көрермен үшін өзге театрларда балет, опералық қойылым ретінде танымал болған сол «Карменді» Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры маусым жабар ретінде сахналады. Қоюшы режиссер — ҚР еңбек сіңірген қайраткер Бекболат Құрманқожаев. Басты кейіпкер Карменді театр әртісі Ж.Бекмұрзаева сомдады. Хосе – Н.Орынбек.
Карменнің қылығы еркектерді өзіне магнитше тартатыны аздай, оның өмірсалты бір түндік желік, торына түсіргенді тонап тынар аярлыққа толы. Қайсарлығы мен бірбеткейлігі де жетерлік. Міне, Б.Құрманқожаев қойған «Кармендегі» басты кейіпкерде жолында кездескен еркектің бәрін арбайтын нәзіктік пен сұлуға тән қылықтан гөрі өжеттік басым, асау мінезді Карменді көрдік. Кейде бетпақтыққа салынған бойжеткен. Талдырмаш сұлу мүсіннің, иілгіш белінен гөрі, қадамы тарпаң Кармен. Әрине, әр әртіс өз Карменін сахналайтыны жасырын емес. Актриса Ж.Бекмұрзаеваның Кармені мінезді Кармен.
Карменнің тау соқпақтарында сайыпқырандай сергек жүретін достары контрабандалық тауарларды өткізумен айналысады. Кісі тонап қарашқылық етеді. Махаббаты үшін бәріне дайын Хосенің басы Кармен үшін талай бәлеге қалды. Енді ол әскери адам емес. Тау сағалап, Карменнің қарақшы достарының тобырына қосылмасқа амалы қалмаған. Махаббатқа деген адалдықтың азабы ақырында Хосені талай рет кісі өлтіруге мәжбүрлейді. Карменнің көңілдестерімен төбелесіп жүріп өлтіріп тынады. «Тек менімен бол! Мендік бол! Мына кәсібіңді тастап, жаңа өмір бастайықшы» деп жалынады. Хосе Карменнен осыны өтінеді. Ақыры болмады. Болмаған соң, өлтіріп тынды.
Қалай десек те шаниндік театр майталмандарының әлем әдебиетінің жауһары саналатын «Карменді» сахналауы «браво!» дегізерлік іс. Либеретто, опера жанрында әркім-ақ қойып жүрген «Карменнің» дарамалық қойылым ретінде сахналануы әрине қуантарлық дүние.
Айтпақшы, Ж.Шанин тетарының мақтанышпен айтар сүйінші жаңалықтары аз емес. Жақында ғана Албания мемлекетінің Корча қаласында өткен «ALBOMONA — 24» халықаралық монодрама фестивалінен театр жүлдемен оралды. Өзге елдерден де, яғни 7 мемлекеттің театрлары қатысқан фестиваль сахнасында шаниндіктер «Медеяны» қойды. Фестивальдегі мүйізі қарағайдай халықаралық қазылар алқасы «Ең үздік режиссерлық жұмыс» номинациясымен Ж.Шанин театрын марапаттаған. Бұл үлкен жетістік.
Мұндай табыс, жеңіс көп бола берсін! Ал сіз театрға барып тұрыңыз, оқырман!
Жәмила Жайлаубекқызы