Мәселе

Созақта білім бөлімі сәбіздің 1 кг 16 мыңға алмақшы болған


Сыбайласқан жемқорлық қоғамның жегі құртына айналғалы қашан. Десе де оған қарсы ымырасыз күрес жүргізіп жатқандар да баршылық. Айласына сырғысы келетіндердің әсіресе бюджет қаржысын оңды солды пайдаланатыны бар. Міне, жемқорлыққа қарсы күрес ашқандар дәл осы айлакерлердің әккі ісіне тосқауыл қоюға кіріскен.

Түркістан облысындағы жемқорлыққа қарсы еріктілер 578,7 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алып отыр.

Мысалы, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бір тоннасы үшін нарықтағы құны 15 мың теңге тұратын көмірді 250 мың теңгеден сатып алуды ойластырған. Еріктілердің араласуынан кейін ғана бұл сатып алудың жолы кесіліп, бюджеттің 30,2 млн теңгесі үнемделді.

Сол сияқты Отырар ауданы Қарақоңыр ауылдық округінің әкімдігі электр энергиясының 1 кВт-ын 580 теңгеден сатып алмақ болған. Бұл іске де еріктілер кірісті де, бюджеттің 26,1 млн теңгесін үнемдеп қалды.

Ал, Созақ ауданының білім бөлімі елде жоқ бағаға бюджеттің қаржысын жұмсамақшы болған. Қалай дейсіз бе? Бөлімге қажетті 1750 келі сәбіздің бір келісін 16 786 теңгеден сатып алмақшы болған. Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен енгізілген ұсынымдардың нәтижесінде 29,0 млн теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.

–Түркістан облысының еріктілері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы басталғалы бері мемлекеттік сатып алу порталының мониторингілеу барысында 578,7 млн теңгенің негізсіз жұмсалуының алдын алды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда, өңір тұрғындарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер қатарына қосылуға және бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін бірге бақылауға шақырамыз, — дейді Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің мамандары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *