Жастар – үлкен күш. Оларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жақсы маман болып қалыптасуына, алғашқы еңбек жолына қадам басуына қолғабыс жасау маңызды. Осы және өзге де мақсатта Түркістан облысында жыл басынан бері 4536 іс-шара ұйымдастырылып, оған 434 мыңнан астам жас қамтылған. Ресми дерекке жүгінсек, өңірде жыл басынан бері 15-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Өңірдегі жастар саясатын іске асыру мәселелері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы жастарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды.
– Облыстың жастар саясатын дамыту бағытындағы жұмыстарға талдау жүргізіп, жаңа қадамдық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді қолға алыңыздар. Одан өзге жастар арасындағы қылмыстың алдын алу және оның деңгейін төмендету, жұмыспен қамту, көшбасшы жастарды даярлау бағытындағы жұмыстарға баса назар аудара отырыңыздар. Сондай-ақ, жастар арасында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, ғылыми-техникалық мамандықтардың маңыздылығын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл осы салада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оңың мәліметінше, жыл басынан бері аудан-қалаларда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Интернет-алаяқтықтың, сыбайлас жемқорлықтың және нашақорлықтың алдын алу мақсатында 590 нысанда аудиоджинглдер қосылып, 650 ақпараттық плакат орналастырылған. Сондай-ақ «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында өткен оқу жылында 7 мыңнан астам профилактикалық кездесу өткізіліп, оған 450 мыңнан астам оқушы қатысты.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыста 18 жастар ресурстық орталығы мен 149 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Өңірде 27 713 жас волонтер тіркелген, жастарға арналған 1540 үйірме жұмыс істейді. Жастардың кәсіби бағдарын зерделеу мақсатында биыл Республикалық «Жастар» ғылыми-зерттеу институтының мамандары аудан, қалаларда NEET санатындағы жастармен кездесулер өткізіп, оған 1700 жас қатысқан. Нәтижесінде жұмыспен қамту және кәсіби бағдар беру бағытындағы ұсыныстар әзірленді. Жыл басында «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінде 12 023 NEET санатындағы жас тіркелсе, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде олардың саны 8 332-ге дейін азайған. Мансап орталықтары арқылы 1567 жас жұмыспен қамтылды. Жұмыссыз және NEET санатындағы жастарға облыстағы 16 өндірістік кәсіпорынға экскурсия ұйымдастырылып, оған 1685 жас қатысты.
Кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру бағытында биыл 44 967 жасқа кеңес беріліп, жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1140 жас грантқа ие болды.
