Оқшау ой

Шымкентте неге жеміс ағашы аз?


Шыбық шаншыса шынар өсетін өңірде тұрамыз. Қазақстанның басқа аймағына қарағанда Шымкент қаласы мен оның төңірегі әсіресе, жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы. Сондықтан да қала көшелеріне, саябақтарға мейлінше жеміс ағаштарын отырғызған дұрыс деп есептеймін.

Орталық даңғылдардың орта беліндегі сәндік ағаштарға қарсылығым жоқ. Қаланың көркін ашу үшін ол да қажет. Қылқан жапырақты ағаштарды жолдың ортасындағы бөлікке сәндеп еге берсін. Ал шағынаудандардың ішкі көшелерін көріктендіргенде жеміс ағаштарын ексе деймін. Шие, өрік, алма сияқты ағаштарды неге екпеске? Бұл сол маңдағы тұрғындардың болашақта жемісін теріп пайдалануына да жақсы. Сауапты іс қой.

«Нұрсәт» шағын ауданының Назарбек көшесі бойындағы кей үйлердің аулаларын көріктендіріп, гүл, шырша отырғызып жатқанын байқадым. Шыршаны негізгі жолдың бойына еге берсін. Көлік жүретін жолдың екі жиегін осылай көркейтуіне қарсылығым жоқ. Ал, көпқабатты үйлердің ішкі аулаларына шие, өрік, алма, алмұрт, қара өрік ексе деймін. Бұл көпқабатты үйде тұратын тұрғындар үшін де өте қажет.

Осы, елдің бәрі Кореяда сакураның гүлдегенін жыр ғып айтып, әлемнің түкпір түкпірінен соның гүлдегенін көру үшін миллиондаған турист баратынын әңгіме қылады. Осындай жағдайды өзімізде де жасауға болады деп ойлаймын. Бұл орайда Шымкент өте қолайлы. Шие ағаштары алаңқайын немесе өрік ағаштары саяжолын неге жасамасқа?! Тағы бір саябақты алма ағаштарына арнайық. Қаланың баласы әрі жемісін жейді, әрі саясын паналайды. Гүлдеген кездегі сұлулығы өз алдына?! Сауап істің бірі – ағаш егу. Соның ішінде ел жесін деп жеміс ағаш егудің сауабы еселене түседі деген ойдамын.

Сая ЖҰМАҒҰЛОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *