Шын жазушы өлмейді екен,
Оны жерге көмбейді екен…
(Бала күнгі тақпақтан)
Біреу теңеп Бейімбетке,
Үлгі болдың
кейін көпке.
Біреу теңеп Шукшин деді,
Енді біреу Бунин деді.
Барлығына ұқсамайтын
Төл қазақи үнің бе еді?!
Басталған-тын қаһарманым,
Жеңіс жылы сапарларың.
Сексеніңе жете алмадың,
Сиреп қалды-ау қатарларың.
Кім жаза алар бипаз үнді
Мархабаттың мақамдарын.
Түлкібастан қанат қаққан,
Шымқаладан тағат тапқан.
Самғағанда қыраным ең,
Бұлттан асқан пырағым ең.
Әңгіменің шебері едің,
Хикаяттың кемелі едің.
“Шілдеменен”есік ашып,
“Сырбұлақпен”жалғастырдың.
Таупістелі төсін ашып,
“Киікотына”алмастырдың.
“Нәуірзекті”сағынғанда,
“Интернаттың баласы” боп.
“Қозапая”табылғанда,
“Аңсар”жүрек даласы боп.
“Дауыстың түсі”болатынын,
Сенен естіп біліп едік.
“Махаббаттың машақатын”
Оқығанда күліп едік.
Жазып-жазып бұл өмірді,
Кете бардың жан ағам-ау.
Ауырттың ғой жүрегімді,
Аңсап жатыр далаң анау.
Қызғалдақтар қырды өртеген,
Алды өзіңді құшағына.
Кітаптарың гүл көмкерген,
Пейіш жаққа ұшады ма.
Сен бір жаққа аттанғанмен,
Отың қалды лаулап жанып.
Ортамызда жоқ болғанмен,
Ізің қалды қаулап жарық.
Бүгін-дағы күлімсіреп,
Сәл жымиып,мыңыншы рет.
Осынау залды аһ ұрғызып,
Қозғалтпастан отырғызып.
Жүріп келер сияқтысың,
Кіріп келер сияқтысың.
Таупістелі-жұмақ екен,
Аққан кәусар бұлақ екен.
Қаратаудың қойнауында
Хор қыздары тұрады екен.
“Ақсуым-арым!”-дедің,
“Жабағылым-жаным!”-дедің.
Кітап жазып өзің жүрсің,
Таусылмайтын сезім-жырсың.
Шын жазушы өлмейді екен,
Ол жұлдыз боп сөнбейді екен…
Таупістелі-жұмақ екен,
Аққан кәусар бұлақ екен.
Қаратаудың қойнауында
Хор қыздары тұрады екен.
“Ақсуым-арым!”-дедің,
“Жабағылым-жаным!”-дедің.
Кітап жазып өзің жүрсің,
Таусылмайтын сезім-жырсың.
Шын жазушы өлмейді екен,
Ол жұлдыз боп сөнбейді екен…
Бауыржан Жақып, ақын.
Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы.