Басты жаңалықтар Қоғам

Шымкент әкімдігі неге үнсіз қалды?

21-сәуір күні кешкісін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім. Оған әкімдік ғимараты жанында оқ атылған болатын. Ауыр жарақат алған Берденов шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер жедел ота жасап, оны аман алып қалды. Ол жайлы мына сілетемеде https://ozgepikir.kz/?p=8060

Бұл қылмыс орын алған сәттен көп ұзамай-ақ әлеуметтік желілерде қастандықтың себебі туралы түрлі алыпқашпа сөздер айтылып жатты. Ал қала әкімдігі тарапынан бұған қатысты ешқандай да мәлімдеме жасалған жоқ. Неліктен?

Мұның себебін кешегі сәрсенбі, 23-сәуір күні өткізілген кезекті брифинг кезінде БАҚ өкілдеріне қала әкімінің орынбасары-ресми өкілі Сәрсен Құранбек түсіндірді. Брифингтің негізгі тақырыптары бойынша баяндама жасамас бұрын ол аталған оқиғаға қысқаша тоқталып өтті.

 «Жалпы, бұл жағдай орын алған кезде қала әкімі де, әкімнің барлық орынбасарлары да, аппарат басшысы да – барлығымыз жұмыста болғанбыз, – деді С.Құранбек. – Оқ атылған орынға тез арада шықтық. Полиция шақырылды, жедел жәрдем шақырылды. Содан кейін Руслан Берденов тез арада ауруханаға жеткізілді. Күдікті сол жерде ұсталынды.

Руслан Берденовке қалалық №1 ауруханада операция жасалынды. Жасалған операция ұзақ уақытқа созылды. Қала әкімі, орынбасарларымен ота біткенше ауруханада болдық. Түнгі сағат екілердің шамасы болса керек, ота аяқталған соң ғана тарадық. Яғни біз жағдайды толықтай бақылауда ұстадық.

Осы жерде екі мәселені айта кету керек. Біріншісі – полиция департаментінің дер кезінде осыған жедел шара қолданғанын, күдіктіні ұстап, қамауға алғандығын және тез арада тергеу амалдарын бастап кеткендігін айтуымыз керек.  Оған, әрине,  Шымкент қалалық полиция департаменті де, қалалық прокуратура да – барлықтары өз үлестерін қосты. Медицина қызметкерлері де өздерінің кәсіби біліктіліктерін көрсетті, отаны жоғары деңгейде жасап шықты. Осыған орай қала әкімдігінің атынан полиция қызметкерлеріне және медицина қызметкерлеріне өзіміздің тарапымыздан үлкен рахметімізді айтамыз.

Біздің сол кезде ешқандай әлеуметтік желіге шықпауымыз, тіпті қазір де ешқандай түсініктеме бермеуіміз – қылмыс жасалынған жерде біздің өкілеттілігіміз жүрмейді. Қылмыс жасалған жерде полицияның өкілеттілігі басталады. Құқық қорғау органдарының өкілеттілігі басталған жерде жергілікті атқарушы органның өкілеттілігі жүрмейді. Осыған байланысты бұл оқиғаға байланысты түсініктеме беру полиция департаментінің құзіретінде. Ал енді денсаулыққа қатысты нәрсенің барлығы  денсаулық сақтау басқармасына қатысты екенін ескеруіміз керек.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Прокуратура тарапынан бақылауда. Сондықтан сіздердің сұрақ қоятындарыңызды білеміз. Бұл адамның қылмысқа не себепті барғандығын біз нақты айта алмаймыз. Тіпті айтуға құқымыз да жоқ. Біздің өкілеттігіміз де жоқ оны айтуға. Тергеу амалдарының дұрыс жүргізілуі үшін біз бұл туралы ешқанай комментарий бере алмаймыз Сәйкесінше, түсініктемелердің барлығы полиция департаменті тарапынан сіздерге  өз кезінде, тергеу барысы аясында, мүмкін сотқа жолдану барысында берілетін болар. Қазіргі таңда мәлімдемеміз қылмыстық істі тергеп-тексеруге әсері болмасы үшін біз бұл тұрғыда ешқандай мәлімет бере алмаймыз.

Қылмыс жасаған адамның бұл қылмысқа не үшін барғаны жайында әртүрлі алыпқашпа әңгімелер айтылып жатыр. Біздің білуімізде оның ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Тергеу өз нүктесін қояды. Тағы сауалдарыңыз болатынына мен сенімдімін. Бірақ бұдан артық біздің айтарымыз жоқ».

Шымкентте орын алған атышулы қылмыстық оқиға туралы қала әкімінің ресми өкілі осылай деді. Бұдан кейін ол брифингтің негізгі тақырыптары (қаладағы әлеуметтік және басқа да мәселелер, су айдындары мен суға шомылатын арнайы орындар туралы) бойынша баяндама жасады, журналистердің түрлі сұрақтарына жауап берді.

Күнгей өңірдегі соңғы кездегі шулы қылмыстар туралы: https://ozgepikir.kz/?p=8078 оқи аласыз

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *