Uncategorized Біле жүріңіз

Жалақыны 1 жылдан кейін де өндіруге болады

Конституциялық Сот
маңызды түсіндірме берді

Бүгінгі таңда ел арасында еңбек даулары жиі кездеседі. Оның көпшілігі жалақы мәселесіне қатысты болып жатады. Табан ақы, маңдай термен келген жалақысын ала алмай, қайда барарын, кімнен көмек сұрарын білмей жүргендер аз емес. Міне, осындай келеңсіздікке кездесіп, адал ақысын ала алмай жүрген азаматтарға қандай құқықтық көмек қарастырылғаны жайында Сауран аудандық прокуратурасына сұрау салған едік. Прокуратура төмендегідей түсінік берді.

– Көптеген азаматтардың еңбек құқығына қатысты маңызды жаңалық бар. Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты 2026 жылғы 8 маусымда №81-НҚ Нормативтік қаулы қабылдап, жұмыскерлердің жалақысы мен өтемақысын өндіріп алу мерзіміне қатысты даулы мәселені шешті.

Бұған дейін Еңбек кодексінің 160-бабына сәйкес жұмыскер еңбек дауы бойынша сотқа бар болғаны 1 жыл ішінде жүгіне алатын. Осыған байланысты кейбір жұмыс берушілер жалақыны қасақана кешіктіріп, 1 жыл өткен соң «мерзімі өтіп кетті» деп сотта жауаптан құтылып кететін жағдайлар болған.

Мәселен, азамат А. да осындай жағдайға тап болды. Ол жұмыстан шығарылғаннан кейін 1 жылдан астам уақыт өткенде ғана пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақысын өндіруге сотқа арыз берген. Сот «1 жылдық мерзім өтті» деп арызын қанағаттандырудан бас тартқан.

Конституциялық Сот не деп шешті?

Конституциялық Сот Еңбек кодексінің 160-бабын Конституцияға сәйкес деп таныды. Бірақ маңызды түсіндірме берді: 1 жылдық мерзім абсолютті емес. Бұл мерзім тек еңбек қатынастарын қалпына келтіруге, яғни жұмыстан заңсыз шығарылған жұмыскерді қайта жұмысқа алуға қатысты. Ал жалақы, үстеме жұмыс ақысы, демалыс өтемақысы сияқты ақшалай төлемдерді жұмыскер Азаматтық кодексте белгіленген 3 жылдық жалпы талап қою мерзімі ішінде өндіріп ала алады.

Бұл нені білдіреді?

Енді жұмыс беруші жалақыны 6 ай, 1 жыл, тіпті 2 жыл бойы бермей келсе де жұмыскер 3 жыл ішінде сотқа жүгініп, өзінің ақысын толық өндіріп ала алады. «Мерзім өтті» деп заңды айналып өту мүмкін емес. Конституциялық Соттың бұл ұстанымы жұмыскер мен жұмыс берушінің теңдігін, әділдік пен құқықтық айқындылық қағидаттарын қорғауға бағытталған.

Қорытынды:

№81-НҚ қаулы – бұл қарапайым жұмыскердің қалтасын, еңбегін қорғаған шешім. Егер сіздің жалақыңыз уақтында төленбесе, үрейленбеңіз. Заң сіздің тарапыңызда. 3 жыл ішінде құқығыңызды сот арқылы қорғай аласыз.

Материал Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 8 маусымдағы №81-НҚ Нормативтік қаулысы негізінде дайындалды.

Сауран ауданының
прокуратурасы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *