Біле жүріңіз

Шардаралық Нұрбақыт еліміздегі үздік әкім


Өткен жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ауылдық округ әкімдері арасында «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсын өткізу қолға алынған болатын. Оның мақсаты — үздік ауыл әкімдерін анықтау және насихаттау. Байқау ауылдарды дамытуға және осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға оң септігін тигізеді деген сенім болды.

Расында бұл конкурсқа қызығушылар саны бірден көбейіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық ауылдық округ әкімдері өтінім бергенін атап өту керек. Облыстардың арасында Түркістаннан – 17, Қостанайдан — 14, Солтүстік Қазақстаннан — 12 , Жамбыл облысынан 12 әкім конкурсқа өтінім беріп, белсенділік танытқан.

«Жүзден жүйрік озар жарысқанда» демекші, «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауында Түркістан облысы, Шардара ауданы, Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітов жеңімпаз деп танылды. Екінші орынды Павлодар облысы, Успен ауданы, Новопокровский ауылдық округінің әкімі Вячеслав Симоненко, үшінші орынды Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшанов иеленді.

Тәуелсіз ел тарихында алғаш рет өткен ауыл әкімдерін сайлауда асығы алшысынан тұрған Нұрбақыт Нұрсейітов 2021 жылдың шілде айынан бері Шардара қаласының іргесіндегі Жаушықұм ауылдық округінің әкімі. Біз оны республикалық додада топ жарған ірі жеңісімен құттықтап, байқаудың қалай өткенін сұрадық. «Сайыс өңірлік және республикалық кезеңнен құралды, — дейді Нұрбақыт Дәулетбекұлы.– Алғашқы кезең өткен жылдың қыркүйек айында өтті. Оған Түркістан облысындағы 17 ауданнан бір-бір ауыл әкімі қатысты. Өңірлік кезеңде бақ сынаған әкімдер өз округтеріндегі халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған жобаларын қорғады. Күтілетін экономикалық және әлеуметтік әсері бар ауылдарды орнықты дамыту жөнінде ұсыныстар енгізді. Ал екінші кезеңде ауыл әкімдерінің ситуациялық кейстер арқылы проблемалық жағдайлар бойынша практикалық міндеттерді шешу қабілеті бағаланды.

Екінші кезеңде 12192 гектар жерді суландыру жобасын ұсындым. Тартылған инвестицияны, атқарылған нақты жұмыстарды, біршама критерилері бар көрсеткішті көрсету арқылы үздіктер көшін бастадым. Үміткерлердің еңбегін Республикалық мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Мәжіліс депутаттарынан құралған комиссия мүшелері бағалады.Ендігі жерде жауапкершілік жүгі екі есеге артып, жұмыс қарқынын да күшейту қажет екенін ұғынып отырмын.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздардан бөлек Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы Аблакет ауылдық округінің әкімі Арыслан Ағланбеков – «Үздік шаруашыл әкім», Қарағанды облысы Нұра ауданы Баршын ауылдық округінің әкімі Зәуре Мұханалиева – «Ашық әкім», Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Шағалалы ауылдық округінің әкімі Гүлмира Добромирова – «Үздік әлеуметтік жоба» номинацияларының иегерлері атанды. Байқау жеңімпаздары мен номинация иегерлерін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаев құрмет грамотасымен марапаттады.

Республикалық кезең қараша айында өткен болатын. Бірақ жеңімпазды анықтап, марапаттау жуырда болды. Менің жеңімпаз атанғаным жөнінде ауданға хабарлама келді. Ендігі жерде жауапкершілік жүгі тағы артып, бұрынғыдан екі есе артық жұмыс істеуге тура келеді. Айтылған жобалар қағаз жүзінде қалып қоймастан, іс жүзінде жүзеге асырылуы керек».

Ұ. ТӘМЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *