Шымкентте технологиялық кәсіпкерлікті өркендету, стартап-мәдениетті қалыптастыру, IT саланы және цифрлық білім беруді дамытуды мақсат тұтқан жаңа орталық ашылды. Оның ашылуына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қатысты.
IT стартаптардың, IT компаниялардың, робототехника мектебінің және Tech Orda бағдарламасына қатысушы жеке IT мектептердің, сондай–ақ Шымкент қаласының инновациялық жобаларының көрмесі өткен салтанатты шарада «Shymkent Hub «Astana Hub» білім беру және инкубациялық бағдарламаларын іске асыруға арналған платформа болатыны айтылды. Оның аумағында белсенді IT қоғамдастықтың қалыптасуына ықпал ететін түрлі іс-шаралар өтеді. Стартап жобаларды әзірлеу барысында қатысушылар кәсіпкерлік негіздерін, инвестицияларды тартуда қолдауды, қаржылық есеп жүргізуді және басқа да қажетті дағдыларды үйренеді.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңыздылығын атап өткен болатын.