Түркістанда бас қосты
Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің Жоғары Соттары төрағаларының Қазақстанға сапары 18-ші маусымда басталған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің Жоғары Соттары төрағаларын арнайы қабылдап, елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және құқықтық реформалар жөнінде айтып берді.
Кездесуде заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ сот жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері сөз болды. Ал 19-шы маусым күні Төрағалар Түркістанда бас қосты.
Түркістанда өткен ТМҰ-на қатысушы елдердің Жоғарғы Соттарының 2-ші конференциясына Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанның Жоғарғы Сот органдарының басшылары қатысты. Конференцияны Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев ашып, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды. Онда Мемлекет басшысы талқылауға шығарылған сот процестерін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, сотаралық ынтымақтастықты дамыту және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелерінің өзекті екендігін атап өткен-ді. Одан әрі төраға өз сөзінде: «Азаматтардың орналасқан жеріне қарамастан сот қорғауына қолжетімділігін қамтамасыз ететін заманауи, цифрлық және аумақтан тыс сот төрелігінің қазақстандық «Болашақ соты» тұжырымдамасы құрылған. Қазіргі кезде сот практикасын талдауға, істердің ықтимал нәтижелерін болжауға және қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық талдау құралдары мен судьялардың зияткерлік көмекшілері қолданылады», — деп атап өтті.
Конференцияда пікірталастың едәуір бөлігі инвестициялық тартымдылық пен инвесторларды сотта қорғау мәселелеріне арналды. А.Мерғалиевтің айтуынша, заңнаманың тұрақтылығы, құқық қолданудың болжамдылығы және тиімді сот қорғауы инвестициялық шешімдер қабылдауда негізгі факторлар болып табылады. Жиын барысында, сондай-ақ, Әкімшілік әділет реформаларының нәтижелері және АХҚО соты мен Төрелік орталығын қоса алғанда мамандандырылған институттардың рөлі атап өтілді. Қазақстанның негізгі бастамаларының бірі сот практикасымен және үздік құқықтық шешімдермен алмасу үшін ТМҰ Жоғары Соттарының бірыңғай цифрлық платформасын құру туралы ұсынысы айтылды. Барлық қатысушылар бұл бастаманы қолдап, оның сот төрелігінің сапасын арттыру және ТМҰ-на мүше мемлекеттердің сот жүйелері арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды нығайту үшін маңыздылығын атап айтты.
ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев интеграциялық процестерді соттық өлшеудің маңыздылығын атап өтіп, бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға назар аударды. Түркия кассациялық сотының төрағасы Омер Керкез, Түркия Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Йигит Зеки, Әзірбайжан мен Қырғызстан Жоғарғы Соттарының төрағалары Инам Керимов пен Медербек Сатыев және Өзбекстан Жоғары Сот органы төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Усманов сотаралық өзара іс-қимылды нығайту, цифрлық сот төрелігін дамыту, ЖИ технологияларын жауапкершілікпен қолдану және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру қажеттігіне тоқталып өтті. Конференцияда сот практикасымен алмасу, сот жүйелерінің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету және судьялардың жаңа буынын даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Конференция қорытындысы бойынша делегация басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойып, цифрлық сот төрелігі саласындағы ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе және озық практикалармен алмасу ниетін бекітті. Форум соңында А.Мерғалиев қол жеткізілген уағдаластықтар ТМҰ кеңістігінде құқықтық интеграцияны одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. ТМҰ-на мүше мемлекеттері Жоғарғы Соттарының 3-ші конференциясы 2027 жылы Қырғыз елінде өтетін болды.
Ал 20-шы маусым күні Түркістан сотының алдында Билер аллеясының ашылуы аталған халықаралық шараның жалғасы ретінде ұйымдастырылып, түркі елдері арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға және ортақ тарихи-рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Аллеяның ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Жаңадан бой көтерген Билер аллеясының лентасын қию бақыты Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы Соттарының төрағаларына бұйырды. Салтанатты рәсім алдында Сот жүйесінің ардагері, Қазақстанның Құрметті судьясы, Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының Құрметті азаматы, Төле бидің жетінші ұрпағы Өмірбек Темірұлы бата берді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен пайдалануға берілген Билер аллеясының құрылысын ұйымдастыруда Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов көп еңбек сіңірді. Құрылыс жұмыстары осы жылдың наурыз айында басталған болатын. Бүгінде көркі көз тартатын аллея қазақ халқының тарихы мен құқықтық мәдениетін ұштастырып, Билер соты институтының тағылымын дәріптейді. Аллеяның орта тұсына таман төрт бағана және үлкен тақта орнатылған екен. 1-ші бағананың үстіңгі жағына «Елге бай құт емес, би құт!» деп, ал ұзына бойы тігінен «Қасым ханның қасқа жолы» деп көрнекті түрде жазылыпты. 2-бағананың үстіне «Қазақтың Билер соты – тарихи ұлттық құндылық» деп, тігінен «Есім ханның ескі жолы» деп жазылған. 3-бағананың үстіне «Жеті жарғыны» құрастырып шығарған даңқты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және т.б. белгілі билер деп, ал тігінен «Тәуке ханның жеті Жарғысы» деп жазылыпты. 4-бағананың үстіне «Абай Ұлы ойшыл, ағартушы, ақын әрі би болған» деп, ал тігінен 1885 жылы Абай жазған «Қарамола Ережесі» басылған. Одан кейінгі үлкен тақтада Түркістанда жерленген қазақтың 23 биінің аты-жөні ірі әріптермен жазылған. Шын мәнінде бұл жаңа нысан түркі халықтарына ортақ әділдік, даналық және заң үстемдігі қағидаттарының сабақтастығын айшықтап тұрғандай.
Салтанатты шара аясында мәртебелі меймандар аллея аумағында естелікке ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша Түркістан тұрғындардың рухани және жайлы демалысы үшін барлық қажетті жағдай жасалған тағы бір керемет нысанмен толықты.
Қабыл Дүйсенби,
журналист-жазушы,
қоғам қайраткері,
Ш. Мекенбайұлы.
