Бүгінгідей нарық заманында елдің ертеңін кәсіпкерліксіз елестету мүмкін емес. Аймақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық дамуы да осы кәсіпкерліктің дамуына тәуелді. Міне, осы тұрғыдан алғанда Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Саланы дамыту мақсатында «TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің аудандық бөлімі кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру, бизнес-жобаларды сүйемелдеу және қаржыландыру көздеріне қол жеткізуге жәрдемдесу жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Орталық мамандары кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, жеңілдетілген несие мен гранттық қаржыландыру мүмкіндіктерін пайдалану бойынша кеңес беріп, жобаларды әзірлеу және іске асыру кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетуде. Сонымен қатар бизнес-жоспар дайындау, қажетті құжаттарды рәсімдеу және қаржы ұйымдарына ұсыну бағытында қызметтер ұсынылуда.
2026 жылдың алғашқы алты айында бөлім тарапынан 152 кеңес беру қызметі көрсетіліп, 74 бизнес-жоспар әзірленді. Сондай-ақ, жалпы құны 339 миллион теңгені құрайтын 40 кәсіпкерлік жобаға сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Осы бағыттағы бастамалар «TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ Ордабасы аудандық бөлімінің басшысы Ажедин Зарина Мұратқызының үйлестіруімен жүйелі түрде жүзеге асып, өңірдің кәсіпкерлік әлеуетінің артуына серпін беріп келеді. Нәтижесінде өңірде іскерлік белсенділік артып, тұрғындардың өз ісін бастауға деген қызығушылығы жылдан жылға күшейіп отыр.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге жер учаскелерін рәсімдеу, нысаналы мақсатын өзгерту, құрылыс салуға қатысты рұқсат құжаттарын алу, техникалық шарттарды рәсімдеу және инженерлік инфрақұрылым желілеріне қосылу мәселелері бойынша да жан-жақты қолдау көрсетілуде. Алдағы уақытта да кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау және жаңа бизнес жобалардың жүзеге асуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
—————
