АЖЫРАСПАС БҰРЫН ПСИХОЛОГТІҢ МІНДЕТТІ КЕҢЕСІНЕ ЖҮГІНСЕ ЕКЕН
– Жылдың қай мезгілінде болмасын балалардың жеке бас қауіпсіздігі маңызды. Онымен отбасы мүшелері, мұғалімдер мен арнайы орган қызметкерлері айналысады. Ал бұл мақсатта сот саласы өз тарапынан қандай үлес қосуда?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау, әрбір баланың білім алуы, дамуы мен әл-ауқаты үшін толыққанды жағдай жасау қағидаттарын дәйекті түрде ұстанып келеді. Президенттің бастамасымен іргелі реформалар мен заңдар қабылданып, жүзеге асырылуда. Айталық, биылғы жылдың басында Үкімет Қаулысымен 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» Тұжырымдамасы бекітілді. Онда балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекеттік саясаттың ең маңызды басымдықтарының бірі екені атап көрсетілген.
Республика судьялар корпусы аталған тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттерін толық қолдайды. Осы тұрғыда, күнделікті жұмыс барысында анықталатын кейбір мәселелерге тоқталғым келеді. Қазіргі заманда ата-ана болуға жауапкершілікпен қарауды ерте жастан қалыптастыру қажеттілігі туралы мәселе жиі көтерілуде. Болашақ әкелер мен аналарды ата-ана болу жауапкершілігіне мектеп қабырғасынан бастап дайындау қажет деген пікір барған сайын өзектене түсуде.
Түркістан облысында адамдар дәстүрлі өмір салтын ұстанып, үлкендерді құрметтейді, бұл өскелең ұрпақты тәрбиелеуді жеңілдетеді. Алайда, педагогтер мен өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдардың айтуынша, кей жағдайда ата-аналардың өз тарапынан тәрбие беруі жеткіліксіз болып жатады. Өйткені, бәрі отбасынан басталады: алғашқы сөзден, алғашқы кітаптан, алғашқы өнегеден. Бала бойына өзін және өзгені құрметтеуді, білім мен әділеттілікті сүюді сіңіре алсақ қана мықты, адал, ойлы ұрпақ тәрбиелей аламыз деген үміттеміз. Бүгінгі таңда қорқыныш пен агрессияға емес, сүйіспеншілікке, түсіністікке және жауапкершілікке негізделген әлем құратын ұрпақ тәрбиелеу басты мақсат саналуда.
– Яғни, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы адами капитал қалыптастыру маңызды дейсіз ғой…
– Иә, ол өте маңызды. Өйткені, қоғамымыз әлеуметтік, мәдени, экономикалық және саяси сипаттағы көптеген сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Оларды еңсеруде адами капиталдың сапасы шешуші рөл атқарады. Ал, адами капиталдың негізін балалық және жастық шақта қалыптасатын тұлғалық қасиеттер құрайтынын ұмытпаған жөн.
Мектеп пен жоғары оқу орны тек білім беріп қана қоймай, терең ойлай білетін, жауапкершілігі жоғары, тиімді қарым-қатынас орната алатын, өзгелерге қамқорлық көрсете алатын тұлғаны қалыптастыруы тиіс. Сондықтан, білім беру үдерісіне отбасылық өмірге дайындыққа, бала тәрбиесіне, психологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған арнайы пәндерді енгізу маңызды.
Тұлғаның қалыптасуында кітап оқудың рөлі ерекше. Соған орай, оқудың практикалық дағдыларын дамыту қажет. Себебі, әдебиет арқылы бала басқа көзқарастармен, мәдениетпен танысады. Ол жанашырлық танытуға, ойлануға, пікір таластыруға, талдау жасауға үйретеді. Әдебиет – жай ғана көңіл көтеру құралы емес, тәрбиенің қуатты тетігі. Десек те, оқырмандық мәдениетті дамыту маңызды стратегиялық міндеттердің бірі деуімізге әбден болады. Әсіресе, сандық технологиялар дәуірінде, визуалды контент саналы оқуды ығыстырып жатқан кезде бұл жайттың маңызы арта түспек.
Екінші жағынан, тәрбиенің басты институты – отбасы. Дәл осы ортада бала алғаш рет дүниені танып, сенім артуға, қарым-қатынас жасауға үйренеді. Отбасы бала өзін қауіпсіз сезінетін, сүйіспеншілік пен түсіністік табатын орын болуы тиіс. Алайда, өкінішке қарай, әрдайым олай бола бермейді. Сондықтан, ата-ананың тек қасында болуы ғана емес, олардың балаға деген қамқорлығының сапасы, эмоциялық жетілуі, сезімтал әрі түсіністік таныта білуі аса маңызды.
– Отбасылардағы ахуалға, оның ішінде ұрпақ, бала тәрбиесіне сот жүйесі қалай және қаншалықты нәтижелі араласа алады?
– Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Түркістан облыстық сотының басшылығы мен еліміздің бүкіл судьялар қауымдастығының отбасылық дағдарыстардың алдын алу және оларды болдырмау бағытындағы жұмысты жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өткен жөн. Бұған сот жүйесінде бүгінгі күнге дейін жүргізіліп келе жатқан реформалар дәлел бола алады.
Қабылданып жатқан шаралардың жарқын мысалдарының бірі – Президент Жарлығымен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құрылуы. Бұл соттар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды, отбасының сақталуына ықпал етеді, жанжалдар мен олардың балаға тигізетін кері салдарының алдын алады. Осы тұрғыда Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан бойынша бірегей тәжірибе ретінде некені бұзу туралы азаматтық іс аясында мүлікті бөлу, ортақ балалардың тұрғылықты жерін анықтау, бөлек тұратын ата-ананың балалармен қарым-қатынас жасау тәртібін белгілеу және алимент өндіру мәселелері қатар қаралады. Мұндай тәсіл артық әуре-сарсаңнан арылып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Алайда, бұл жағдайдың да кері әсері бар деген пікір кездеседі. Атап айтқанда, тараптардың кейбірі некені бұзу туралы шешім қабыдалданғаннан кейін ойланып, қайта татуласу, бір отбасы болып тұру туралы ойға келулері мүмкін. Алайда, осыған дейін мемлекеттік баж салығы алынып, сот қаулысының алимент өндіру туралы бөлігі орындауға дереу жолданады. Осы жағдай тараптардың бір-біріне деген, әсіресе алимент бойынша жауапкер тараптың ренішін, ашу-ызасын туғызып, кейін қайта татуласуларына бірден бір кедергі болатыны анық. Сондықтан некені бұзу туралы іс бойынша шешім қабылдағанда тараптар алимент өндіру туралы талап қоймаса, осы мәселені қарамай-ақ қойған дұрыс сияқты. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы мүлікті бөлу дауларының соттылығы дұрыс айқындалмаған деген пікірлер де айтылуда. Мұндай дауларды жалпы юрисдикциядағы соттар қарауы тиіс деген көзқарас бар, себебі кез келген мүліктік даудың артында өзге де туыстық қатынастары бар адамдар тұрады.
– Өкінішке қарай, қазіргі таңда отбасыдағы дауға, неке бұзуға қатысты істер өте көп. Бұл даулардың ішінде кәмелетке толмаған балалардың да қатысы болған жағдайда іс ювеналдық сотта қаралады. Жүктеме көп емес пе?
– Орынды мәселені көтеріп отырсыз. Жүктеме өте жоғары десем де болады. Судьялардың кәсіби қызметіндегі жоғарғы стресс пен эмоциялық күйзеліс жүктемесі кейде, тіпті, өз отбасына да кері әсер ететін жайттар кездеседі. Бұған отбасымен бірге өткізетін уақыттың азаюы, эмоциялық шаршаудың, ашушандықтың салдарынан қарым–қатынаста салқынқандықтың, отбасылық мәселелерге назардың төмендеуінің, жақын туыстарымен эмоционалдық жақындасудың әлсіреудің пайда болуын қосыңыз. Ұзақ уақыт бойы жиналған күйзеліс ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушіліктердің көбеюіне, судьяның кәсіби қызметі және отбасылық өмірінің тепе–теңдігінің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Бұл жайт судьяның өз қызметін сапалы атқаруына кері әсерін тигізеді.
Біздің ойымызша, осындай жағдайларға байланысты ювеналдық соттар судьяларының жүктемесін азайту қажет. Бұл мәселені шешу аса қиын емес деп санаймыз. Егер Азаматтық процестік Кодекстің талаптарына сәйкес некені бұзу, әкелікті анықтау, алимент өндіру туралы талап-арыздар талапкердің немесе жауапкердің тұрғылықты жері бойынша берілсе, бұл оң нәтиже берер еді. Айта кету керек, мұндай тәжірибе еліміздің кейбір өңірлерінде қазірдің өзінде қолданылуда. Түптеп келгенде, бұл мәселені судьялар штатының санын көбейту арқылы да шешуге болады.
Сонымен қатар, некені бұзу туралы талап арыз берілгенге дейін отбасылық психологтардың міндетті кеңесін енгізуді қарастырған орынды болар еді. Біздің пікірімізше, егер отбасы мүшелеріне өздерін тыңдатып, аталмыш сала мамандарының көмегімен бір-бірін түсінуге мүмкіндік берілсе, көптеген жанжалдар дәл осы кезеңде шешімін табар еді.
– Қым-қуыт жұмыстың арасынан уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Шадияр
Мекенбайұлы.
P.S. Сұхбат дайындалып жатқанда Сәкен Абсаматов Президенттің 09.06.2026 жылғы №1312 Жарлығымен құрметті демалысқа шықты.
