Uncategorized Экономика

Қалдықсыз өнім өндірілмек

Түркістан облысында түрлі кәсіпорындар іске қосылып жатыр. Кейбірінің айналысатын шаруасы жұртқа таңсық көрінетіні де рас. Соның бірі – мал сүйектерін өңдеу зауыты. Ол Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында іске қосылмақ.

Жобаның іске қосылуы Ордабасы ауданында терең өңдеу өндірісін дамытуға, мал шаруашылығы қалдықтарын кәдеге жаратуға және жаңа өндірістік тізбек қалыптастыруға жол ашады. Жалпы инвестициялық құны – 9 миллиард теңге. Оның бірінші кезеңіне 2,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Бірінші кезеңі осы айда іске қосылады деп жоспарланған. Бұл кезеңде 30 адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпорында жылына 5 мың тонна май және желатин компоненттері өндірілмек. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған. Бүгінде іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде.

 «Huating Biotechnology Co., LTD» компаниясы зауытының құрылыс барысымен облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің өзі танысты. Бұл кәсіпорын мал шаруашылығынан шығатын қалдықтарды тиімді кәдеге жаратып, сүйекті терең өңдеуге бағытталған. Зауытта мал сүйектерінен май және желатин компоненттері өндіріледі. Сонымен қатар сүйекті үгітіп, одан әртүрлі ыдыстар мен басқа да өнімдер, жем шығару мүмкіндігі де зерделеніп жатыр.

Инвестор өндіріс ауқымын алдағы уақытта кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, малдың қанын да кәдеге жаратып, одан қосымша өнім өндіру мүмкіндігі қарастырылуда. Осылайша, қалдықсыз өнім өндіру ісі қолға алынуда.

Кездесу барысында облыс әкімі өңірдегі бордақылау алаңдарында жиналатын мал сүйектерін осы кәсіпорынға жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл жергілікті шикізатты тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу тізбегін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Өңір басшысы зауытты белгіленген мерзімде іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Ол жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне кәсіпорынды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету мәселесін жедел шешуді тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *