Қазіргі күндері Түркістан облысында «Дарбаза – Мақтаарал» теміржолының құрылысы жүргізіліп жатыр. 2024 жылы басталған жоба биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған. Әрине, жоба жергілікті тұрғындар үшін өте маңызды, дегенмен, жұмыс барысында әттеген-ай дейтін жайттар да орын алып жатқан секілді. Келес ауданынан хабарласқан азаматтың базынасына құлақ түргенімізде осыны ұққандай болдық.
«Ауыл халқы негізінен малмен күнелтіп отырмыз. Жайылым, мал азығын егіп алатын жердің болуы біз үшін өте маңызды. Қазіргі таңда «Дарбаза — Мақтаарал» теміржол желісі құрылысының жүргізілуіне байланысты халық пайдаланып жүрген өткел, көпірдің бәрін бұзылған. Ауылымыздың басынан аяғына дейінгі арақашықтық шамамен екі жарым шақырымды құрайды. 360 түтін тұрамыз. Қазіргі жұрттың уайымы – өткел, көпірдің жоқтығынан мал жайылымға жете алмай қала ма дейді. Алаңдаған ауыл белсенділері әкімшіліктен басшыларды шақыртып, теміржол құрылысының басына бірге барған. Құрылыс жүргізіп жатқандар ауылға арнап бір көпір салып береміз депті. Бірақ, оған ауыл тұрғындарының көңілі толмайды. Бізге ауылдың ортасынан көлік өтетін бір, екі шетінен мал айдап өтетін екі көпір салып берсе дейміз. Олар айтып отырған жалғыз көпір малды ауылға аздық етеді. Мәселен, көпір ауылдың басына салынса, аяғындағылар малын күн сайын ауылдың басына айдап, әуре-сарсаңға түспей ме? Осы жайт тұрғындар наразылығын тудырып отыр. Әзірге ел іші тыныш, алайда көпір, өткел мәселесі ойдағыдай шешілмесе, жұрт наразылығын қайта бастайды-ау. Мәселені бұған дейін жеткізбеген жөн», — дейді келестік азамат.
Тұрғынның уәжін алға тартып, Келес аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Абай Молдановпен байланыстық. «Негізі теміржолдың ені 60 метрді ғана алып отыр. Жайылымдық жер тарылды дегендерге баламалы түрде жер ұсынылған. Әр ауылдың басына арнайылап мал өткелін салып беруде. Темір жол егістіктен өтетін болса, жер иесіне тиесілі өтемақы төленеді. Ал егер жалға алынған болса, жалгерге басқа аумақтан мемлекеттің мұқтаждығы үшін алынған жердің аумағымен пара-пар баламалы жер қарастырып берілуде. Бұл мәселенің бәрі шешімін тауып, көбі мемлекеттік актілерін алып қойған. Көңілі толмай жүрген бірер кісілермен де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, келісіп қойдық. Өтемақы екі азаматқа төленді, басқасының бәрі жалға алынған жерлер. Жалға берілген жер телімі мемлекет теңгерімінде тұрады. Ол жекенің меншігіне өткен жағдайда ғана қаржылай өтемақы төленеді. Көпір, өткел жайы да шешілуде. Бірақ әркімге жарты шақырым сайын өткел салып беру деген болмайды. Өйткені оның теміржолдың бекемдігіне зияны тиюі мүмкін. Сондықтан көпір, өткелдердің ара қашықтығы кемінде бір-екі шақырым болуы тиіс», — деді А.Молданов.
Жаңадан салынып жатқан теміржол Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал аудандарын еліміздің басқа өңірлерімен байланыстырады. Осы аудандарға және олардан шығатын, сондай-ақ көрші елдерге бағытталған жүк тасымалына қызмет ететін болады. Өзбекстан арқылы өтуге тәуелділікті жояды. Толық пайдалануға берілген уақытта екі бағытқа қарай тәулігіне 46 жүк пойызын өткізетін болады екен. Яғни еліміз үшін оның маңызы үлкен болайын деп тұр.
Біз таяуда Сарыағаш, Келес және Жетісай аудандарында жергілікті тұрғындармен қоғамдық консультациялар өткізіледі деп естідік. Жиында көптеген мәселелер талқыланады деседі. Жұрттың көңілін күпті етіп жүрген жайлар да сол кезде ортаға салынып, тиімді шешімін табатын шығар. Әйтеуір, халыққа пайдасы тисін деген жобаның зияны да тимесе екен дейміз ғой.
Д. НҰРПЕЙІС.
