Шымкент қаласы Абай ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, Абай ауданының әкімдігімен бірлесе, аудан аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметін көрсететін арнайы мамандандырылған мердігер мекемелерінің қатысуымен кеңес отырысын өткізді.
Жиында, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 25 желтоқсандағы «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы №331/2020 бұйрығының тармақтарының талаптары бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптары талқыланды.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган мен қатысушы тараптар арасында аудан көлемінде орын алып отырған өзекті мәселелер талқынанып, тиісті мекемелерге хаттамалық тапсырмалар нақты мерзімдерімен берілді.
Жалпы қалдықтар дегеніміз – тікелей қолдану орны жоқ және оны өңдеудің техника және экономика тұрғысынан тиімді технологиясы жоқ тастанды заттарды айтады.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға қойылатын негізгі санитариялық-эпидемиологиялық талаптар:
— Елді мекендер аумағында қалдықтарды жинау, пайдалану, қолдану, залалсыздандыру, тасымалдау, сақтау және көмуді мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады. Шағын елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көму орындарын күтіп-ұстау бойынша мамандандырылған ұйымдар болмаған жағдайда жергілікті атқарушы орган қызметінің бақылауымен және қызмет көрсетуімен қалдықтарды өз бетімен шығаратын орындар ұйымдастырылуы керек;
— Елді мекендерде (тұрғын үй қорының, ұйымдардың, мәдени-бұқаралық мекемелердің, демалыс аймақтары аумақтарында) көлік кіретін жерлері бар, қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерді орналастыру үшін арнайы алаңдар бөлінеді. Алаңға қатты жабын жабылады және үш жағынан қалдықтардың желмен таралу мүмкіндігін болдырмайтын биіктікте, бірақ кемінде 1,5 м биіктікте қоршалуы керек;
— Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер қақпақтармен жабдықталады. Елді мекендерде контейнер алаңын уақытша қоныстарды (вахталық кенттерді, стационарлық емес объектілер мен құрылыстарды) қоспағанда, тұрғын және қоғамдық ғимараттардан, балалар объектілерінен, спорт алаңдарынан және халықтың демалыс орындарынан кемінде 25 м қашықтықта орналастырылуы қажет;
— Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін абаттандырылған тұрғын үй қорында контейнерлерді қолданады, жеке үй иеліктерінде қақпағы бар еркін конструкциядағы ыдыстарды пайдалануға жол беріледі;
— Субъект (қатты тұрмыстық қалдықтарды контейнерлерінің меншік иесі) контейнерлерді пайдаланатын халықтың санына, қалдықтардың жиналу нормаларына, олардың сақталу мерзіміне байланысты орнатылатын контейнерлердің санына жүргізілген есептеуді ескере отырып орналастырады. Контейнерлердің есепті көлемі қалдықтардың іс жүзінде жиналуына сәйкес келеді;
— Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару уақтылы жүзеге асырылады. Контейнерлерде қалдықтарды сақтау мерзімі 0оС және одан төмен температурада үш тәуліктен, температура плюс болғанда бір тәуліктен аспауы қажет;
— Қалдықтарды сақтау және көму полигондарда жүзеге асырылуы қажет;
— Өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеуге байланысты жұмыскерлер арнайы киіммен, арнайы аяқ киіммен, жеке қорғаныш құралдарымен жұмыс істеуі қажет;
— Қатты және сұйық қалдықтарды жинаумен, кәдеге жаратумен, тиісті
құрылыстарды пайдаланумен айналысатын персонал жұмысқа тұрған кезде № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығына сәйкес алдын ала және мерзімдік медициналық қарап тексерулерден өтуі қажет.
Абай аумағына қарасты қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын талаптар Шымкент қаласы Абай ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бақылануда.
К.А.Адырбаева
Шымкент қаласы Абай ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.