Шымкент қаласының әлеуметтік-экномикалық деңгейі жыл басынан бергі 7 айдың қорытындысы бойынша ілгерілегені байқалады. «Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде тұрақты өсім бар» дейді сала мамандары. Содан да болар, еліміздің үшінші мегаполисінің қысқа мерзімді экономикалық өсімі 11,6 пайызды құрап, республика бойынша алғашқы 3-орынға көтерілген. Былтыр бұл көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы 6 орында болатын.
Қаладағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына байланысты жергілікті бюджеттің кіріс-шығыс көлемі артқан. Мәселен, биыл бюджет шығысы 764,0 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 107,0 млрд теңгеге көбейді. Ал, бюджет түсімдерінің көлемі 61 млрд теңгеге ұлғайып, 404 млрд теңгеге жетті. Бүгінгі таңда оның 272 млрд теңгесі түсіп, жоспар 19,8 пайызға артығымен орындалды. Бюджет көлемінің артуына байланысты халықтың табысын арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жалақысы төмен 15 мыңға жуық қызметкерге қосымша 50 мың теңге үстемақы тағайындалып, ең төменгі жалақы 140 мың теңгеге көтерілді. Оған жергілікті бюджеттен 8,1 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар, биылдан бастап кәсіпкерлікті дамытуға, кеңейтуге, қаржы айналымын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беру мақсатында бөлшек салық мөлшері 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді.
Кәсіпкерлік демекші, Шымкентте 2024 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 324,7 млрд теңгенің инвестициясы тартылғаны мәлім болды. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға артқан. Жалпы, жыл соңына дейін 928,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл көрсеткішті былтырғы жылмен салыстырғанда 28,1 пайызға арттыру күтілуде. Жалпы алдағы 3 жылда 3,6 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Мысалы, 2024 жылы – 928,7 млрд, 2025 жылы – 1 194,8 млрд, ал 2026 жылы – 1 493,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Қазіргі таңда 2024-2028 жылдары жүзеге асырылуы жоспарланған жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 29,4 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен 220 инвестициялық жобаның пулы жасақталып қойылған. Биыл жалпы құны 261,8 млрд теңгені, 6336 жаңа жұмыс орнын құрайтын 64 жобаның іске асырылуы жоспарлануда.
Қала аумағында жалпы аумағы 1 307 га құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақта кәсіпкерлікті дамытуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Сол аймақтарда қазір 230 млрд теңгені құрайтын 8 мың жаңа жұмыс орнын ашқан 289 жоба жүзеге асуда. Индустриялық аймақтарда инвесторларға ұзақ уақытқа жалға алу негізінде инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелері ұсынылады. Кәсіпорындар коммуналдық қызметтерге төмендетілген тарифтерді пайдаланады және арнайы экономикалық аймаққа қатысушылар үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Жалпы, инвестиция тарту мақсатында қалада жалпы аумағы 1 660 га құрайтын логистикалық хаб құру мақсатында сауда-логистикалық орталығын қосымша 136 гектарға ұлғайту жұмыстары жүруде. Ауыр металлургия саласындағы жобаларды іске асыруға «Темір» индустриялық аймағы (1076 га), жеңіл өнеркәсіп саласын одан әрі дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын 175 гектарға ұлғайту және дайын өндірістік алаңдар үшін 118 га аумаққа «Стандарт» жеке индустриялық аймақтары құрылуда. Аталған аймақтарда инвестиция көлемі 1,5 трлн теңгені құрайтын 330 жоба жүзеге аспақ. Оларда 15 мың жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
Бүгінгі таңда сауда-логистикалық аймағын кеңейту бойынша инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталып, 2025 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр. Ал, «Стандарт» жеке индустриялық аймағында шағын және орта кәсіпкерлер үшін дайын өндірістік алаңдарының құрылысы жүргізілуде. Өндірістік аймақтарда негізінен өңдеу өнеркәсібінің жобалары орналастырылады.