- Масқара-ай!
«Шпор» қолдану кейбір талапкер, студенттер, оқушыларға ғана тән емес екен. Өз білімі мен біліктілігіне сенімді емес ұстаздар арасында да жасырынып «көмекш» құралды қолданатындар көп екені анықталып отыр.
Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев өзінің инстограм парақшасында жария етті. Оның айтуынша педагогтердің білімін бағалау тест-сынағында бірқатар заң бұзушылықтар орын алған.
Дәлел ретінде ол өз парақшасында видеожазбаны мысалға келтіріпті.
«Бұл бір экшн фильмнің үзінділері емес. Барлығы шынайы өмірде болып отыр… 10 шілдеде елімізде Педагогтердің білімін бағалау басталды. Бірақ тестілеуге кейбір мұғалімдер біліміне емес, айласына сеніп келген сияқты. Мысалы, бір өңірде бір күн ішінде 34 педагогтің заң бұзушылықтары бірден анықталып, олар 5 жылға дейін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды» деп жазады Руслан Емелбаев.
Сонымен бірге ол «ҰБТ-дан кейін бізді ешкім және ешнәрсе таңғалдырмайды деп ойлағанбыз. Бірақ, өкінішке қарай, қулық жасау бойынша кейбір мұғалімдер оқушылардан да асып түсті. Бұл фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданып, құзырлы органдарға беріледі» дейді.
Өз айласын асырғысы келген ілгі 34 ұстаз қай өңірден болды екен? Қай өңірден болса да ұстаз деген абыройлы мамандыққа кір келтіргендері ұят болыпты. Өздері шәкірттеріне «адал бол, біліміңе сен» деп тәлім-тәрбие беріп жүріп, істеген істері осындай болса, ендігі жерде «баламды мектепке білім алсын деп бердім…» деп жүрген ата-ана кімге сенім артады?! Ұят болыпты.