Бүгінде ел арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) төңірегінде айтылып жүрген сөз аз емес. Көп адам онымен өзі тіркелген жергілікті емханаға, дәрігердің алдына барғанда ғана тереңірек танысады. Ол туралы түрлі әңгіменің тарала бастайтыны да осы тұс.
«Ортопедтің қабылдауын апталап күтіп жүрмін»
Медициналық мекемелер төңірегінде «МӘМС-тен көбірек қаржы аударту үшін адамды сыртынан өзіне тіркетіп алады», «нақты көрсетілмеген қызмет үшін жалған жазба жасайды», «көрсететін қызметі сапасыз» деген сияқты толып жатқан жағымсыз сөздер айтылып та жатады. Мысалы, бізге хабарласқан бір оқырманымыз бұған қатысты былай деді:
«Осы МӘМС-тің жұртқа тіпті де керегі жоқ. Босқа ақша төлеп жатырмыз. Онсыз да барлық саладағы көрсетілетін қызметтің бәрі ақылы боп кетті. Тегін медициналық көмек көремін деп иегіміз қышымай-ақ, ақысын төлеп емделе беруге болады. Әйтпесе тегін емделемін деп жүріп босқа әуреге түсесің немесе ауруың асқынып тынады.
Осыдан біраз уақыт бұрын басым, көзім, буындарым ауырып, мазаны алған соң өзіміздің емханаға барған едім. Терапевттен өтіп, анализдер тапсыруға бір апта уақыт кетті. Сосын окулистке қабылдауға жазылдым, оған келесі аптада көрінетін болдым. Алайда жұмыста қауырт шаруалар болып, көз дәрігері қабылдауына белгіленген уақыттан екі сағаттай кешігіп бардым. Окулист бос екен, бірақ дер уақытында келмегенімді айтып, қабылдаудан бас тартты. Содан қабылдауына қайтадан жазылып, алдына келесі аптада ғана кіре алдым. Ол кезде көзімнің қызарғаны, жасаурап ауырғаны басылып та қалған еді.
Невропатологқа көріну үшін де бір апта уақытым кетті. Қабылдауына барғанда байқадым, кезек күтіп отырғандар көп, іштегі адам ұзақ отырып қалып, сырттағы біреулердің қабылдауға жазылған уақыты өтіп кетіп, дауласып жатқанын да көрдім. Бірақ күтуге, шыдауға тура келеді. Сондай шыдамдылықпен невропатологтың қабылдауынан да өттім әйтеуір. Ал ортопедтің қабылдауына жете алмай жүргеніме екі айдан асты. Рентгенге түскенде «3-ші сатыдағы артроз» деген диагноз қойған. Ортопедтің қабылдауына қашан кіретініңізді хабарлаймыз деген, оны үш апта күттім. Бірақ кел деген күні жұмыстан шыға алмай, бара алмай қалдым. Бара алмайтынымды оларға алдын-ала хабарладым, басқа күнге қоюларын өтіндім. Содан бері олардан хабар жоқ, өзім де жұмысбасты болып хабарласа алмай жүрмін. Содан бергі уақыт ішінде аяғымның сырқырап ауырғаны да басылып қалды, қазір мазаламайды. Мүмкін асқынып та жатқан шығар.
Мен сияқты әуреге түсіп жүргендер көп, негізі. Дәрігер қабылдауында кезекте отырсаң ондағылардан небір «тарихты» естисің. Осындай жайлардан кейін ақшам жетіп жатса, ақылы тексеруден-ақ өтермін деп те ойлап отырмын. Ақшасын төлесең тез-ақ өткізеді. Ал МӘМС-тен біз сияқтыларға түк те пайда жоқ, оған жалақымыздан қаржы босқа аударылып жатыр. Емхана, аурухананың бәрі олардан жалған жазба жасау арқылы өздеріне ақша аударту жолына түсіп кеткен».
Бұл азамат осылай дейді. Осы мазмұндас естіп-білген жайлар жөнінде ойлана келе МӘМС қоры Шымкент қалалық және Түркістан облыстық филиалдарына хабарласқан едік. «МӘМС жарнасын төлеушіден түскен арыз-шағымдар бар ма? Олар көбіне қандай мәселелерді көтереді? Сол шағымдар негізінде тексеру жүргізілді ме? Олардың қорытындысы қандай? Жарна төлеушінің құқын қорғауда қандай келеңсіздіктерге тап болудасыздар?» деген нақты сұрақтарға жауап алуға тырыстық.

«Былтыр 1500-ге жуық шағым түскен»
Аталған сұрақтарға орай бізге МӘМС қоры Шымкент қалалық филиалынан жауап келіп түсті. Оның ықшамдалған мәтіні төмендегідей: «Шымкент қаласында МӘМС шеңберінде 164 медициналық ұйым қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік медициналық ұйымдар. Қор қаржы операторы ретінде медициналық көмекті ұйымдастырумен айналысып, сапасын арттыра алмайды. Өз тарапынан қаржыландыруды басым бағыттарға бағыттай алады, осылайша оның қолжетімділігін арттырады. Ол тек талдау мен ұсыныстар беру арқылы, сондай-ақ медициналық көмек көрсетудегі ақауларды анықтау арқылы медициналық көмектің сапасына жанама әсер етуі мүмкін.
Қор тарапынан емдеу мекемелеріне жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Былтыр Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарда 300 мыңнан астам ақау анықталып, 1,9 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынған. Кемшіліктердің басым көпшілігі халыққа консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету кезінде орын алған. Сонымен қатар, өткен жылы емдеу мекемелерінің қызмет сапасына қатысты 1500-ге жуық арыз-шағым түскен. Шағымдардың басым бөлігі медициналық қызмет көрсетуден бас тарту, қызмет сапасының төмендігі және дәрі-дәрмектің уақтылы берілмеуі секілді мәселелерге қатысты.
Қордың басты мақсаты – халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамту. Сақтандырылған әр азамат керек кезде төлейтін жарна төлеміне қарамастан, барлық медициналық көмекті алуға құқылы. Қарапайым дәрігерлік кеңестен бастап, жоғары технологиялық көмек, ультрадыбыстық зерттеу, қымбат бағалы КТ, МРТ сынды медициналық көмекті ала алады. Сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмектен тыс қалмайды. Шұғыл жағдайда науқастарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде медициналық көмек түрлері міндетті түрде көрсетіледі.
Шымкент қаласы бойынша МӘМС есебінен былтыр 1500-ге жуық жоғары технологиялық қызмет көрсетілген. Айтарлықтай қаржыландыру кардиохирургиялық және нейрохирургиялық сынды күрделі операцияларға бағытталған. Шығындардың басым бөлігін стационарлық медициналық көмек құрайды. Білікті дәрігерлер құрамы өткен жылы 1 жүрек, 2 бауыр және 10 бүйрек трансплантациясын жүргізген. Күрделі ота шығындары МӘМС жүйесі есебінен қаржыландырылады. Сондай ақ, Шымкент жүрек орталығында соңғы 5 жыл ішінде МӘМС жүйесі есебінен 20-ға жуық науқасқа жасанды жүрек отасы жасалған.
Былтыр Шымкент қаласы бойынша ТМККК және МӘМС шеңберінде 160 мыңға жуық адам амбулаториялық тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды. Оның тең жартысынан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен қаржыландырылған. Дәрілік препараттар диспансерлік есепте тұрған азаматтарға 100-ге жуық нозология бойынша босатылған.

«МӘМС – ортақ жауапкершілікке негізделген жүйе»
Редакциямызға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтен келген жауаптың ықшамдалған нұсқасы төмендегідей: «Тәжірибе көрсеткендей, МӘМС жүйесі енгізілгелі ем-домдық маңызы зор ауқымды процедуралар, күрделі оталар жасатуға, зертханалық және аспаптық тексерулерге жүгінушілер саны артып, халыққа қолжетімді бола түсті. Бүгінде Қазақстаннан шықпай, ортақ жауапкершілік жүйесі бойынша түрлі қымбат оталарды жасатуға болады. Ортақ жауапкершілікке негізделген жүйеде қаржы ортақ қазанға жинақталып, ортақ шоттан алынады. Жүйенің қарапайым халық үшін тиімділігі осында.
Пациенттердің басым бөлігі құқығы бұзылғанда емхана немесе ауруханада тұрақты негізде жұмыс істейтін Пациенттерді қолдау қызметіне тиісті сауалдарын қойып, нақты көмек ала алатындарын біле бермейді. Мәселе шешілмеген жағдайда ғана Қордың «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, «Telegram»-дағы «Saqtandyry-бот», msqory.kz сайты, «1414» бірыңғай байланыс орталығы арқылы арқылы өтінім қалдыра алады. Түскен арыз-шағымдардың бәрі міндетті түрде қаралады.
Қор филиалына тұрғындардан арыз-шағымдар «СРМ» желісі және «Е-өтініш» порталы арқылы түседі. 2024 жылы 3680 өтініш түсті. Оның ішінде арыз-шағым – 1263, алғыс айту – 635, консультация – 1265, уақытша сақтандырылған мәртебесін тағайындау – 517. Ал, осы жылдың бірінші тоқсанында 312 арыз-шағым түсті. Шағымдардың мазмұнына келер болсақ, медициналық көмектердің сапасыз көрсетілуі – 102, медициналық көмек көрсетуден бас тарту – 115, дәрілік заттарды беруден бас тарту (балалар тағамы, АЛО, т.б.) – 49, медициналық ұйымға тіркелуге қатысты сұрақтар – 21, медициналық ақпараттық жүйелердегі дұрыс емес мәліметтер (жалған тіркеу, қосып жазу) – 7, МӘМС сұрақтары бойынша кеңес алу – 2, медициналық қызметтерді ұзақ күту – 8, медициналық этика мен деонтология қағидаттарының бұзылуы – 5, өтініштер қайталануы – 3.
Қор филиалының өткен жылы жүргізген жоспардан тыс тексеруі барысында «Доктор медикал» ЖШС, Отырар аудандық орталық ауруханасы, №1 облыстық перинаталдық орталығында көрсетілген қызметтерге көңілі толмаған пациенттің арызы бойынша зерделеу жұмысы жүргізіліп, 2,2 миллион теңге айыппұл салынды. Ал, биылғы жоспардан тыс тексеруде «Ролланмед» ЖШС және «Нұрлымед» ЖШС медициналық көмек көрсету ережелерінің сақталмауына байланысты ақаулар нақтыланып, 500 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Науқас «Damumed» қосымшасында өзіне дәрігерлік көмек көрсетілгені туралы жалған жазбаны байқаса, Қорға шағымдануы керек. Ондай жағдайда біз медицина мекемесін жоспардан тыс тексеріп, артық жазба арқылы табыс тапқаны анықталса, табысынан үш есе көп айыппұл саламыз. Егер жалған жазбасы көбейіп, табыс мөлшері белгіленген мөлшерден асып кеткені анықталса, құқық қорғау органдарына жүгінеміз. Тиісті органдардың берген бағасына қарай біз заңнан аттаған медициналық ұйымдармен келісім-шартты үзуге дейін барамыз. Бұдан соң ондай ұйым қормен үш жылға дейін жұмыс істей алмайды.
Кей азаматтар мәртебесі сақтандырылмағанын емханаға барғанда бір-ақ біліп жатады. Мұндай қолайсыздық туындамас үшін дәрігерге бармастан бұрын мәртебені тексеріп алған жөн. Егер бір айдың төлемі болмаса, мәртебесі «сақтандырылмаған» болып өзгереді. «Сақтандырылған» мәртебесі болуы үшін қызметкердің соңғы 12 айдағы МӘМС жарналары бойынша берешегі болмауы тиіс».
Бүгінде елімізде Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі (МКАБЖ) енгізіле бастады. Бұл жүйе медициналық мекемелерге төлем жасауды әділ әрі ашық етіп, қаржыландыру жүйесін оңтайландырады әрі медициналық көмектің сапасын арттырады деп күтілуде.
Д. НҰРПЕЙІС.