Басты жаңалықтар

«Мархабат» оқырманға жол тартты

Сүйінші!

Халықаралық қоғамдық-саяси, әдеби-көркем, мәдени-әлеуметтік, тарихи-танымдық журнал осылай аталды. Бұл қазақ әдебиетінің классигі, махамы бөлек, мемлекетшілдігі ерек қаламгер Мархабат Байғұттың есімін мәңгі есте қалдыруға арналған игі-істердің алғашқысы.
Шымкентте, әл-Фараби кітапханасында өткен журналдың тұсаукесеріне өңірге танымал зиялы қауым түгел жиналды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов арнайы қатысып, басылымның оқырманы көп болуына ақжарма тілектерін арнады.

–Бұл биыл 80 жылдығы аталып өтілгелі отырған Мархабат Байғұт ағамызға арналған келелі істердің тұсауы кесілген шара болды, — деді Бахадыр Нарымбетов.

Еліне деген ешкімге ұқсамайтын махаббаты өзін де дәл сондай ықыласқа бөлеген жазушының еңбектері, публицистикасы, өмірдеректері топтастырылған Markhabat.kz сайтының да тұсауы осы кеште кесілді.

Игілікті істің басында қаламгердің мол мұрасына жанашыр Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының жетекшісі, «Mедиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай бастаған шәкірттері мен қаламгердің отбасысы тұр. Журнал мен сайттың басы редакторы, белгілі қаламгер Оралхан Дәуіт.

Халқы құрмет тұтқан қаламгерінің есімімен журнал шығару әдебиет әлемінде бар үрдіс. Нарынқол жұрты «Мұқағали» жарналын жата-жастана оқыса, қарағандықылқтар қайсар жырларымен жүректерін жылытқан Қасым Аманжолов атындағы «Қасым» журналын оқуға құмар.

Енді міне, мұқым қазаққа майдақоңыр мақамымен мәлім болған Мархабат Байғұт ағамыздың атында журнал бар.

Бұл жайлы ҚР Жазушылар Одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов былай дейді: «Өзіндік жазу стилі бар, ешкімге еліктемеген, шығармаларында тұңғиық ойы мен шынайы сезімі менмұндалап тұратын сыршыл қаламгер болатын. Әлі күнге Оңтүстік десе еске бірден Махаң түседі. Міне, сол оңтүстіктің азаматтары Махаңдай мықты жазушыны ардақтап, «Мархабат» деген журнал ашып, есімін мәңгі есте қалдыруға әрекет жасап жатыр. Лайым, оңынан болсын!»

Журналдың тұсаукесеріне жиылған жұрттың бәрінің де көкейінде осы тілек тұрды. Тілеулестік туын жоғары көтеріп, көрші Жамбыл облысынан да бір топ қаламгерлер жиылып келіпті. Шерхан Мұртаза атындағы әдебиет орталығының басшысы Жасұлан Әбдіхалық жамбылдық атқамінерлердің тілегін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жолдаған құттықтау хатымен жеткізді.

Айта кету керек, «Мархабат» журналы бұған дейін жарық көріп келген «Тұран-Түркістан» журналының заңды жалғасы. Бес жылдан аса уақыттан бері әдебиет пен руханияттың дамуына үлес қосып келе жатқан басылымның ендігі жерде екінші тынысы ашылып, аты ауысқанымен, мазмұны, мақсаты ауыспайды. Журнал құрылтайшылары осылай деп отыр.

Белгілі түркітанушы ғалым, қаламгер, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі бұл жаңалық жайлы «Махаңның мәңгілік өмірі басталды деген осы…» деп сөзсаптады.

Расында да «Ырыс алды –ынтымақ» дей жүріп елді татулыққа бастаған, «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деп жүріп, ұлттың ұйытқысы бола білген Мархабат Байғұттың шығармашылығы мен өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етуге негіз болатын басылымның оқырманы көбейе түсері анық. Тұсаукесердің өзінде таралымына үлес қосуға ниетті меценат азаматтар өз ұсыныстарын жолдап жатты. Бұл әдебиеттің жанашыры ғана емес, Мархабат ағамыз сияқты жас таланттарды елге танытуға да мұрындық болатын журнал болмақ.

Игілікті іске ұйытқы болғандарға айтылар алғыс көп! Оқырманы көп журналға сіз де жазылыңыз, оқырман. Ақтолғап өткен қаламгердің мол мұрасы мен ізбасарларының ой-өрнектерін «Мархабаттан» оқып отырыңыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *