сапа да төмендеп барады
Пилоттық жоба ретінде атауы қайта-қайта ауысқан Түркістан облысының Білім басқармасы соңғы жылдары сыннан да көз ашпай қойды. Аудандағы бөлім басшыларының бірі жемқорлыққа қатысты күдікке ілінсе, енді бірі адам өлтіруге тапсырыс беріп, «айды аспанға бір-ақ шығарды». Енді, міне, басқарманың өз ішінде де жік шықты. Жуырда басқарманың ішіндегі бір бөлімді басқарып отырған азаматтың сыбайластық жемқорлыққа қатысты күдікке ілінгені жайлы сөз желдей есті. Неге екенін қайдам, ресми орындар нақты мәлімет таратуға асықпағанымен, гу-гу әңгіме шөпке тиген өрттей өршуде.
Тізе берсек, бұл басқармаға қатысты келеңсіздіктер таусылмақ емес. Басқаны айтпағанның өзінде облыста 100-ге жуық мектеп дәл қазіргі кезде конкурстың жарияланбауы себепті басшысыз отырғаны масқара емес пе?! Ал басшысыз ұжым – капитансыз кеме секілді, қай жартасқа ұрынарын ешкім білмейді. «Заң бойынша басшы кеткен соң босаған орынға 15 күннен кешіктірілмей конкурс жариялану керек. Түркістан облысында кейбір мектептердің басшысыз тұрғанына жылға жуықтап қалды. Тіпті жылдан асқандары да бар. Бұған қарап осы әдейі ұйымдастырылып отырған жоқ па, мұның астарында сыбайлас жемқорлықтың иісі шықпай ма деген күдік келеді», – дейді бұл келеңсіздік жайында әлеуметтік желіде пікір білдірген белгілі журналист Сафуан Өтебаев.
Сафуан Өтебаевтың жазбасына сенсек, бір жылдан астам уақыттан бері басшысыз келе жатқан білім ошақтары бар екен. Тағы да заңға жүгінсек, басшының міндетін уақытша 3 айдан артық атқаруға болмайтыны көрсетілген. Демек директордың міндетін атқаруға бірі келіп, бірі кетіп, кадры сапырылысқан мектептерде білім сапасының қандай деңгейде екенін де дөп басып айту қиын. Ел болашағының тізгіні тапсырылатын бүгінгі оқушыларға төмен сапада білім беру – қауіп пен қасіреттің бастауы емес пе?! Әрине, бұл сауал облысымыздың бас ұстазын мазаламайды деп айта алмаймыз, алайда, осыған орай шара көрмей отыруының себебі түсініксіз.
Әрине, құрғақ сөз, жалаң статистика сөздің қадірін, мақаланың мәнісін кетіреді. Солай болмас үшін Түркістан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бастығы Ғалымжан Алматовтан басқарманың бүгінгі хәліне сұрау салдық. Түсінікті болу үшін алдымен бұл департаменттің нендей мәселелермен айналысатынына аз-кем тоқталып өтейік. Департамент білім саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Атап айтсақ, профилактикалық бақылау, мемлекеттік аттестаттау, жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Білім беру қызметін лицензиялайды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша қызметті жүзеге асырудың басталғанын немесе тоқтатылғанын, әдеп жөніндегі кеңестің жұмыстары мен хабарламаларды қабылдайды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Балалардың құқықтарын қорғауды іске асыру әрекетін, педагогтардың құқықтарының бұзылмауын, олардың әдеп нормаларын сақтауын қадағалайды, әдеп жөніндегі кеңестің жұмыстарын ұйымдастырады.
Әкімшілік жауапкершілікке тарту, оны сотқа өткізу ісімен айналысады. Мониторинг жүргізу де міндетіне кіреді. Апостильдеу, яғни бұл білім беру ұйымдарынан шыққан ресми құжаттардың түпнұсқаларын растаушы мекеме. Бұдан өзге де бірқатар жауапкершіліктері бар.
«Қолданыста болған «Білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттарының» талаптарына сәйкес 2022 жылы 365 білім беру ұйымдары, атап айтқанда, 218 балабақша, 139 мектеп, 8 колледж өзін-өзі бағалау материалдарын ұсынып, оларға мемлекеттік аттестаттау жүргізілген болатын. Алғашқы аттестаттау барысында 54 білім беру ұйымы ғана талапқа сай біліктілік көрсете алса, қалған 311 білім беру ұйымы сынақтан сүрінді. Дәлірек айтқанда, мемлекеттік аттестаттаудан өте алмады. Қайта мемлекеттік аттестаттау барысында 233 білім беру ұйымы кемшіліктерін жойып, талапқа сай деп танылды», — дейді аталған департамент басшысы Ғалымжан Алматов.
Міне, біздегі білім саласының бүгінгі бет-бейнесі, хал-ахуалы, тыныс-тіршілігі осындай. Мемлекеттік аттестаттауға өтінім білдірген жоғарыда аталған білім ошақтарын 100 пайыз деп алсақ, соның 85 пайызы алғаш рет аттестациялаудан өте алмаған. Бұл дегеніміз сұмдық көрсеткіш емес пе?! Сонда біз перзенттерімізді білім алуға кімдердің қолына тапсырып отырмыз? Қоғам болып бүгіннен бастап қадағалауға алатын, талапты күшейтетін мәселе бұл. Әйтпесе, ертең бәрі кеш болмақ.
Ұлықбек ҮМБЕТ.