Бұрын қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қарамағында болып келген ерекше балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы білім басқармасына алынды. Бұған 2023-жылы Жоғарғы аудиторлық палатаның берген қорытындысы мен басқа да бірқатар жайлар себеп болып отыр. Енді оңалту орталығының көмек көрсету аясы кеңейіп, онда қосымша қызметтер көрсетілетін болады. Мысалы, иппотерапия бойынша «Қамқорлық» пен қалалық спорт басқармасына қарасты ұлттық спорт түрлері мектебінің арасында келісім жасалады. Ал су процедуралары білім басқармасына қарасты №3 оқушылар сарайы арасындағы меморандум негізінде жүзеге асырылатын болады.
Шымкентте ерекше білімді қажет ететін балалар саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, қалада ондай балалар саны 2022-жылы 10 480 болса, 2023 жылы 11 700-ге дейін өскен, 2024 жылы 12 071-ді құраған. 2025 жылдың басынан бері тағы да артып, 13 628 болып отыр.
Жергілікті атқарушы билік осы балалардың бәріне бірдей тең жағдай жасауға тырысуда. Яғни бір бала бірнеше оңалту мекемесіне баратын, екінші бала ондай бірде-бір қызмет түрін ала алмайтындай жағдай болмауы керек. Жағдай бәріне бірдей тең дәрежеде жасалады, — деді бұл жөнінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Бүгінгі күндері әлеуметтік салада 1913 қызметкер жұмыс істейді. Осының 1688-і мүгедектігі бар балалар мен ересектерге, жалғызілікті қарттарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсетеді. Отбасының беріктігін нығайту бағытында 30 адам, әлеуметтік қызметкер ретінде 195 адам жұмыс істейді. Қалада 13 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету, 1 санаторлық-курорттық қызмет көрсету, 1 мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, 1 отбасылық қолдау орталығы және жұмыспен қамту бағытында әр ауданның мансап орталықтары жұмыс істейді. 2025-жылдың 1-қазанына дейін жалпы 3236 адам арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтылған. Отбасын қолдау орталығының әлеуметтік қызметкерлері 2025 жылдың 9 айында қала бойынша аз қамтылған және көпбалалы санаттағы өмірлік қиын жағдайларға тап болған 2051 отбасына 10 773 қызмет түрін көрсеткен.
Д. ОРАЗ.
