Әлеумет

СОҒЫСТЫҢ СҰМДЫҚ ШЫНДЫҒЫ

Екінші Дүниежүзілік соғыстағы адам шығыны, олардың бастан өткерген қайғы-
қасіреті туралы деректер жан түршіктіреді…

26 миллион ба,
41 миллион ба?

Өткен жылы Ресейдің Мемлекеттік статистика қызметі статистикалық деректер жариялады. Екінші Дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағынан 26 миллион 600 мың адам қаза болған. Соғыстан оралмаған  жауынгерлердің 32 пайызға жуығы 1941 жылғы алапат шайқастарда опат болған екен.

Біз басқа да деректерді саралап көрдік. Ұлы Отан соғысы жылдарында армия қатарына 35 миллионға жуық азамат алынғаны айтылады. Соғыста қаза болғандардың саны ең көбі – 21-25 жас аралығындағы боздақтар, олар жалпы солдат шығынының 22 пайызын құраған. Ал жасы 20-ға жетпегендер қайтарымсыз шығынның 18 пайызын құрапты. Кей деректерде жау тарапынан өлтірілген, аурудан, аштықтан, Германиядағы ауыр жұмыстардан өлген, екі жақтың ұрыс қимылдары кезінде оққа ұшқан бейбіт тұрғындардың жалпы саны 14 миллиондай болған. Қираған, күлге айналған үйлер, кәсіпорын, мекеме, техникаларда, инфрақұрылым нысандарында, қырылған, тартып алынған малда есеп жоқ.

Ал КСРО Мемлекеттік жоспарлау Комитетінің жария болған бір құпия құжатында «Кеңес Одағының Екінші Дүниежүзілік соғыста жоғалтқан адам саны 41 миллион 979 мың адам, оның 19 миллионнан астамы – әскер сапындағылар, 23 миллиондайы бейбіт тұрғындар» деп көрсетілген екен. Жалпы, соғыстағы адам шығынына қатысты бір-біріне қайшы келетін әртүрлі сандар айтылады. Не десек те шығын болған адам көп.

 Мүгедектер саны – 10 миллион адам…

Ресей Қорғаныс министрілігінің 2005 жылғы жариялаған деректеріне қарағанда, соғыста КСРО тарапынан 4 миллион 559 мың солдат жау тұтқынына түскен. Тағы бір деректерде соғыс кезінде 46 миллион 250 мың Кеңес Одағы азаматы жарақат алғаны айтылыпты. Осының ішінде 10 миллиондайы мүгедек болып қалған. «755 мың адам басынан жарақат алған, 155 мыңының бір көзі жоқ, 54 мыңы толықтай соқыр боп қалған, 3 миллион 747 мың адамның бір қолы, 1 миллион 10 мың адамның екі қолы да жоқ, 3 миллион 255 мың адам бір аяқсыз, 1 миллион 121 мың адам екі аяғынан да айырылған, аяқ-қолдары жартылай жұлынғандардың саны 418 мың 905, аяқ-қолдан бүтіндей айырылғандар саны 85 мың 942 адам», — деп көрсетілген құпия деректерде. Осы айтылған 10 миллион адамның 2 миллион 576 мыңы шайқастарда жараланған жауынгерлер болыпты.

800 мың адам қайыр сұрап күнелткен…

Әрине, Кеңес Одағы соғыс мүгедектеріне барынша жағдай жасауға тырысқан. Өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын, өзгенің көмегінсіз жүріп-тұруы қиындарға 1-ші топ, екі қолы, екі аяғы жоқ, екі қолында да саусағы жоқ, дегенмен өзін күтушіге жәрдемдесе алатын, тиісті көлікпен, құрылғымен қамтамасыз етсе жеңіл жұмыс істей алатындарға – 2-ші, бір қолы, бір аяғы, бір көзі жоқ, еңбек ете алатындарға 3-ші топ мүгедектігі берілген. Соғыста қаза болғандардың отбасына бір реттік қомақты өтемақы да төлеген.

Бірақ ауыр соғыстан тұралаған елде осынша мүгедекке жағдай жасау да оңай болмаған, оларға берілетін жәрдемақы, зейнетақылар күнкөріске жеткізуге қиын болған. Осындай ауыр жағдайларды көтере алмаған, онсыз да әзер күнелтіп отырған отбасына масыл болғысы келмеген талай азамат қайғысы мен күйігін арақпен өшірем деп маскүнем болып кеткен. Өзіне қол жұмсаған, түрлі қылмыстарға барған, қайыршылықпен күн кешкендері де аз емес. Жалпы, мүгедек деп танылған адамдардың 1,5 миллионға жуығы еңбекке жарамсыз болса, соның 800 мыңдайы қаңғырып, қайыршы боп күн көріпті. Соғыстан кейінгі жылдары қалаларда, вокзалдар мен базарларда кеудесі орден-медальға толы мүгедек қайыршылар көп жүрген. Сондықтан да 1948 жылы «Ауыл шаруашылығында еңбек етуден жалтаратын және қоғамға жат масылдық өмір салтын ұстанатын адамдарды алыс аудандарға жер аудару туралы» Жарлық шыққан. 1951 жылы тағы да «Кедейшілікке және қоғамға жат масылдық элементтерге қарсы күрес туралы» Жарлықтар шыққан. Осы жылдың екінші жартыжылдығында ғана ірі өнеркәсіпті қалалардан қайыршылықпен күн көріп жүрген 107 мың 766 адам ұсталған. 1952 жылы 157 мыңға жуық, 1953 жылы 182 мыңнан астам сондай адамдар ұсталған. Осынша адамның 70 пайызы соғыс мүгедектері болған. Олардың көбін жұрттың көзінен қалыс аралдарға, иесіз қалған балалар үйлері мен монастырьларға арнайы күзетпен орналастырған.

Соғыс мүгедектерінің жағдайы тек 1960-1980 жылдар арасында ғана жақсара түсіпті. Оларға жәрдемақы, зейнетақы ұлғайтылған, түрлі жеңілдіктер берілген. 1990 жылдардағы тоқырау кезінде олардың жағдайлары қайтадан нашарлап кеткен. Кейін әр ел соғыс мүгедектеріне өз шама-шарқынша жағдайлар жасай бастады. Бүгінде оларға деген қамқорлық жоғары, дегенмен қатары тым селдіреп кетті.

Міне, ел басына күн туған алмағайып кезеңде Отан қорғаған алдыңғы толқын өкілдерінің басынан осындай қиындықтар өткен. Оны ұмытуға болмайды.

Д.НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *