Халықтың жауынгерлік тарихын ұғындырып-сезіндіруде әскери тақырыптағы әндердің орны бөлек. Жақсы ән жұртшылықтың көңіліне орнығады, жадында жатталып қалады. Сенім береді, жігерлендіреді, елге, жерге деген сүйіспеншілігін нығайтады.
Бізде сарбаздардың сапта жүріп шырқайтын әні баршылық. Дегенмен «мынаусы керемет шыққан екен!» деп айрықша сүйсініп айтуға татитынын атап көрсетуде күмілжіп қалатынымыз өтірік емес. Сарбаздарымыздың «отыздан асып барамын» деп те, әскер өміріне түк қатысы жоқ кейбір көше әндерін шырқап жүрген кездері де болған. Соны көргенде әскери әндеріміз неге жұтаң деп қынжылушы едік. «Қазақ болып тумағанда нетер ем?!», «Ай-хай, Қамажайым-ай, салған әнің-ай!..» деген сияқты топпен жаңғырта орындалып жататын әндерге де көңіліміз толмағаны рас. Мүмкін сөзі тартымды да шығар, бірақ әуені онша тартпайды. Ал кей әннің әуені көңілге жаққанымен сөзі қарабайыр. Рухты көтеретін, елге сүйіспеншілікті арттыратын «Менің елім», «Атамекен» сияқты әндер бар, бірақ олар жауынгерлік сапта топпен шырқауға үйлесе бермейді. Әннің сөзі тебірентіп-толғантып, әуені жадыңда жатталып қалардай болып бірін-бірі үйлесе толықтырып тұрса дейсің. Ол сап түзей шырқап келе жатқан сарбаздардың шеру ырғағын бұзбай, соған сәйкесіп, жұп-жұмыр болып тұрса, кәнеки! Сонда ол сарбазға өзінің Отан қорғаушы, маңызды жан екенін, жұрттың алдында абыройлы екенін ұғындырар еді.
Біз кеңестік кезеңде әскер қатарында болдық, жауынгерлік сапта әндер шырқадық. Ішінде осалы болмаушы еді. Соғыс тақырыбындағы салмақтылары, лирикалық сарындағылары, жастық шаққа жарасты ойнақылары да болды. Рухты көтеретін сөздерімен, бойды шымырлататын әуенімен баурап алатын. Мәтініне, әніне аса мән беріліп, жоғары жауапкершілікпен қаралған, тиісті сүзгіден өткізілген болар, әйтеуір бәрі мықты еді. Тақырыптары Отан қорғаушыға, соғыс кезіндегі солдат ерлігіне, елдің бейбіт өмірін күзетуге, алдыңғы толқын ағалардың абыройлы ісін жалғастыруға, жауынгерлік достыққа, елде қалған сүйіктімен сырласуға, солдат сағынышына, өзін-өзі ерлікке тәрбиелеуге арналған болып келеді. Ол әндер әлі күнге дейін санамыздан өшкен жоқ, кей кездері ыңылдап еске алып қоятынымыз бар.
Бізді осындай әндер тәрбиеледі. Солардың әсерімен күшті, төзімді, қуатты, батыр, батыл, ұстамды, табанды, салқынқанды, үлкен-кішіге мейірімді, әлсізге қамқор, адамгершілік қасиеті жоғары азамат болуға қызықтық. Ал қазіргі жастарды қай ән несімен қызықтырады?
Бізде, мысалы, «Сарыарқа», «Сарыжайлау», «Серпер», «Адай» сынды күйлер бар. Адуынды, толқытып-тебірентіп, қаныңды қыздырады. Сол сияқты Отан, ұлт қадірін сезіндіретін жүздеген жақсы әндер бар. Ал дәл осындай қуат беріп, жігерлендіретін, кеудеде елге, жерге деген мақтаныш, парыз сезімін оята сап түзей шырқайтын әскери туындылар неге жоқ? Ежелгі түркі бабаларымыздан бастап бүгінгі батырларымыздың ерлік істерін насихаттап, жадыңа ұялататын жақсы әндер болса ғой дейсің.
Әскери әнмен бүкіл халықты тәрбиелеуге болады. Сәтті шыққандарынан сөз бен істің бірлігі, қуаты сезіледі. Ал біз қазір сондай туынды деп қай әнді атай аламыз? Сөзі мен әуені бойға рух беретін, шабыттандыратын, толғандыратын, 10 сарбаз, 30, 100 жүз сарбаз белгілі ырғақпен сап түзей топпен шырқағанда жарасып-ақ қалатын, еріксіз баурап алатын қандай әніміз бар?
Сөзі де, әуені де қарапайым, бірақ тілін түсінбесе де кез-келген ұлт өкіліне ұнай кететін әндер болады. Әлем тарихында ондай әндердің тіпті жүз жасаған, осыдан екі-үш ғасыр бұрын шыққандары да бар. Сондай деңгейге көтеріліп кетпесе де өз халқымыздың, өз жастарымыздың, өз сарбаздарымыздың сүйікті әуеніне айналатын бір ән керек қазіргі кезде. Осыны ақындарымыз, композиторларымыз жақсылап бір ойланса екен.
Рас, ақындарымыздың бұрынғы-соңғы кездері жазған ұлтжандылыққа үндейтін, патриоттық сезімді оятатын небір керемет өлеңдері бар, бірақ олар әнге келмейді. Сондықтан ондай саптағы ырғаққа жарайтын әскери әнді ақын мен композитор бірлесіп, ақылдасып отырып шығарғаны дұрыс деп ойлаймыз.
