Басты жаңалықтар

«ИБРАҺИМ КЕЛІСІМІ» ДЕГЕН НЕ?

Қазақстанға Израиль президенті Ицхак Герцог жұмыс сапарымен келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Екі ел басшыларының арасындағы әңгіме негізінен экономикалық ынтымақтастық қарым-қатынастарға қатысты өткенімен жұртшылық бүгінде «Ибраһим келісімдеріне» байланысты көбірек сараптап жатыр. Себебі Қазақстан өткен жылдың күзінде бұл халықаралық келісімге қосылатынын мәлімдеген еді. Оған қосыламыз деп емеурін танытып отырған басқа да елдер бар.

«Ибраһим келісімдері» («Авраам келісімдері») өз атауын әлемдік үш діннің – иудаизм, христиан және ислам діндерінің арғы атасы саналатын Ибраһим пайғамбардан алады. «Ибраһим келісімдеріне» АҚШ бастамашы болған. Мақсат – Таяу Шығыстағы араб елдері мен Израиль арасында бейбіт қарым-қатынас орнату, оны дамыту.

2020 жылы бастау алған бұл келісімге араб елдерінен әзірге Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Марокко және Израиль қол қойған, тиісті бағыттағы жұмыстарын атқарып келеді. Судан елі де келіскен, бірақ әзірге іс толық біткен жоқ. Жалпы, аталған араб елдерінің бұл келісімге қосылуына Израильдің Иордан өзенінің батысындағы жерлерді қосып алмақ ойынан бас тартқаны қозғау салған еді.

«Ибраһим келісімдерін» Еуроодақ елдері қолдады. Ал Палестина мен басқа араб елдері, Ислам ұйымдары, Түркия оған күмәнмен, сенімсіздікпен қарайтын сияқты. Иран болса да қарсы.

«Ибраһим келісімдері» әзірге оған қол қойған бірер араб елдері мен Израиль арасында қарым-қатынастың нығаюына әсер етіп отыр. Қорғаныс, экономикалық, сауда, инвестиция бағыттарында ынтымақтастық орнады. Өз кезегінде ол Таяу Шығыстағы бірқатар оңды саяси және экономикалық үдерістерге жол ашты. Әуе қатынасы, сауда, туризм жанданайын деді, бұрын бір-біріне жоламайтын елдердің халықтары ақырындап араласа бастады. Дегенмен Израильдің кейінгі кездегі Палестинаға, Ливанға қатысты әрекеттері жұртты ойландырып та жүргендей.

«Ибраһим келісімдері» дегеніміз – осы, Таяу Шығыстағы араб елдері мен Израиль арасындағы ұзақ жылдардан бері жалғасып келе жатқан қырғи-қабақ жаулыққа нүкте қоюға, бұл аумақта бейбіт қарым-қатынастар орнауына атсалысу. Бұл келісімдердің барысы қалай болады, халықаралық қауымдастыққа не береді – мұның бәрі алдағы уақыттың еншісінде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *