Uncategorized

Өзбекәлі Жәнібеков – рухани ағартушы

Тамыздың 28-і Өзбекәлі Жәнібековтың туған күні. Оңтүстік өңіріндегі ұстаздардың ұстаханасы саналған оқу орнымызға өткен жылдың 22 маусымында республикалық ономастикалық комиссия шешімімен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің есімі берілді. Осыған байланысты киелі қара шаңырақтың атауы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті болып өзгерді.

«Рух сардары» атанған тұлғаның есімін иеленген күннен бастап Өзбекәлі Жәнібековтің азаматтық, қайраткерлік, ғалымдық тұлғасын танытуға арналған іс-шаралар өткізілді. Оқу орнымыздың білікті басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Г. Сүгірбаеваның бастамасымен «Өзбекәлі Жәнібеков орталығы» ашылды. Орталықтың негізгі бағыты – тұлғатану, Жәнібековтану болып табылады. Онда Өзбекәлі Жәнібековтің кітаптары, құжаттары, ұстаған заттары қойылған.

Алғаш рет өткізілген Өзбекәлі Жәнібековке арналған «Рух сардары» атты Республикалық жас ақындар айтысының, «Өзбекәлі Жәнібеков құбылысы: тұлға тағылымы және педагогикалық  құндылықтар» атты  «Жәнібеков оқулары – 1» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының, «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының авторы С.Керімбаймен кездесудің мән-мағынасы мен әсері ерекше болғандығын айтпасқа болмайды. Сонымен бірге білім алушыларға Өзбекәлі Жәнібеков туралы түсірілген деректі фильмдер көрсетіліп, талқыланды. Оның қайраткер ретінде атқарған еңбектері «Болашақ»  пікірсайыс клубы мүшелерінің қатысуымен өткізілген дебатқа да арқау болды. Білім алушылар арасында «Жәнібеков – жастар жетекшісі» тақырыбында эссе байқауы ұйымдастырылды. Этнограф-ғалымның еңбектері білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының зерттеу тақырыптарына айналатындығы да маңызды болып табылады. Қазіргі уақытта тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Исабектің жетекшілігімен докторанттар зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Орталық жұмысының бір бағыты Өзбекәлі Жәнібеков туралы деректер қорын жасақтау. Осы ретте қалалық, республикалық архивтермен, кітапханалармен бірлесе жұмыс атқарылды. Нәтижесінде Алматы қаласында орналасқан Республикалық ғылыми-техникалық кітапхана арқылы Ресей мемлекеттік кітапханасының қорынан академик М.Қозыбаевтың ғылыми жетекшілігімен 1991 жылы КСРО Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесі этнография және археология институтының диссертациялық кеңесінде қорғаған «Проблемы традиционного искусства казахов в историко-этнографическом аспекте» атты тақырыптағы диссертациялық жұмысының авторефератының көшірмесі алынды.

Ғылыми дәреже алуы туралы Ө. Жәнібеков «Тағдыр тағылымы»  кітабында: «Тоқсаныншы жылдарда мен қазақтың дәстүрлі өнерін тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеуге қатысты шығармашыл ізденістерімді  жалғастыра түстім. «Жаңғырық… Алтын домбыра жайлы аңыздың ізімен»  (1990 ж.) «Уақыт  керуені» (1992 ж.), «Жолайырықта» (1995 ж.) «Қазақ  киімі» (1996 ж.) атты кітаптарым жарық көрді. Ал 1991 жылғы 22 сәуірде  Одақтық Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесіндегі тарих, филология  және философия институтының арнаулы кеңесінде ғылыми баяндамам  тыңдалып, тарих ғылымының кандидаты деген атаққа ие болдым. Шығып  сөйлеген ресми оппоненттерім – тарих ғылымының докторы Н.Алексеев,  ғылым кандидаты X.Кауанова екі бірдей монографияның негізінде жасалған  ғылыми баяндама түріндегі диссертация қай жағынан алып қарасақ та ғылыми-танымдық мәні бар, этноөнертану ғылымына қосылған күрделі үлес  болып табылады» дегенді айтып, диссертантқа бірден тарих ғылымының докторы деген атақ беру жөнінде ұсыныс енгізді. Академик А.Деревянко  болса, сөз жоқ, Ө.Жәнібековтің жұмысы мазмұнының күрделілігі мен  диапазонының кеңдігіне қарай жоғары бағалануға тиіс дегенді айта келе,  диссертанттың ғылыми зерттеулерінен оның Георгидің, Уәлихановтың,  Потаниннің еңбектеріне тән дәстүрлерді жалғастырып келе жатқаны белгілі  болып отыр. Біз әдетте ғылыми жаңалық ашқанда оны қағазға түсіру мен  нақтылы ұсыныстар енгізу жағына ғана мән береміз. Ал бүгін біздің  алдымызда баяндама жасаған диссертант ашқан жаңалықтарын өндіріске  ендірумен де айналысады екен. Оған кепіл-қалпына келтірілген киім  нұсқалары, халық аспаптары, бұрын құрып біткен деп есептеліп келген кілем үлгілері, халық билері, тағысын тағылар. Мұның бәрі диссертацияның кандидаттық деңгейден асып түсетінін көрсетеді…», — деп жазады.

Өзбекәлі Жәнібеков еңбек жолын қазіргі Келес ауданында тарих пәнінің мұғалімі болып бастап, аудандық, облыстық, республикалық комсомол ұйымдарының хатшысы, орталық комитеттің шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі, Торғай облысы комитетінің хатшысы, мәдениет министрінің орынбасары, мәдениет министрі, орталық комитет хатшысы қызметтерін атқарған. Қай қызметте болса да өзінің еңбекқорлығымен, қарапайымдылығымен айналасындағы адамдарға үлгі көрсетіп, өнеге бола алған. Бұның дәлелі «Тағдыр тағылымында» жазылған мына жолдар: 1973  жылы жазға қарай Торғай облысына Ленин орденін тапсыру үшін        Д.Қонаев Арқалыққа келетін болды. Аса құрметті қонақтың келуіне  облыстық музейді ашуды орайластырған едік. Экспозициясын дайындап,  орын-орнына қойғызып болғаннан кейін, еденін сырлауды қадағалауды  облатком төрағасының орынбасары мен қаланың басшыларына тапсырып,  Есіл ауданына жүріп кеттім. Жұма күні кешкі сағат 6-ға қарай Арқалыққа  қайтып келсем, ештеме істелмепті. Музейде бір жан жоқ, жұрт тарқап  кеткен. Музейдің үйін жөндеуден өткізіп жатқан Торғай боксит кеніштерінің басқармасына телефон соғып, үйіне кетіп қалған қоймашыны шақыртып  алып, бірнеше бөшке еден сырын, берішімен қоса, білік, бояу жаққыштар  әкелгенше сағат 8-ге жақындап қалды. Дереу телефон соғып, облатком  төрағасының орынбасарын, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысын,  орынбасарымен қоса қалатком төрағасын, мәдениет басқармасының  бастығын шақырып алып, еден сырлауға кірістік…».

      Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. XX ғасырдың 70-жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Ө.Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. Ө.Жәнібеков «Шертер», «Адырна», «Алтынай», т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырып, «Наурыз» мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердіұлы есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.

          Өзбекәлі Жәнібеков: «Комсомол бізді о бастан жауапкершілікке,  қиыншылықтарды жеңе білуге, ең негізгісі – адал қызмет етуге үйретті.  Торғайға қызметке барғаныма ренжімеймін. Керісінше, Арқаның қақ  ортасына орналасқанымен, әртүрлі себептермен қазіргі заманғы қатынас  жолдарынан, байланыс құралдары мен коммуникацияларынан тысқарылау  қалып, дәстүрлі өнері мен мәдениеті замана керісіне малығып үлгіре  қоймаған, табиғатынан адал, ержүрек адамдар мекен еткен өлкеде, партия  қызметін қазақтың ұлттық дәстүрлерін, киім-кешегін, әуез аспаптарын,  халық әндері мен билерін, қолөнерін тарихи-этнографиялық тұрғыдан  зерттей түсумен ұштастыруға мүмкіндік алдым. Болашақ  шығармашылығыма, ізденістеріме даңғыл жол ашқан аса жауапты, жаңа  кезең Торғайда басталған  еді», — дей келе халқымыздың мәдени мұрасын жинау мен сақтау ісіне жан-дүниесімен шын кіріскендігін айтады. Әсіресе музей ашу ісінің жолға қойылуына үлкен еңбек етті және қазақ музей ісінің негізін салды. Торғай даласындағы алғашқы музей Аманкелді Имановқа арналған. Музей ашу үшін экспонаттар жинауды Аманкелді туының суретін табудан бастаған. Батыр опат болған кезде айтқан әйелі Балымның жоқтауын жазып алып, әнші З.Есбергеноваға орындатып, таспаға түсіруі, Аманкелді сарбаздарының аттарын баққан, батырдың қолбаласы болған кісінің үйінен асадал мен төсекағашты алдыруы, иттің алдында жатқан астауды қалап алып, тазалатып, музейге қоюы, т.с.с. ұмытылып бара жатқан қолөнер бұйымдарын жинауы ерекше құрметке лайық істер.

Музейге экспонаттар жинау барысындағы оқиғалар турасында: «…Сіз  мені айыпқа бұйырмассыз, — деп бастады ол сөзін, — осы төсекте шалым 47  жыл жатқан еді. Бұдан бес жыл бұрын дүние салды. Оның көзіндей болып  қалған мүлкімді қалай қиып берейін. Әйтсе де, қарағым, «ел үшін» деген  екенсің, ала ғой, бірақ орнына жылтыратылған бір шкаф, бір төсек алып  берсін. Мен болсам, ертеңге қалдырсақ, айнып кетер деп, магазиннен сұрағанын дереу сатып алып келуді өтіндім. Оны әкелген машинаға үйдегілерді тиеп алып, рахметімізді айтып, кете бердік. Кейіннен  байқағаным – әлгі әйелдің жылына бір-екі рет музейге келіп, өзінен алынған  заттардың қасында ұзақ отырып, үйіне қайтып кетіп жүргені.

Бір жолы бір үйде қымыз ішіп отырып, оны сапырып, құйып отырған  ағаш табақ пен саптыаяққа көзім түсті. Сұраса келгенде білгенім – ыдыс-аяқ  мал-мүлкі қатталған бір байдың қыстауында көмілген заттардың ішінен  алынған екен. Табақ онша құнды болып шықпағанымен, саптыаяқтың  тұтқасындағы теспелі шекпе шебер жасалғаны көрініп-ақ түр, ат-түйедей  қалап алып, оны да музейге әкеп өткіздім.

Тағы бір ауылда болғанда қымызының дәмін татқызу үшін үйіне шақырған ақсақал қонақ бөлмесіне майауза төсетіп жатқанда қорадағы  байлаулы иттің алдындағы төрт адамға арналған ескі астауды көріп, мұның  мәнісін түсіндіруді өтіндім. Астауды 1900 жылы Торғай өңіріне белгілі ағаш ұстасы шапқан екен. Соңғы кезде оның тұрмыстан шығып қалғанына  байланысты астаудың осы бір данасы итаяқ ретінде пайдаланыла бастаған.  Оны маған сыйлауды өтінгенімдегі шалдың таң қалғанын көрсеңші. Обком  хатшысына итаяқтың керегі не? деп ойлаған болса керек, жақсылап  тазалатып, машинама салып берді. Қазір музейдегі ең бағалы  экспонаттардың бірі…

  Шынымды  айтсам, осы музейден басталған қазақтың көне тарихы,  этнографиясы мен дәстүрлі өнерін зерттеуге құштарлық менің кейінгі шығармашылық ізденістеріме арқау болды», — дейді этнограф-ғалым.

Өзбекәлі Жәнібековтің мемлекет және қоғам қайраткері ретінде жасаған істері мен айтқан ойлары өміршеңдігімен барлық уақытта маңызды және өнеге болып қала берері сөзсіз.

          Қайраткерлігі мен ғалымдығы өз алдына бір төбе болған тұлғаның есімінің қоғам негізін қалайтын мамандар даярлайтын педагогикалық оқу орнына берілуі заңдылық та. Болашақта біздің білім алушыларымыз қоғам қайраткерінің атын иеленген оқу орнымызда сақталған ұрпақтар сабақтастығына айналған игі істерді жалғастырып, озық ойлы педагогтар болатынына сенім мол.

Э. Оразбаева,

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ, Өзбекәлі Жәнібеков

орталығының басшысы, ф.ғ.к., доцент м.а.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *