Әлеумет

Жосықсыз жұмыс берушілердің алғашқы реестрі жасалады

2024 жылғы 12 желтоқсанында Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры өзінің жаңа бастамасын жариялады. Жосықсыз жұмыс берушілер тізімінің мақсаты – жұмыс берушінің еңбек заңнамасын сақтауына қоғамдық бақылауды күшейту. Еңбек кодексін бұзу жайттарын жария ету.

Реестрдің ережесі Қордың adildik.org.kz сайтына жүктелді.

Жұмысшының Еңбек кодексінің 22-бабында қарастырылған құқығын бұзған кез келген жұмыс беруші реестрге енгізілуі мүмкін.  Жалақының кешіктірілуі, қауіпсіздік техникасын сақтамау, жұмыс тоқтап тұрғаны үшін ақы төлеуден бас тарту, төленетін еңбек демалысын бермеу, жұмыстан заңсыз шығару сынды жағдайлар реестрге енгізуге себеп бола алады. Бұл тұста жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек шартының болуы міндетті емес. Қолында еңбек шарты болмаса да, жұмысшының Еңбек кодексінде қарастырылған құқықтары бар.  

Еңбек құқығының бұзылуы жайлы ақпаратты жұмысшы, ұжым, БАҚ, билік органдарының өкілдері, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар және оқиға куәгері де ұсына алады. Бұл үшін Қор сайтында арнайы форманы толтыру керек.

Реестрде заңды тұлғаның атауы, мекенжайы, саласы, құқықбұзушылық түрі мен саны және т.б. деректер болады.

Жосықсыз жұмыс беруші реестрінің ережесінде ұсынылған мәліметтердің  дәйектілігі қатаң бақыланады. Өтініш беруші еңбек қатынасы мен құқықбұзушылық фактісін растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс (мәселен, хабарламалар  скриншоты, еңбек шартының көшірмесі…). Егер жұмыс берушінің әрекетіне қатысты еңбек ұжымынан шағым түссе, жұмысшылар қол қойған парақты ұсыну жеткілікті.

Қор ақпаратты ашық дереккөздерден тексере алады. Қажеттілік туындаған жағдайда ресми сұрау жібереді. Алайда деректердің растығы үшін жауапкершілік өтініш берушіге жүктеледі. Шындыққа жанаспайтын шағымдардың алдын алу үшін өтініш берушіні жауапкершілік жайлы ескертудің бірнеше кезеңі қарастырылған.

Реестрге енген жұмыс берушілер уәжбен келіспесе, ақпаратты жоққа шығаратын дәлелдерді ұсына алады. Олар расталса, тізімнен шығарылады. Бірақ құқықбұзушылық қайталанса, бұл жұмыс берушіні реестрден алып тастау уақыты созылады.

Қор өтініш берушілердің жеке деректерін жарияламайды. Реестр қордың adildik.org.kz сайтында жарияланады. Кез келген адам оның мазмұнымен таныса алады. Онлайн режимінде толықтырылып отырады.

Осылайша ақпаратты бір жерде жинақтау қазақстандықтарды жосықсыз жұмыс берушімен еңбек қатынасынан қорғайды.

«Бұл реестрдің жүзеге асырылуы еңбек құқығы бұзылған жұмысшылар мен осы мәселеге бейжай қарамайтын қазақстандықтардың белсенділігіне байланысты. Жұмыс беруші алдап кетсе немесе осындай жағдайға куә болсаңыз, бізге хабарлауға шақырамыз. Реестрге қоссақ, компания атауы мен жетекшілерін барша ел білетін болады!

Реестр – жай ғана тізім емес. Жұмысшы құқығын қорғау мүмкіндігі. Біздің бастамамыз әр адамның еңбегі бағаланатын қоғам құру жолындағы қадам боларына сенеміз», — деді баспасөз мәслихатында Қор директоры Дана Рысмұхамедова.

Реестрді іске қосу қоғамдық бақылауды дамытып, құқықтық мәдениетті нығайтуға жағдай жасайды.

Қор барша жұмысшыны, қоғамдық ұйым өкілдері мен азаматтарды еңбек адамының құқығын қорғап, әлеуметтік әділдікті нығайтуды көздейтін бастаманы белсенді қолдауға шақырады. 

Жосықсыз жұмыс берушілердің алғашқы реестрі 2025 жылдың басында жарияланады.

Анықтама:

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры – жаңа үлгідегі үкіметтік емес ұйым.

Қор белсенді азаматтық ұстанымы бар, Әділетті Қазақстан құруға үлес қосқысы келетін қазақстандықтарды біріктіреді. 20 өңірде өкілдігі мен  7000-нан астам жақтасы бар. 

Қор өз жұмысында қоғамдық бақылау мен әлеуметтік мониторингке ерекше басымдық береді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері 277 кәсіпорынның 18,7 мың жұмысшыға жалақы бойынша қарызы бар екені анықталған. Берешектің жалпы сомасы – 4,4 млрд теңге. Тексеріс кезінде түрлі ұйымда еңбек құқығының бұзылуының 7,5 мың жағдайы белгілі болды. 

Баспасөз хатшысы – Гүлжан Марқабаева, +7 701 986 9966, adildik.org.kz@gmail.com

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *