Басты жаңалықтар

СӘРСЕНБАЙ АТА ПАРИЖГЕ ЖАЯУ ЖЕТТІ

Әлем жұртшылығына есімі жаяу жиһанкездігімен белгілі болған ұлытаулық Сәрсенбай Қотырашов қария елді тағы да таңқалдырды. Биылғы наурыз айында жолға шыққан ол 1 ай 23 күнде Франция астанасы Париж қаласына дейін жетті, әйгілі Салтанат қақпасына кірді. Бұл жөнінде «TENGRI TRAVEL» хабарлады.

Жиһанкезді Қазақстан елшілігінің қызметкерлері күтіп алды, оған Біріккен Ұлттардың білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (UNESCO) штаб-пәтерінде құрмет көрсетілді.

Ерекше таңқалдыратыны – С.Қотырашовтың жасы қазір 76-да. Мұндай жаста алыс жол жүруге адамның көбі тәуекел ете бермейді. Тіпті көлікпен болса да. 70-тің жүгі оңай емес. Сондықтан ол кісіні «жетпістің желкесіне шыққан» деп айтсақ әбден жарасады. Бұл сапарында Сербия, Венгрия, Австрия, Германия жерлерінен жаяу жүріп, 3 мың шақырым жолды артқа тастады. Әлі де тың, белсенді. Гиннестің рекордтар кітабына жасы 75-тен асқан жаяу саяхатшы ретінде енуді алдына үлкен мақсат етіп қойған. Өзі үшін емес, Қазақ халқы үшін. Әлемді жаяу шарлап өтіп қана қоймай, жұртшылықты Ұлытау өңірінің, Қазақ даласының арғы-бергі тарихымен, қазақтың жақсы қасиеттерімен, мәдениетімен таныстыру мақсаты жолында тер төгуде. Ол кісі жүрген жолында қолөнер шеберлерін тізімге алып, толықтырумен де айналысады. Біріккен Ұлттардың білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымымен келісім бойынша, егер тізімдегі қолөнершілер саны 1 мыңға жетер болса, ЮНЕСКО арнайы сайт ашып береді, біздің қолөнер шеберлеріне басқа елдердегі әріптестерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік туады. С.Қотырашов сондай-ақ халқымыздың ерекше мұрасы, ұлттық мерекесі – «Қымыз мейрамын» насихаттауды да мақсат тұтқан. Әрине, жүрген жолындағы елдердің де тарихымен, мәдени мұрасымен танысып, жұртты таныстыру да ол кісінің ойында тұрады.

Әлемдік рекордтар кітабына ену үшін «Жер белдігі» – экватордың ұзындығынан (40 мың шақырым) асатын жолды жаяу жүріп өту керек болса, Қазақ жиһанкезі бүгінде соның жартысына жуығын артқа тастады. Ол 2022 жылы еліміздегі 17 облыстың жерін жарты жылда жаяу жүріп өткен болатын. 8 мың шақырым жол жүрген. Есімі Қазақстанның рекордтар кітабына ендірілген. 2023 жылы С.Қотырашов Атыраудан Түркияның Стамбұл қаласына дейін барған. Жолы Кавказ елдері арқылы өткен, 100 күнде 3 мың шақырымды артқа тастаған еді. Осы сапарында ол «ТҮРКСОЙ» Бас хатшылығына соғып, «Қымыз мейрамын» халықаралық ұйым шеңберінде өткізу жөніндегі ұсыныс хатын тапсырған болатын.

2024 жылы С.Қотырашов Өскеменнен Қытайға қарай жаяу бет алды. Алтай өңірінен, Монғолиядан Қытай астанасы Бейжіңге дейінгі 4 мың шақырымнан аса жолды 130 күнде жүріп өтті.

Енді, міне, Еуропаның бірқатар елі арқылы ол кісі Францияға жаяу жетіп отыр. Сонымен қарияның артқа тастаған жол ұзақтығы 18 мың шақырымнан асты.

Қария елге оралып, біраз тынығып алған соң тағы да алыс жолға шықпақ. Келесі жылы АҚШ-қа сапар шегуге ниеттенген. Бұл елдің Атлант мұхиты жағалауынан Тынық мұхит жағалауына дейінгі жерлерін жаяу жүріп өту мақсаты бар.

С.Қотырашов туралы деректер әлеуметтік желілерде өте көп. Түрлі ақпарат көздерінде мақалалар мол. Ол кісінің өзі де жүріп өткен жерлерін әлеуметтік желіде көрсетіп отырады.

Міне, Қазақ жиһанкезі Сәрсенбай Қотырашов – осындай азамат. Ол кісі еңбекке бала кезінен араласқан екен, ұзақ қашықтықтарға жаяу жүріп шыныққан. Естіген, көрген-білгенін көңілге тоқыған, тарихтан хабары мол кісі. Темірден түйін түйетін қолөнерші, ескерткіштерді жаңғыртатын реставратор. Әлемді жаяу аралап шығуды осыдан оншақты жыл бұрын ойына алған екен, түрлі себептер кедергі болып, саяхатқа шығуға 2022 жылы мүмкіндік туған. Осы мүмкіндікті пайдаланып елге қажетті, халық үшін маңызды бірқатар шаруаларды тындырып тастады.

Сәрсенбай қарияға Құдай қуат берсін, жиһанкездік сапарлары әрқашанда сәтті болғай!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *