Әлеумет

106 жастағы Қызтай  әже әдемі қартаюдың өнегесін көрсетіп жүр

Иә, 106 жыл өмір сүру жүз мың адамның біреуіне ғана бұйырады. Екі ғасырдың куәгері болған әжем өзінің әр батасында ел мен әулеттің амандығын, Алладан халқымызға иман, басшыларға сабыр тілеп отырады. Ғасыр жасаған әжеміздің ақ батасы қабыл болғай!

Қызтай Қайназарқызы 1920 жылы Шымкенттің маңындағы Қарабастау ауылында дүниеге келген. 1930-40 жылдардағы ашаршылық пен соғысты бастан кешірген зұлмат заманның адамы болғандықтан, ол кісіде балалық шақ та, жастық шақ та болмады. Сол бір зұлмат жылдары небір қиыншылықтарға қарамастан қара жұмыстың бәрін істеп, егін де егіп, арба да айдап, таң атқаннан кеш қарайғанға дейін бір тынбай еңбек етіп, ерте есейді. Сонда да мойымай, болашақтағы жақсы өмірден ешқашан күдерін үзген емес. 

    Қызтай әже Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Шымкентте теміржолда машинист болып істейтін Әшірбек Дүйсебековке кездесіп, соған тұрмысқа шығады. Әшірбек атам мен Қызтай апам Ұлы Отан соғысынан кейінгі жоқшылық кезде күндіз-түні ерінбей еңбек етіп, тату-тәтті тұрып, бақытты өмір сүрді. Әшірбек ата теміржолдағы жұмысын жақсы істеп, жоғары жалақы алып, көп табыс тапқан. Сол ақшаны екеуі ынтымақпен орынды жұмсап, 50-жылдары қаладағы сол кездегі Чапаевка поселкесінен 6 соттық жер алып, үй салады. Әшірбек атамыздың қолында болған анасы Дәметер әже келініне ақылын айтып қана қоймай, күнделікті үй тіршілігінде қолғабысын да аямай, оларға барлық жағынан көмектеседі. Бір данышпан «Керемет үй болмайды, оны керемет ететін – сол үйдің әйелі» деп айтқан екен, сол сөз рас қой.

Қызтай әже 1951 жылы тұңғыш ұлы Жандарбекті, 1953 жылы Айдарбекті, 1955 жылы Оңғарбекті, 1958 жылы Шардарбекті және 1962 жылы Қамбарбекті жарық дүниеге әкеледі. Атамыз бен апамыздың ұрпақтары осылай көбейіп, өсіп-өнеді. 50-60 жылдары атам теміржолдың ҰОС ардагерлеріне беретін жолдамасымен жұбайын Кеңестер Одағының бірнеше қалаларына пойызбен апарып, шаһарларды қыдыртып, қызықты күндерді өткізеді. Әшірбек атам жыл сайын жазда Қызтай апаны өзінің туған жері — Ленгір ауданындағы Қаратөбе ауылына апарып, ағайын-туыстарымен және ауылдағы достарымен кездесіп, оларды дастарханға шақырып тұратын. Әкем Тұрар қойын сойып, өзге ішіп-жемнің барлығын атам қаладан ала келетін. Ол кезде мен он жастағы бала болғаныммен, бәрі де есімде. Атам қолы ашық, бауырмал, жаны жайсаң, өте мейірімді жан еді. Шымкентке қыдырып барғанымда «Балам, не әперейін?» деп сұрайтын. Мен үндемеген соң қолыма 3 сом, кейде 5 сом ұстататын.

Осындай бақытты күндердің бірінде Әшірбек атамыз ойламаған жерден қылтамақ ауруына шалдығып, 1972 жылы жарық дүниемен қоштасты. Ол кезде тұңғыштары Жандарбек – 21 жаста, Айдарбек әскерде, Оңғарбек, Шардарбек пен Қамбарбек мектепте оқушы болатын.

Осылайша Қызтай апамыз 52 жасында жесір қалды. Бірақ үйде қарап отырмай, түрлі еңбекпен айналысты. Қаладағы үйінде қой мен сиыр ұстады. Дәметер әже де үйге, немерелеріне қарасып, қолдан келген көмегін аямайды. 5 ұлын әкесіз бағып, аяқтандырды. Оларды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» жетілдіріп, үйлендірді. Жабылып жүріп алдымен үлкені Жандарбекті, кейін Оңғарбекті, Шардарбекті, Қамбарбек пен келіндері Райхан, Айман, Гүлзат, Ләзатты бөлек үй етіп шығарды. Сөйтіп өзі 2-ші ұлы Айдарбек пен келіні Күлайшамен бірге қарашаңырақта қалды. Бүгінде Қызтай апа 5 ұлынан 16 немере, 34 шөбере сүйіп отыр.

Ұзақ жасаған әжеміз осы кезге дейін тамақты уақтылы әрі талғаммен жеп-ішуді әдетке айналдырған. Көбіне сорпа, көже секілді сұйық тағамдарды және ағарғанды ішіп, денсаулығын күтеді. Соның арқасында есте сақтау қабілеті де жоғалмаған. Біреуге ауыр сөз айту, өсек тасу, біреуді жамандау немесе ұрысу, көреалмаушылық деген жаман қасиеттерден бойын мүлдем аулақ ұстайды. Мінезі жұмсақ, әлі күнге әдепті. Әдемі қартаюды өнер десек, әжеміздің осы өнерді мықтап меңгергенін айрықша айтуға болады.

Жасы 106-ға келсе де әжеміз далаға өзі ақырындап кіріп, шығады. Бойын тік ұстап, ширақ қимылдауға тырысады. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» деген сөз дәл Қызтай әжеме арналғандай. Әжемізге көз тимесін, Алла қолдап, аман-есен ортамызда жүре берсін деп тілейміз!

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

журналист-жазушы,
қоғам қайраткері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *