Біле жүріңіз

Шымкентте «фисташка» да өседі

Шымкенттің сауда нүктелерінде сатылатын «фисташка» жемісі жұртқа етене таныс. Осындай жеміс беретін ағашты «пісте ағашы» деп атайды. Білуімізше, пісте ағашының жемістері біз жаққа Ираннан, Түркиядан әкелінеді. Дегенмен ол өз елімізде, өз елімізде болғанда да Түркістан облысында ғана өседі екен. Бәйдібек ауданының Боралдайтау мен Дәубаба тау жоталарында, Түлкібас ауданының Пістелі ауылында кездеседі. Сирек кездесетін, жоғалып кету қаупі бар ағаш. Сондықтан ол қорғауға алынып, «Қызыл кітапқа» енгізілген. Осы және басқа да қызықтар жөнінде біз қаладағы «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерінен естідік.

Қала әкімдігінің Қаулысымен 2018 жылы аталған мекемеге 5218 гектар жер тиесілі болған екен. Сондай-ақ оған 2021 жылы Үкімет Қаулысымен Шымқаланың орман иелігіндегі 752,8 гектар жер беріліпті. Соның ішінде сонау 1969-1974 жылдар аралығында пісте ағашы егілген жерлер бар. Олар «№41, 44, 47, 48 орамдар» деп аталады. Мекеме басшысының орынбасары Ербол Есіркеповтің айтуынша, ол – бұрынғы «Комсомол көлі» деп аталған аумақта, яғни қаладан Ташкент бағытына шығатын жолға таяу тұста.

Аталған мекеменің орманды молайту және пайдалану инженері Әлімжан Арыстановтың берген мәліметінде пісте ағашының 7-10 метрге дейін жететіні айтылған. Ақшыл-сұр түсті ағаштың желегі қалың, шар тәрізді болып қалыптасады. Ол тұқымы арқылы көбейеді. Тамыры топырақты, суды сақтауда маңызды. Жемісі өте калориялы, минералдар мен микроэлементтерге, жасұныққа бай. Денсаулыққа пайдалы, асқазан, бауыр ауруларының алдын алуда шипалы, жүрек бұлшық етін нығайтады, тонусты арттырып, көңіл-күйді көтереді. Зиянды холестеринді азайтады. Басқа да толып жатқан пайдасы бар. Ал майы медицинада, кулинарияда, парфюмерияда қолданылады.

Осы орайда аталған мекеме қызметкерлері пісте ағашы егілген аумақтарға демалуға барғандардан ағашқа зиян тигізбеуді, өртке себеп болатын жайларға жол бермеу керегін ескертеді. Мұндай істе кінәлі болған адамға орман заңнамасы бойнша қылмыстық іс қозғауға болады дейді. Мұны кім де болса есте ұстағаны абзал.

Жалпы, пісте ағашының жемістері тамыз-қыркүйек айларында піседі. Ол туралы айтылатын қызықты жайлар баршылық. Мысалы, оның жемісін тек түнде жинау керек деп те айтылады. Себебі қатты ыстықтан ағаш жапырақтары ортаға эфир майларын бөледі екен, ол адамда бас айналуы, жүрек айнуы, құсу сияқты жайсыздықтар туғызады. Негізі жеміс жинауға таңғы, кешкі салқын уақытты тиімді пайдалана білген жақсы.

Пісте ағашы күнді сүйеді, құрғақшылыққа төзімді, дегенмен суды көп қажет етеді. Сондықтан да тамырлары жан-жаққа кеткен тарам-тарам, екі қабатты болып келеді. Жоғары жағындағылар жауын-шашыннан нәр сіңіруге, төменгілері суды тереңнен тартуға қызмет етеді.

Қолдан егілген пісте ағашы 6-10 жылдан кейін жеміс бере бастайды. Алғашында одан 5 келіге дейін өнім алуға болады. Пісте ағашы ұзақ, үш-төрт ғасырға дейін өмір сүреді. Мысалы, Қырымда 10 ғасыр, Иранда 15 ғасыр бойы өсіп тұрған пісте ағаштары бар екен.

«Фисташканы» дәмдірек ету үшін оны аздап тұз қосып қуырады. Мұндай жеміс ұзақ сақтауға, тасымалға төзімді болады. Оны қуырмай-ақ та азыққа қолдана береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *