Кез-келген даудың соңғы нүктесі сотта қойылады. Демек, азаматтардың құқын қорғауда, ар-намысын сақтауда сот саласының атқарар ролі орасан. Сол себепті де бұл сала заман ағымына ілесіп, ұдайы жаңарып отыруды қажет етеді.
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 қаңтардағы №500 жарлығына сәйкес республика бойынша мамандандырылған әкімшілік соттар, сондай-ақ апелляциялық және кассациялық сатылардағы әкімшілік алқалар құрылып, 2021 жылғы 1 шілдеден Әкімшілік әділет жүйесі өз жұмысын бастаған болатын. Міне, осы жүйенің қалыптасып, жұмыс істеп жатқанына биыл 5 жыл толды.
Осы датаға орай Түркістан облыстық сотында студенттер үшін Ашық есік күні ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – болашақ заңгерлерді заң саласының ерекшеліктерімен таныстырып, тәжірибемен бөлісу болды. Облыстық соттың төрағасы Айдос Сұлтановтың өзі қатысып, сұхбат құрған Ашық есік шарасына Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнің, Түркістан «Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінің және Түркістан «Болашақ» көпсалалы колледжінің студенттері қатысты. Келелі кездесуде Айдос Едігеұлы заң мамандығының ерекшелігіне тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті. Студенттер өздерін қызықтырған және толғандырған сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.
Ашық есік күнінде сондай-ақ облыстық соттың персоналды кадр бөлімінің басшысы Айдос Барлыбай студенттерге сот ғимаратын аралатып, сот жұмысының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Тіпті, студенттер сот залдарына кіріп, процестерге қатысып, олардың қалай өткізілетінін өз көздерімен көрді. Салауатты өмір салтын ұстану мақсатында салынған спорт және жаттығу залдарына кіріп көрді. Ашық есік күні болашақ заңгерлерге айрықша әсер қалдырып, өздерінің мамандық таңдауда жаңылыспағандарын және әділдік іздеген, құқын қорғағысы келген азаматтарға ақиқаттан ауытқымай қызмет көрсету керек екендіктерін сезінді.
Осылайша, ашық есік күні – тек таныстыру іс-шарасы ғана емес, студенттердің болашақ мамандықтарына жақындауына жол ашқан маңызды кездесу болды.
Ш. Мекенбайұлы.
