Түркістан облысының білім ордаларында көптеген басшының орны бос тұр. Мектептер директорсыз, балабақшалар меңгерушісіз қалғандықтан, басшының қызметі оның міндетін атқарушыға жүктелген. Елдің арасына бара қалсаң, «тұрақты басшы болмағандықтан, уақытша отырғандар ештеңеге бастарын ауыртқысы келмейді. Соның салдарынан баланың тәрбиесі мен білімі нашарлап кетті», – деген уәжді естисің. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Мысалы, Келес ауданында Т.Рысқұлов атындағы мектептің директорлық лауазымының бос тұрғанына алдағы желтоқсан айында 4 жыл толады. Ұжымның тыныс-тіршілігіне жауапты нақты бір адамның болмауы – жүгенсіздікке жол береді. Өкінішке қарай, бұл аралықта аталған мектепте айтуға ауыз бармайтын оқыс оқиғалар орын алды. Осы аудандағы «Келес» мектебінің де директорлық креслосы бірнеше жылдан бері бос тұр.
Санамалай берсек, Түркістан облысында басшысыз отырған білім ұяларының саны ондап, бәлкім жүздеп те аталуы мүмкін. Неге? Бұл мектептерге ешкім директор болғысы келмей ме, әлде ниет танытқандар жоғарыдағылардың «елегінен» өте алмай жүр ме? Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталып, алғашқы қоңырау соғылады. Жуырда Оқу-ағарту министрі облыс әкімінің орынбасарларымен, білім басқармаларының басшыларымен өткізген кеңесте осы мәселені қозғады. «Бірқатар өңірлерде кадр резервінің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Мәселен, Алматы, Қарағанды, Абай, Павлодар және Түркістан облыстарында басқарушы кадрларға қажеттілік басым», – деген Ғани Бейсембаев тамыз айының соңына дейін осы олқылықтың орнын толтыруды тапсырды. Бұған басқарма басшылары жауапты екенін ескертуді де ұмытпады.
Әрине, басшы біреу, қалғаны оған тіреу болып жұмыс істеу нәтиже береді. Алайда, бұл мақсат тағы орындалмай қалатын секілді. Өйткені, жаңа оқу жылының жақындап қалғанына қарамастан, басшылардың бос орындарына директор тағайындау ісі баяу жүруде. Осы тұста тағы да тұрақты басшының жоқтығы алдымыздан шығады. Түркістан облысының білім басқармасының өзінде бірнеше жылдан бері әлі де нақты тағайындалған басшы жоқ. Қолында толықтай билігі жоқ міндетін атқарушылар ғана кезектесіп тізгін ауыстырып отыр.
Жуырда редакцияға хабарласқан Нұрбақыт есімді азамат 23 шілде күні Түркістан облысы білім басқармасының аудандық, қалалық білім беру ұйымдары басшыларының бос лауазымына үміткерлермен әңгімелесу кезеңіне конкурс жариялағанын айтты. «Біз осы жолы мектебімізге басшы келетін шығар деп үміттеніп, Түркістанға мойын созып қараймыз. Үміткер бар, бірақ жоғары жақтан нақты хабар жоқ», – деген ол басшының ұзақ уақыттан бері тағайындалмауынан білім саласында былықтың көбейіп, берекенің қашқанын жасырмады.
Түркістан облыстық білім басқармасындағы басшылардың бұл жағдайға байланысты пікірлері қандай? Басқарманың кадр жөніндегі бас инспекторы Әлжан Сапарбеков былай деді: «Біз министрдің 57 бұйрығын басшылыққа алып жұмыс істейміз. 23 шілдеде жарияланған конкурсқа байланысты барлығы 62 мектеп пен балабақша басшылығына үміткер ретінде 13 адам құжат тапсырды. Олар 2 тесттен өту керек. Тест айына бір рет қана өтеді. Түрлі жағдайлармен үміткерлер тесттен өтпей қалуда. Рас, облысымызда 4 жылдан бері басшысыз отырған Сарыағашта 2, Жетісайда 1, Келесте 1 мектеп бар. Сарыағаштағы шағын жинақы мектептерде оқушы саны 50-ге жетпейтіндіктен, онда директор емес меңгеруші болады. Ал оның жалақысы мардымсыз болғандықтан, қызығушылық та төмен. Жетісайда да осы жағдай. Келестегі мектепті зерттеп көру керек».
Негізі осындай шалғайдағы оқушы саны аз мектептерге басшы тағайындауда заңға бір өзгеріс керек. Жауапкершілікті міндетіне алатын үміткерлер болмаса, қайта-қайта конкурс жариялағаннан не пайда? Сондықтан директорды ұжымның өзі таңдап, тағайындау бұйрығын шығаруды аудандық білім бөлімінің құзырына өткізу керек секілді. Осылай, шағын мектептердің басшысын тағайындауды оңайлату тәсілін енгізбей, күрмеудің түйіні тарқатылуы қиын. Ал, көптеген орта мектептерде неліктен ұзақ уақыттан бері басшы бұйырмай келе жатқаны арнайы зерттеуді талап ететін тақырып. Сол себепті мұны алдағы күндердің еншісіне қалдыралық.
Балқы БАЗАР.
