Uncategorized

Шәуілдірге газ келгенге қуанып едік…

Мен Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында тұрамын. Өткен жылы ауылымызға газ келіп, бәрімізді қуантып тастады. От жағып, күл шығарудан құтылдық. Алайда, қуанышпен бірге уайым да жанымызға серік болды.

Неге дейсіз ғой? Бүгінде ауылымызда газ төлемі үшін келген түбіртекті қолына алып, таңқалып жүргендер көп. Солардың бірі менмін. Ай сайын әртүрлі сома көрсетілген қағаз келеді. Тіпті бір айда 120 мың теңгеге газ жаққанымыз жөнінде түбіртек келіпті. Кімнен сұрап, кімге шағым айтарымызды да білмей отырмыз. Газдың бастықтары Темірлан ауылында отырады, ауылда бақылаушы ғана жүреді екен. Олардың да үйді-үйді аралап, есептегішті суретке түсіріп, көрсеткішті жазып алып жатқанын байқамадық. Сонда газдың ақшасы қалай есептеліп жатыр?  

Ауылымызға көгілдір отын келгелі 4-5 айдың жүзі болды. Оған дейін біз газ тұтынып көргеніміз жоқ. Газ беруші мекеменің қызметкерлері үйлерді аралап, газдың қалай есептеліп жатқаны жайында түсінік жұмыстарын жүргізсе дұрыс болар еді. Әрине, әр үйдің әртүрлі көлемде газ тұтынатыны түсінікті, дегенмен, айырмашылықтың тым алшақ екені түрлі ойларға жетелеуде. Газ жағу тым қымбатқа түсетінін білмеппіз. Күдікті сома келгендіктен, төлемін кешіктіріп жүрген тұрғындар көп. Алайда, оны төлемей отыра берсек те қарыздың қордаланып қалуынан уайымдап жүрміз. Осылай екіұдай болып жүргенде газды қиып кетер болса қыс ауасында қиналып қаламыз ба деген де ой мазалайды. Әр үйде кішкентай, мектеп жасындағы балалар бар.

Ауыл тұрғындары әрі-сәрі күй кешпес үшін газ мекемесінің мамандары тұтынылған газ көлемін дұрыс есептеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын ескертудің де маңызы зор. Бұл табиғи газды алғаш рет пайдаланып отырған біз секілді тұтынушыларға өте қажет дүние.

Хасен Тұрлыбеков,

Отырар ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *